Алдағы уақытта ет бағасы күрт қымбаттауы мүмкін – сарапшы

3466

«Атамекен» ҰКП АӨК және тамақ өнеркәсібі департаментінің сарапшысы Қуандық Чункунов қуаңшылық салдарынан зардап шеккен шаруаларға уақытында көмек көрсетілмесе, елімізде алдағы уақытта ет бағасы бірден қымбаттап кетуі мүмкін екенін айтты, деп хабарлайды іnbusiness.kz тілшісі. 

Алдағы уақытта ет бағасы күрт қымбаттауы мүмкін – сарапшы

Қуандық Чункунов табиғаттың тосын мінезі салдарынан шөп 2 есе қымбаттағанын жеткізді. Ал «Қазгидромет» шілдеде де өңірлерде қуаңшылық жалғасады деп болжам жасап отыр.

«Біздің дерекке сәйкес, құрғақшылықтан зардап шеккен Маңғыстау, Қызылорда және Алматы, Жамбыл, Түркістан облыстарында шөп бағасы 2 есе өскен. Мысалы, өткен жылы 1 тең (тюк, 1 тең шөп – 18 келі) – 600-800 теңге болса, қазір оның бағасы – 1000-1500 теңге», - деді сарапшы.

Оның айтуынша, бүгінде Алматы облысында 1 тең шөп – 1300-1600 теңге. Өткен жылмен салыстырғанда баға 40-50%-ға көтерілген.

«Маңғыстау облысында 1 тең (тюк) шөп – 1200-1300 теңге. Түркістан облысында өткен жылы 1 тең (тюк) шөп – 400-500 теңге болса, қазір ол – 1200-1600 теңге. Өңірде шөп 3 есе қымбаттаған. Ал Атырау облысында 1 орам шөп (рулон, 1 орамы – 250 келі) – 10 мың теңге. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 43%-ға қымбат», - деді Қуандық Чункунов.

Ол шаруалар малын қыстан аман сақтап қалу үшін оны арзанға сатып жатқанын айтады.

«Өңірлердегі жағдайды үнемі бақылауда ұстап отырмыз. Біздің дерегімізше, Маңғыстау облысында 1 қой 40-45 мың теңге тұрады. Өткен жылы осы кезеңде ол 50-60 мың теңге болған. Яғни баға 25%-ға төмендеген. Ал жылқы – 250-350 теңге. Өткен жылы ол 300-380 мың теңге еді: баға 17%-ға төмендеген. Бүгінде Түркістан облысында ірі қара мал – 100-130 мың теңге болса, 2020 жылы оның бағасы – 300-350 мың теңге. Мұнда мал шамамен 3 есе арзандаған.

Қызылорда облысында ірі қара мал – 135-140 мың теңге, өткен жылы 260-270 мың теңге болған. Бұл шаруалар қысқа жемшөп дайындау үшін малын арзанға сатуға мәжбүр болғанын көрсетеді. Былтыр ірі қара малдың орташа салмағы 140 келі болса, биыл оның салмағы 100 келі болып отыр. Өткен жылы орта есеппен жылқы 180 келі тартса, қазір оның салмағы – бар-жоғы 140 келі. Куаңшылық салдарынан мал арықтаған. Сондықтан оның бағасы төмендеп жатыр», – деді сарапшы.

Ол шаруаларға уақытында көмек көрсетілмесе, ет алдағы жылы 40-70%-ға көтерілуі ықтимал деген пікірде.

«Мал бағасының төмендеуі ұзаққа созылмайды. Менің ойымша, баға шегіне жеткен соң, алдағы жылы ет бағасы бірден өсуі ықтимал. Мысалы, қазір қой-сиыр етінің 1 келісі – шамамен 1500-2600 теңге (орта есеппен) болса, 2022 жылғы қыс-көктем мезгілінде 1 келі еттің бағасы 3000-3500 теңгеге жетуі мүмкін. Яғни баға 40-70%-ға өседі деген болжам бар», - деді Қуандық Чункунов.

«Үкімет қарапайым шаруаларға көмектесуі керек»

Оның айтуынша, бүгінде Қазақстанда 9,6 млн бас ірі қара мал, 27,2 млн бас қой мен ешкі бар. Малдың 54%-ы жеке қосалқы шаруашылықтар үлесінде.

«Бұл күнін малмен көріп отырған ауылдағы қарапайым тұрғындар немесе шаруалар деуге болады. Менің ойымша, бірінші кезекте Үкімет қарапайым шаруаларға көмектесуі керек»,– деді сарапшы.

Қуандық Чункунов елімізде ет күрт қымбаттамауы үшін Үкімет батыл шешім қабылдау керегін айтады.

«Біріншіден, асыл тұқымды мал шаруашылығын дамытуды, мал шаруашылығының өнімділігін және өнім сапасын арттыруды субсидиялау. Яғни қуаңшылықтан зардап шеккен өңірлерге малдың қысқы азығын дайындау кезінде жемшөпті субсидиялауға тікелей қаржы бөлу керек. Екіншіден, «Азық-түлік келісімшарт корпорациясы» АҚ-ға жемшөп қорын қалыптастыру үшін қаржыландыру тетігін қарастыру қажет. Бұл жемшөпті өңірлерге белгіленген бағамен жеткізуге мүмкіндік береді. Үшіншіден, ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерді жемшөп дайындаған кезде арзан жанар-жағармаймен қамтамасыз ету. Бұл шаруалардың жұмысына септігін тигізер еді.

Төртіншіден, қуаңшылық болмаған өңірлердегі шөпті орып, Маңғыстауға немесе басқа өңірлерге жеткізу керек деп ойлаймын.Бұл шөпті қуаңшылықтан зардап шеккен облыстарға жіберген кезде төмендетілген тарифті қарастыру керек»,–  деп түйіндеді сөзін сарапшы.

Дәурен Ерболат


Atameken Business Telegram каналына жазылып, маңызды ақпараттардан бірінші болып құлағдар болыңыз ! 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу