Осыдан кейін көп елдер өзінің алтын қорын көбейтуді мақсат етіп, бағалы металдың саудасын қыздырып әлек. Бұл көштен Қазақстан да қалмай отырғаны аңғарылады.
Негізі алтын құны биылдыққа шарықтаумен келеді. Өткен қыркүйектің соңында ғана оның бір унциясы шамамен 3 864 доллардан саудаланды. Айналдырған екі аптаның ішінде 200 долларға қымбаттаған еді. Қазанның басында да бұл "шатдаун" тоқтамады, алтынның бағасы жаңа рекорд тіркеп, 3850-3950 доллар межесіне жетті. Металдың шамадан тыс қымбаттап жатқанына дау жоқ, мемлекеттер шектен тыс сатып алу жағдайына түсті. Ендігі жұрт күтіп отырған қадам – нарықтың кері бұрылуы. Яғни, бағалы металл қайтадан құнын жоғалта ма деген дәме бар.
Алайда оған сену қиын. Мысалы, жуырда Goldman Sachs алтынның бір унциясы 2026 жылғы желтоқсанда 4900 доллар болады деп болжады. Халықаралық банк осы аптаның басында алтын бағасына қатысты болжамын 4300 доллардан бірден 4900 долларға дейін көтерді. Қаржы мекемесі болжам жасаған уақытта батыстың инвестициялық қорлары мен түрлі елдердің бас банктері алтынды көптеп сатып алып жатқаны байқалған. Goldman мәліметінше, әлем елдерінің орталық банктері биыл орташа есеппен 80 тонна, ал 2026 жылы 70 тонна алтын сатып алады.
Алтын сатып алу көшінен Қазақстан да қалмай отырғанын айттық. Шілдеде World Gold Council ұйымы, яғни Дүниежүзілік алтын кеңесі Қазақстанның алтын қоры 7,4 тоннаға артқанын мәлімдеді. Осылайша еліміздің резервіндегі алтынның жалпы көлемі 298 тоннадан асқан еді. Дүниежүзілік алтын кеңесі әлемдік рейтингте Халықаралық валюта қоры мен Еуропа орталық банкін есепке алмағанда, Қазақстанның 18-орында тұрғанын жазды. Еліміз Ұлыбритания мен Ливанның ортасына жайғасқан екен. Ал үздік бестік өзгеріссіз қалды: АҚШ, Германия, Италия, Франция және Ресей. Бірінші орында тұрған АҚШ-тың алтын қоры биыл 8,13 мың тоннадан асып үлгерді.
Бірақ еліміз сатып алу процесін одан кейін де арттырды. Тамызда әлемдік орталық банктердің алтын қоры 15 тоннаға артқан екен. Соның ішінде ең ірі сатып алушы Қазақстан болды. Ұлттық банк өз қорына тағы 8 тонна алтын қосқан. Бұдан бөлек, Болгария мен Түркияның қорлары 2 тоннадан ұлғайса, Қытай, Өзбекстан және Чехия да шамамен осындай көлемде алтын сатып алған.
Ендігі сауал: алтын бұлайша жинай беріп, қорларды көбейткеннен не ұтамыз? Қаржыгер Ғимран Абдрахмановтың айтуынша, алтын қоры мемлекеттің экономикасында қауіпсіздік тетігі секілді рөл атқарады. Тіпті, инфляцияны төмендетуге де қатысы бар.
– Алтын қорының артуы, ең алдымен елдің тұрақтылығы мен қаржылық қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін жасалады. Ол инфляцияны төмендету мен экономикалық қауіптерге қарсы "қауіпсіздік жастығы" іспетті дүние, яғни алтын экономиканың құбылмалы кезеңдерінде ең сенімді актив болып қала береді. Еуро мен доллар валютасы тұрақты саналғанымен, алтын барлық кезеңде сенімді және қауіпсіз құрал болған. Себебі экономиканың циклдік сипаты кезінде компания акциялары, валюталар және басқа активтер құбылып тұрады. Тіпті, өзіміздің теңгеміздің де тұрақсыз екенін көріп отырмыз. Сол себепті алтын резервін жүйелі түрде толықтырып отыру – ең дұрыс әрі тиімді қадам, – дейді сарапшы.
Демек, Қазақстанның алтын қорын көбейтуі дұрыс-ақ қадам екен. Алтын қымбаттаған кезеңді көршілеріміз де жақсы пайдаланып жатыр. Мәселен, биыл 8 айда Өзбекстан алтын экспортын шамамен үш есе арттырды. Қаңтар-тамыз аралығында түстіктегі көрші 8,42 млрд доллардың алтынын шет елдердің нарығына шығарыпты. 2024 жылдың сегіз айымен салыстырғанда бұл 68,9 пайызға көп.
Әсіресе көршілес мемлекет сәуірде алтын экспортын екі еселеді. Яғни, ол айда Өзбекстан қымбат металл саудасынан 1,91 млрд доллар пайда тауыпты. Қаңтар-тамыз аралығында ресми Ташкенттің жалпы экспорты 22,9 млрд доллар болса, соның 35 пайыздан астамы алтын саудасынан түскен кіріске тиесілі. Міне, өзбектер ұрымтал сәтті құр жібермей, бюджетін молайта алуда.
Айтпақшы, Қазақстанда да алтынның жаңа кендері табылып жатқанын айта кеткен абзал. Биыл қыркүйекте геологиялық барлау жұмыстарының нәтижесі шығып, алтын қоры 97,8 тоннаға, күміс қоры 11,9 тоннаға, ал мыс қоры 36,4 мың тоннаға артқаны мәлім болды. Жалпы, Қазақстан 2025 жылы жаңа 41 нысанға геологиялық барлау жұмыстарын жүргізу үшін бюджеттен 7,6 млрд теңге бөлген.
Ал Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің есебінше, еліміздің алтын қоры алдағы 30 жылға жетеді. Мыс болса – 38, қорғасын – 156, темір кендері – 957, көмір – 350 жылдықты қамти алады екен. Әйтсе де сары металдың құны мен қарқыны қатты, жер бетінде уран мен мұнайдың бағасы құбылып тұрады, валюталар да теңселеді, бірақ алтын ықпалынан айырылмайтынға ұқсайды.