Алаяқтар астаналық емханалардың қалтасын қағуда

Бақыт Көмекбайұлы Бақыт Көмекбайұлы
3276

Санитарлық кітапшаларды сатуға дәніккен дәрігерлердің "көлеңкелі" әрі зиянды бизнесіне мемлекет тосқауыл қоймақ.

Алаяқтар астаналық емханалардың қалтасын қағуда

Осы бағытта алаңдаушылық білдірген депутаттарға жауап хатында үкімет басшысының орынбасары Ерболат Досаев жаңа қадам, тың бастама қолға алынатынын мәлімдеді.

"Қазіргі уақытта "Жеке медициналық кітапшалардың бірыңғай тіркелім-регистрі" ақпараттық бағдарламасын әзірлеу бойынша мәселелер пысықталуда. Өйткені соңғы жылдары орын алған азаматтардың улануына қатысты оқиғалар персоналдың өнімдерге және құрал-жабдықтарға инфекциялық аурулардың қоздырғыштарын жұқтыруымен байланысты болды. Бұл ретте ол жұмысшылардың жеке медициналық кітапшасы жоқтығы немесе медициналық тексерістерден шын мәнінде өтпегені әшкереленген", – дейді вице-премьер.

Оның байламынша, "Жеке медициналық кітапшалардың бірыңғай тіркелім-регистрі" атты бүкілқазақстандық жүйені енгізу "медициналық тексерістердің тиімділігін арттыруға, сондай-ақ жалған медициналық кітапшаларды айналымнан шығаруға мүмкіндік береді".

"Қазақстан үкіметі азық-түлік өнімдерін сату кезінде және онымен байланысты қоғамдық тамақтану саласындағы қызметтерді көрсетуде қауіпсіздікті қамтамасыз ету бойынша жүйелі негізде кешенді шаралар қабылдайтын болады", – деп уәде етеді Ерболат Досаев.

Дегенмен, клиенттердің жаппай улануы орын алмаса, немесе тұтынушылардан шағым түспесе, шағын және орта бизнесті құзырлы құрылымдар, санэпидстанса тексере алмайтыны мәлім.

Сондықтан бүгінде мемлекет бизнеске өзінің әлеуметтік жауапкершілігін көтеріп, "өзіндік бақылау қағидаттарын" ендіруді ұсынуда. Бұл қадам бизнес қауымдастықтың қолдауына да ие болыпты.

Оған сәйкес, енді кәсіпкерлер санитарлық-эпидемиологиялық қызметтің аккредиттелген зертханаларына жүгіне отырып, өз объектісінде "өндірістік бақылау" жүргізу мүмкіндігін иеленді. Бұл персонал тарапынан заң бұзушылықтар мен өзге де жөнсіздіктердің туындауы қаупін кемітеді. Себебі, егер жұмысшыларының жауапсыздығы салдарынан тұтынушылар уланып жатса, немесе ең құрығанда, көктеп, бұзылып кеткен тамақтар сатылып кетсе, ол жерге клиенттер бұдан былай аяқ баспасы анық. Салдарынан, кәсіпкердің саудасы құлдырайды, шектен тыс жағдайда құзырлы органдар санкциясымен бизнесі де жабылып қалуы ықтимал.

Яғни, мұндай теріс жағдайлардың болмауына бірінші кезекте, кәсіпкердің өзі мүдделі.

Нәтижесінде, өз асхана, дәмхана, мейрамханасында, дүкен-супермаркетінде және басқа да бизнесінде санитарлық-індет қызметкерлерінің қатысуымен ерікті тексерістер ұйымдастыру арқылы кәсіпкер кемшіліктерді анықтап, оларды жою бойынша ұсыным-рекомендация алады.

Бұл ретте жаңа заңнама бойынша әшкереленген бұзушылықтар үшін бұрынғыдай бірден айыппұл салынбайтыны, тек жою бойынша ескерту жасалатыны хабарланды.

Содай-ақ өз кәсіпорнындағы санитарлық нормалар мен ережелердің тұрақты түрде сақталуын қамтамасыз ету үшін бұдан былай кәсіпкерлер өз штатына санитарлық дәрігерлерді жұмысқа алулары керек. Әйтпесе, 2014 жылы енгізілген шектеу бойынша СЭС мамандары 50 орындықтан аз шағын және орта бизнесті өз бетінше тексере алмайды.

Айта кету керек, биылғы жылдың наурызында Шымкентте екі жүзге тарта тұрғынның құрамында стафилококк, сальмонелла және ішек таяқшасы болған балмұздақтан жаппай улануы оқиғасы тіпті шетелдік ақпарат құралдары арқылы таралып, әлемдік деңгейдегі оқыс жаңалықтар қатарына кіргені мәлім. Әрине, дамыған елдер қатарына ұмтылған Қазақстанның мұндай "жабайы" көріністермен аты шықпағаны абзал.

Эпидемиолог дәрігерлер еліміздің әр өңірінде тіркеле бастаған жаппай улану оқиғалары қоғамдық тамақтану ұйымдарында, балабақшаларда, базарларда және басқа да орындарда санитарлық нормаларды бұзушылық белең алғанын куәландырады дейді. Ауыл-аймақта санитарлық жалған кітапшалардың сатылуымен күрес бұрыннан жүруде. Бірақ бұл кесапатты мемлекет түп-тамырымен жұлып тастай алмай отыр.

Кесірінен, тұтынушылар қорғансыз қалуда. Сатып алған өнімге Salmonella, S. Enteritidis және Staphylococcus қоса берілмесіне ешкім де кепілдік бермейді.

Сыбайлас жемқорлықпен күрес агенттігінің мәліметінше, жалған медкітапшалар мен анықтамалар бағасы Астанада орта есеппен 5-7 мың теңге аралығын құрайды.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросының Астана қаласы бойынша департамент басшысы Шыңғыс Қабдула осындай жалған құжаттарды үйде әзірлеумен айналысқан қылмыстық топты да әшкерелегендерін айтады.

"Ол жерде тінту жүргізу барысында департамент қызметкерлері №086 формасындағы 200-ден астам медициналық анықтамалар бланктерін, шамамен 190 санитарлық кітапшаларды, медициналық мекемелер мен дәрігерлердің 80-нен аса мөрін, медициналық талдаулар нәтижелерін, флюорографилық түсірілімдерді, диагноз жазбаларын және басқа да заттарды анықтады және тәркіледі", – дейді Шыңғыс Қабдула.

Ол азаматтардың медициналық тексерістерден өтпей, осындай құжаттарды сатып алуы солардың өзінің және бүкіл халықтың денсаулығы мен өмірін қатерге тігеді.

Жалпы, өткен 2017 жылы Астананың тиісті лицензиясы бар 11 емханасы осындай 29 099 меданықтама берген. Яғни, орташа есеппен, күніне 79 құжаттан келеді. Бұл қызмет ақылы болып табылатыны мәлім. Ендеше департамент басшысының орынбасары Жазира Жалқышеваның айтуынша, әлгі әшкере болған жалғыз оқиға бойынша ғана жалған медкітапшалар мен анықтамаларды жасаушылар елордалық емханаларды шамамен 25,5 миллион теңге табыстан айырған болып шығады.

Бақыт Көмекбайұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу