Алаяқтар коронавируске қарсы препараттарды қолдан жасап жатыр

3652

Құзырлы органдар түйткілді шешудің тетіктерін шұғыл іздестіруде. 

Алаяқтар коронавируске қарсы препараттарды қолдан жасап жатыр

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының статистикалық мәліметінше, Қазақстанда дәрілік құралдардың жалпы ауқымындағы контрафакт және фальсификаттың үлесі 20%-ға дейін жетеді екен. Бұл деректер адам баласын шошытады, дегенмен Еуропалық аймақтың көрсеткіші де осыған ұқсас көрінеді. Жағдайы бұдан нашар елдер жетерлік. Интерполдың дерегінше, әлемде жалған дәрі-дәрмектер 100 мыңнан 1 миллионға дейінгі адамның өліміне себепші болады, деп жазады Inbusiness.kz.

Жалған дәрі жасаушылардың табысы – ондаған миллиард

KHIDI CIS5 сарапшылық агенттігінің дерегінше, Қазақстанда дәрілердің заңсыз айналымы нарықтың жалпы көлемінің 10–12%-ын құрайды. 2020 жылы отандық дәрі-дәрмек нарығының жалпы ауқымы 480 млрд теңгеден асты. Ал заңсыз дәрілер көлемі 52,8 млрд теңгеге дейін барады деп бағалануда.

Рас, халықаралық және сарапшылық ұйымдардың бұл статистикасы дүниежүзі бойынша 2017 жылы жиналған статистиканы талдау нәтижесінде алыныпты. Одан кейін пандемия болды және жалған дәрі-дәрмектер нарығы жаңа серпінмен қанат жайды.

Оның үстіне бұлардың бәрі сарапшылардың бағалауы ғана. Ал ресми статистика көрсеткіштері әлдеқайда "көркем". Денсаулық сақтау министрлігінің Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетінің ресми статистикасы бойынша Қазақстанда 2012 жылы небәрі 4 аталымдағы фальсификат және оны сатудың 90-нан астам фактісі анықталған.

2015–2018 жылдар аралығында елімізде тіркелмеген дәрі-дәрмектің айналымға жіберілеуінің 61 фактісі әшкереленді: 2016 жылы – 16, 2017 жылы – 27, 2018 жылы – 18. Бертінде бұл сан 141-ге дейін артты. Мысалы, бұрындары шетелден оралған қазақстандықтар сол жақта сатып алған дәрілерін отандық дәріханалардағы таныстарына апарып, өткізіп беруді сұрайтын. Одан провизор да өз үлесін алады, пайда табады. Тексерушілер келгенде сондай дәрілер сөреде тұрса, бұл бұзушылық ретінде тіркеледі. Әрине, ол дәрі жалған болмауы мүмкін, бірақ оның ішінде қазақ және орыс тілдеріндегі нұсқаулығы болмаса, ондай препаратты сатуға рұқсат етілмейді.

ДСМ мұндай дәріханаларды қатаң жазалауға кірісті. Бір жыл ішінде 183 әкімшілік іс қозғалып, 34,6 млн теңге айыппұл салынған. Нәтижесінде, қазір дәріханалар тіпті өздері сатқан дәрілерін кері қабылдамауға тырысады.

Фальсификацияланған дәрілерге қатысты статистика тіптен "сараң". Бас прокуратураның Құқықтық статистика комитетінің мәліметінше, 2016 жылы Қылмыстық кодекстің тиісті 323-бабы бойынша 2, 2017 жылы небары 1 қылмыс анықталды. 2018 жылы дәрілерді қолдан жасауға қатысты 287 әкімшілік іс қозғалған (2017 жылғыдан 56% артты), 52 млн 578 мың теңге айыппұл салынды (2017 жылдан 51%-ға жоғары).

Мыңдаған жалған ковидтік дәрі табылды

Дегенмен, ресми статистиканың өзі бұл саладағы қылмыстардың өскенінен хабар береді. 2018–2020 жылдар аралығында 1 421 бұзушылық тіркеліп, олар бойынша 1 443 әкімшілік іс қозғалды. Ақырында 260,8 млн теңге айыппұл салынды.

Денсаулық сақтау министрлігі жалған дәрі көлемі артқанын жасырмады.

"Экономикалық тергеулер қызметі, полиция, Қаржы министрлігінің Мемкірістер комитеті, ДСМ комитеті жүргізген рейдтер қорытындысында 2020 жылы Алматы қаласында коронавирус инфекциясын емдеуде қолданылатын "Цефамед", "Цераксон", "Цефтазидин", "Физиотенс" дәрілерін қолдан жасайтын цех табылды. Онда 60 мың бірлік жалған препарат тәркіленді. Қаржылық мониторинг агенттігінің Алматы қаласы бойынша экономикалық тергеулер департаментінің тергеуі аясында ғана осы қалада 100 мың бірліктен асатын фальсификацияланған дәрілік құралдар әшкереленді. Олардың жалпы сомасы 252 млн теңгеден асады", – делінген ДСМ талдауында.

Ведомство дәріханалардың жасанды тапшылық туғызатынын, әсіресе ковидтік дәрілерді шектен тыс қымбатқа сататынын хабарлады. 2020 жыл қорытындысында елімізде 650 дәріхананың дәріні тым жоғары бағамен саудалау фактісі анықталды.

"Цефтриаксон, Азитромицин, Парацетамол секілді пандемиямен күресте аса қажет дәрілердің дефицитін жасанды түрде жасау фактісі орын алуда. Елордалық дәріханалардың бірі оларды еш сертификатсыз, фискалдық чексіз, қосалқы бөлмеден қымбатқа сатып келген. Ол дәріханадан жалпы сомасы 1,7 млн теңге тұратын 2 811 қорап препарат тәркіленді", – деп мәлім етті меморган.

Ал Батыс Қазақстан облысында, Ресеймен шекарада тиісті құжаттары жоқ әртүрлі дәрі-дәрмектің 5 342 қорабын және 3 160 ампуласын елге заңсыз әкелудің жолы кесіліпті.

Жалпы алғанда, тексерулер қорытындысында бір жыл ішінде 694 тұлға әкімшілік жазаға тартылды. Заңсыз айналымнан 400 мыңнан астам қорап медпрепарат, сондай-ақ 770 млн теңгелік медбұйым тәркіленді.

Биылғы жылы, тамыздағы жағдай бойынша елімізде сатуға рұқсат етілмеген дәрілер мен медбұйымдарды сатудың 12 фактісі әшкереленді. Нәтижесінде 12 әкімшілік хаттама толтырылып, 8 млн 154,4 мың теңге айыппұл салынған.

Мысалы, Алматы қаласы бойынша экономикалық тергеулер департаменті бір топ адамның ұзақ уақыт бойы (он ай) бөгде тауарлық белгіні пайдаланып, сату мақсатында жалған дәрілік құралдар жасап келгенін әшкереледі. Бұл ретте ол дәрілер медициналық қолдануға жарамсыз болып шыққан. Тек тексерушілер сау ете қалғанда олардың қоймасынан 69 773 бірлік жалған дәрі, қолдану мерзімі өтіп кеткен 49 241 препарат табылыпты. Бұған қоса, жаңаларын жасауға арналған 15 800 құты және жапсырма тәркіленген. Цехтарында олар мерзімі бітіп, жарамсыз болып қалған дәрілерді қайта қораптап, жаңа пайдалану мерзімін белгілеп, қайта сататын болған. Бұл жайт елімізде қолданыс мерзімі өткен дәрілерді осындай қарау ниетті топтарға өткізетін дәріханалардың болуы мүмкін екенін көрсетіп отыр.

Қолданыстағы тетіктің дәрменсіздігін мойындады

ДСМ дерегінше, жүргізілген талдау елде тіркелмеген дәрілік құралдардың айналымы артқанын, дәріханалардың біразы препараттардың шекті бағасын сақтамайтынын, әшкереленген фальсификат пен контрафакт фактілерінің артқанын паш етеді. Сондай-ақ жарамдылық мерзімі аяқталған дәрілерді сақтау талаптары бұзылады, олар адам денсаулығы мен өміріне қауіп төндіретініне қарамастан, қайта айналымға жіберіледі.

Министрлік дәрілік құралдар мен медициналық бұйымдардың айналымы саласындағы қазіргі мемлекеттік бақылаудың кемшілігін атады: оның қолданыстағы тетігі пайдалануға рұқсат етілмеген дәрілерді сату фактісін тек халықтан, заңды тұлғалардан түскен шағымдар бойынша немесе прокуратура мен құзырлы органдардың тексерулері нәтижесінде ғана әшкерелеуге мүмкіндік береді.

Алда оның орнын жаңа тетік баспақ.

Атап айтқанда, бүкіл Қазақстан аумағы бойынша сатылатын әрбір дәрілік құрал қорабын міндетті цифрлық таңбалау жүргізіледі. Ол бірнеше міндетті шешуге тиіс. Біріншіден, тұтынушылардың өмірін, денсаулығы мен құқығын қорғауы қажет. Екіншіден, Қазақстан аумағындағы тауарлардың заңды айналымын қамтамасыз етпек.

Үшіншіден, тіркелмеген дәрілердің айналымын азайтуы шарт. Төртіншіден, құзырлы органдарға фальсификат пен контрафактты, жарамдылық мерзімі өткен дәрі-дәрмекті табуға көмектеседі.

Бесіншіден, жиналатын салықтар мен кедендік алымдардың көлемін 2025 жылға дейін 2,1–5,1 миллиард теңгеге арттырады деп күтілуде.

Жанат Ардақ


Atameken Business Telegram каналына жазылып, маңызды ақпараттардан бірінші болып құлағдар болыңыз ! 

 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу