Ахметовтің фантазиясы
Халықтың Алакөлге ағылған сәтін пайдаланып, ішкі туризмді дамытқысы келген әкім Даниал Ахметов "мега жоба" ұсынған болатын. Шенеунік 2017 жылдың 29 қарашасында елордаға келіп, ел алдында есеп берген еді.
Сол кезде Ахметов қолындағы кітапшасын көрсетіп тұрып: "Екі жыл бұрын кім Алакөлде болды? Осы өзгерісті неге көрмейсіздер?! Мынау сол жағы, оң жағы (жағалаудың – авт.) одан да артық болады. Сонда біз Түркияға бәсекелес боламыз", – деген еді.
Өңір басшысының бұл сөзі, нақтырақ айтсақ уәдесі таспаға түсті, дәлел бар.
Сол уақытта, нақтырақ айтсақ 2016 жылдан бері көл жағасын жөндеп, халықаралық деңгейге шығарып, Түркиямен бәсекеге түсу үшін 6,2 миллиард теңге бөлінген. Биыл осы сомаға тағы бюджеттен 3,9 млрд теңге қосымша қарастырылған. Сөзіміз дәлелді болсын, бірер жыл бұрын Ахметов "Даму" қоры арқылы кәсіпкерлерге жеңілдетілген несие береміз, осы арқылы демалыс орындары дамиды деп сендірген.
Кәсіпкерлердің көз жасы
5 шілде 2022 жыл. Түнгі сағат 23.20. Алакөл жағасындағы демалыс үйінен өрт шығады. Тілсіз жау жылдам тарап, таңғы беске дейін, 4 демалыс орны өртеніп кетті.
Жоғарда аталған миллиардтаған сома бөлінгенімен, қарапайым өрт сөндіру қызметіне көңіл бөлінбегені анықталды. Себебі Қабанбай ауылында (Алакөл жағасындағы елді мекен – авт.) тек бір өрт сөндіру техникасы болған. Оның өзі жөнді жұмыс істемейді. Ауданнан мамандар жеткенше, халық шелекпен лаулаған өртке су сеуіп амалдаған.
Әрқайсысы 300 шаршы метр болатын, 11 корпустан тұратын демалыс үйінің иесі Санжар Нұрахметпен сөйлестік. Кәсіпкер көл жағасындағы бизнеспен қайта айналысуым екіталай деп ашығын айтты.
"600 миллион теңгеден, 1 миллиард теңгеге дейін шығын шығуы мүмкін. Ал базаны қалпына келтіру үшін 1 миллиардтай ақша қажет. Себебі инфляция деңгейіне байланысты осындай сома болады. Осыған дейін қонақүйді жақсартуға деп алған кредитті қоссақ, қарыз миллиардтан асып кетті", – деп күйінеді кәсіпкер.
Жылдар бойы құйған қыруар қаржысы, бір-ақ күнде көкке күл боп ұшқан кәсіп иелері енді шағымын кімге айтарын білмейді. Шығын белгілі болғанымен, оның өтеуі жоқ. Өйткені қонақүйлер сақтандырылмаған. Бизнесмендердің кінәсі дерсіз. Бірақ бұл ғимараттар салынған кездегі құрылыс материалдарының сапасы, сақтандыруға келмейтіні белгілі болып отыр. Зардап шегушілердің арыз-шағымын тыңдап отырып, облыс әкімі уәде еткен жеңілдетілген несие қайда деген заңды сұрақ туындайды. Халықаралық талаптар деген ұранның бос сөз екеніне көз жеткізгендей болдық. Жергілікті бизнес иелерінің өтініші жылдар бойы қанағаттандырылмай келе жатыр.
"Біз үш жылдан астам уақыт, талапқа сай инфрақұрылымды дамытуды сұрап келеміз. Туристердің қауіпсіздігіне жүрдім-бардым қарайтынын анық байқаған боларсыздар. Қауіпсіздік ережелері атымен жоқ. Өрт қаупі – бір ғана проблема емес. Қоқыс шығару, байланыс, тоққа байланысты мәселе жетеді", – дейді туристік кәсіптің өкілі Муринам Қасымова.
Арық сөйлеп, семіз шық
Өрт сөндірушілер неге уақытында бармаған? Кәсіпкерлерден, шенеуніктер салық жинағанда жанын салады, ал жағдай жасауға келгенде неге қалыс қалады? Үржар ауданы әкімінің орынбасары Дидар Хамитовті көл жағасында жүрген жерінен жолықтырдық. Әкімдік өкілі "мен шыншыл адаммын, өртке қарсы қызметті жетілдірейік деп жылда өтініш жазамыз" деп ақталды. Сұрауларының қанағаттанбай келе жатқанына көндіккен бе, жоқ әлде Даниал Ахметовтің қаһарынан қорыққан ба, әйтеуір жергілікті шенеуніктер батыл әрі ашық мәселе көтеруге бара алмаған.
Жалпы Алакөлдің жағасы жыл сайын өсіп барады. "Жаңбырдан кейінгі саңырауқұлаққа ұқсап" қонақүйлер бірінің үстіне бірі салынып жатыр. Бас жоспар деген атымен жоқ. Ғимараттар ығы-жығы. Бұған қалай жол берілген дегенге Үржар аудандық өрт сөндіру қызметінің басшысы Бектіғазы Саянов:
"Күрделі мәселелер Алакөл жағасында көп. Біз қаншама рет мәселе қозғап, жоғары жаққа жолдадық. Жауабын табады деп келдік осы күнге дейін", – деп қысқа қайырды.
Бұл жерде жауапкершілік жерді оңды-солды беретін шенеуніктерде және қауіпсіздік дегенді ұмытып, қаражат табуға барын салатын кәсіпкерлерге артылуға тиіс.
Уа, құдайым сана бер..
Қысқасы, бизнесі жанып кеткен кәсіпкерлер банкрот болғанын айтады. Арнайы комиссия құрылған. Алайда олардың шығын өтеледі деп шешім шығармайтыны анық. Даниал Ахметовтің арманындағы Алакөл – Антальяға айналмады, айналмайтын да сияқты.
Бірақ 2014 жылдан бері шығысты басқарып отырған "зейнеткер" әкім мойымайды. Жалақысы екі миллион теңге болатын атқамінер, жаңа жоспар құрыпты. Тағы не ойлап тапты? Өзі айтсын.
"Біз ішкі туризмді дамытуға ерекше көңіл бөліп жатырмыз. Жыл басынан бері 5,4 млрд теңге инвестиция тартылды. Қатонқарағайда осы соманың 1,5 млрд теңгесіне "Мұзтау" деген эко-отель салдық. Бұқтырма жағасында 36 жобаға, оның ішінде 12 демалыс орнын салуға 12 миллиард теңге қарастырылған. Алакөлге 17 миллиард теңге құйдық. Енді Бұқтырманың жағасын дамытамыз", – дейді Ахметов.
33 жыл мемлекеттік қызметте жүрген әкімнің сөзі осы. Біз әр жылдары құйылған қаражатты санап отырсақ, Алакөлге жұмсалған жалпы соманың 17 миллиард теңге екенін өзі айтты. Енді ол, бір жағалауды жарытпай жатып, жаңасына көшпек. Ең қызығы, шенеунік болашақта Бұқтырманың жағалауын дамытып, республика бойынша ең үздік деңгейге жеткізуді жоспарлап қойыпты.
Қорыта айтқанда, ішкі туризм "жанашырының" сөзі мен ісіне қарап отырып, "Құдай бала бер, бала берсең сана бер, сана бермесең ала бер", деген сөз еске түседі.
Айта кетейік, президент жаңа облыстар құрылып, Шығыс Қазақстан екіге бөлінгенде, Ахметовтің тәжірибесін ескере отырып, тағы бір жылға қызметінде қалдырды. Ақ жағалы жаңа "мега" жобасын орындап үлгере ме, жоқ па? Уақыт көрсетеді.
Айбек Қосан