Әлем еркектеріне қауіп төнді

433

Семіздік миллиондаған адамдардың саулығына зарар берген жаһандық эпидемияға айналып отыр. 

Әлем еркектеріне қауіп төнді Фото: canva.com

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының деректеріне сүйенсек, жыл сайын 2,8 млн-ға жуық адам осы артық салмақтан жан тапсырады екен. Әсіресе, балалар мен жас жеткіншіктер арасында семіздіктің белең алып жатқаны әлем елдерін алаңдатқан ортақ мәселе деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

"Шын мәнінде, семіздік адамдардың әл-ауқаты мен өмір сүру сапасына айтарлықтай әсер етеді және басқа жұқпалы емес аурулардың дамуының негізгі қауіп факторы. Алайда, семіздіктің алдын алуға да болады және оны тек жеке адам деңгейінде ғана емес, сонымен бірге қоғам мен популяция деңгейінде де басқаруға болады. Ол үшін мемлекет елеулі үлес қосып, халық үшін қолайлы жағдай туғызатын шешімдер қабылдай алуы қажет", – дейді Ұлттық қоғамдық Денсаулық сақтау орталығы басқарма төрағасының орынбасары Салтанат Назарова.

Сондықтан көрсеткіші күннен күнге көбейіп жатқан семіздікпен күрес Қазақстанды да айналып өтпесі анық. Ал елімізде семіздіктің алдын алу және онымен күресудің жолдары қандай? Қандай негізгі іс-шаралар қабылданған? Бұл сауалдардың басты жауабы көзі ашық адамға салауатты тамақтану мен дене іс-қимылының белсенділігін дамытумен тікелей байланысты екенін айтпаса да түсінікті.

Десе де, Салтанат Назарова Қазақстанда балалардағы семіздік мониторингінің ұлттық жүйесі жұмыс істеп жатқанын айтады. Артық дене салмағының таралуын қадағалау COSI зерттеуінің (Children Obesity Surveillance Initiative) бөлігі ретінде өлшеулер мен сауалнамалар арқылы жүзеге асырылады екен.

COSI-ге сәйкес, Қазақстанда 6-9 жастағы әрбір бесінші баланың (20,6%) дене салмағы артық, оның 6,6%-ы семіздікке шалдыққан. Сонымен қатар, бұл балалардың әкелерінің 44,7%-на және аналарының 30%-на артық салмақ немесе семіздік диагнозы қойылған.

"Семіздің аяғы – сегіз" дейді халық даналығы. Осы семіздіктің белең алуына негіз болар басты нәрсе, біздің күнделікті ішіп жейтін тамағымыз. Салауатты тамақтануды бала кезден қалыптастыру ата-ана мен қоғам, мемлекет тарапынан қолдауға ие болу керек дейді мамандар.  

Осы ретте, 2022 жылдан бастап Қазақстанда білім және тәрбие беру нысандарында, мектепке дейінгі ұйымдарда, балалар үйлерінде, балаларды сауықтыру және санаторий объектілерінде тәтті алкогольсіз сусындар, алкогольсіз энергетикалық (тоник) сусындарды дайындау және беру алынып тасталынғанын атап өткен жөн. Ал  2023 жылдың қыркүйегінен бастап 1-сыныптан 4-сыныпқа дейінгі барлық оқушылар үшін күніне бір рет макронутриенттердің, сондай-ақ негізгі микроэлементтердің мазмұны бойынша теңдестірілген тегін мектеп тамағы берілуде.

Ол үшін мектептегі тамақтану стандарттары қайта қаралып, сондай-ақ мектеп әкімшілігі, оқушылар мен олардың ата-аналары тарапынан тамақтанудың сапасы мен дұрыстығын бақылау тетігі енгізілуде.

Десек те, түйінін шешуді қажет ететін түйткілді мәселелер әлі де бар. Соның бірі, артық салмақ пен семіздіктің негізгі алғышарты болып табылатын қант қосылған сусындарды (ҚҚС) тұтыну көрсеткішінің өсуі болып отыр. Бұл сусынды апта сайын тұтыну мектеп жасындағы балалардың 60%-нан байқалса, ал балалардың 23%-ы – аптасына 3 күннен артық тұтынады екен.

Осыған орай, еліміздің Денсаулық сақтауды дамыту тұжырымдамасымен 2025 жылы құрамында қанты бар сусындарға акцизді енгізу жоспарланған. Бұл жерде индустрияның қарсылығы да жоқ емес. Соған қарамастан, бұл мәселені денсаулық сақтау министрлігі пысықтауда екен.

Ал 2022 жылғы "Қазақстан Республикасындағы мектеп жасындағы балалардың денсаулыққа қатысты мінез-құлқы" зерттеуіне сүйенсек, 11-15 жас аралығындағы жасөспірімдердің 40%-дан астамының энергетикалық сусындарды қолданып көргені белгілі болып отыр. Күн сайын балалардың 3%-ы энергетикалық сусындар ішіп, қыздарға қарағанда (2,6%) ұлдар көбірек (3,3%) пайдалануда. Осылайша, балалардың 17,5%-ы аптасына 5-6 рет энергетикалық сусындар ішеді екен.

Осы ретте, мамандар жас ұрпақ арасында энергетикалық сусындарды көп тұтынудың және танымалдылықтың негізгі себептерін, энергетикалық сусындардың балалар мен 21 жасқа дейінгі  жастарға еркін сатылуынан, бағасының қолжетімділігнен, өнімдердің агрессивті маркетингі – әлеуметтік желілерде, теледидарда, ірі іс-шараларда, соның ішінде спорттық іс-шараларда ауқымды демеушілік, сергектік пен сарқылмас өмірлік энергияның бейнесін қалыптастыру сияқты жарнамалық акциялардың барлық түрлерінен көріп отыр. 

"Ал бұл шыңдап келгенде ел болашағы – жастар үшін үлкен қауіп", – дейді Ұлттық қоғамдық Денсаулық сақтау орталығының өкілі.

Айтуынша, "Балалар мен жасөспірімдердің денсаулығына төнетін қауіптерді ескере отырып, 2025 жылғы 1 қаңтардан бастап 21 жасқа дейінгі адамдарға, оның ішінде сатушының қатысуынсыз сауда (вендинг) автоматтары арқылы энергетикалық сусындарды сатуға тыйым салынған Қазақстан Республикасының заңы қабылданған.

Сонымен қатар, 21 жасқа дейінгі адамдарға энергетикалық сусындарды сатқаны үшін әкімшілік жауапкершілікті енгізу, сондай-ақ энергетикалық сусындардың жарнамасын шектеу жұмыстары жалғасып, бизнеспен белсенді талқылау және реттеуші әсерді талдау процедурасы жүргізілуде екен.

"Бұл шаралар жастар арасында ҚҚС қолданумен байланысты тәуекелдерді азайтуға бағытталған және халықтың денсаулығын жақсарту жөніндегі мемлекеттік саясаттың маңызды бөлігі болып табылады", – дейді Салтанат Назарова.

ДДҰ жобасын іске асыру шеңберінде "Салауатты кафетерии", "Салауатты асханалар" желілері дамуда. Елімізде осы бағытта 10 астам нысандар жұмыс істеп жатыр.

Семіздікпен күресудің тағы бір ажырамас бөлігі физикалық белсенділікті дамыту. Осы ретте, елімізде салауатты өмір салтын насихаттайтын 2023-2029 жылдарға арналған бағдарлама әзірленген.

Оның шеңберінде еліміз бойынша салауатты өмір салтын насихаттайтын және дене белсенділігіне тренд енгізетін азаматтардың барлық санаттары арасында жыл сайын 20 мыңнан астам спорттық-бұқаралық іс-шаралар өткізілмек.

Ал халықты дене шынықтырумен және спортпен жүйелі түрде айналысуға одан әрі тарту үшін – яғни 2029 жылы қазіргі 38,4%-дан 50%-ға дейін жеткізу үшін жүзден астам жаңа жоба қолға алынып, жұмыс істеп тұрған спорт объектілерін қайта жарақтандыру бойынша басқа да көптеген іс-шаралар жүзеге аспақ.  

"Семіздікпен сәтті күресу сектораралық тәсілді және әртүрлі мемлекеттік құрылымдардың, бизнес пен қоғамның тығыз ынтымақтастығын талап етеді. Салауатты өмір салты нормаға айналатын жағдайлар жасау, жүйелі шараларды енгізу ұлт денсаулығын жақсартуға және семіздіктің таралуын азайтуға мүмкіндік береді", – деп түйіндейді сөзін Ұлттық қоғамдық денсаулық сақтау орталығы басқарма төрағасының орынбасары Салтанат Назарова.

Әлем ғалымдарын адамдардағы майдың шамалы артық мөлшері де алаңдатып отыр. Олар қант диабеті, метаболикалық бұзылулар және басқа да денсаулық проблемаларының ықтималдығын арттыратынын айтады, ал олармен күресу адам ағзасынан үлкен энергия шығындарын талап етеді және бұл өмір сүру ұзақтығының қысқаруына әкеледі екен.

Тек Жапония мен Брунейде артық салмағы бар ерлер мен әйелдердің үлесі 50%-дан аспаса, бұл елдерде балалар арасында семіздік рекордтық төмен көрсеткішке ие. Ғалымдар бұл елдерде ұлттық диеталық дәстүрлер мен үкімет саясаты, бүкіл әлемді шарпыған семіздік эпидемиясын болдырмауға көмектесіп отыр деп санайды.

АҚШ-та және басқа дамыған елдер Исландия, Жаңа Зеландия және Грецияда семіздіктің жеңіл түрлерінен еркектердің 90%-дан астамы, әйелдердің 71-81%-ы, мектеп және мектеп жасына дейінгі ұлдар мен қыздардың 50%-дан астамы зардап шегеді екен. Ғалымдар сондай-ақ, артық салмақпен ауыратындардың саны жақында арзан және калориялы тағамдарға қол жеткізген дамушы елдерде де тез өсіп жатқанын айтып отыр.

Осындайда, ежелгі грек данышпаны Сократтың: "Біз тамақ ішу үшін өмір сүрмейміз, қайта өмір сүру үшін тамақ ішеміз", – дегені еске түседі.

Расында, мазмұнды өмір сүру біздің денсаулығымызға, ширақ қимылдауымызға байланысты болмақ. Ал семіздік осы біздің белсенді өмірімізді тежеуші фактор. Ендеше, өзіміз және балаларымыз не жеп-ішіп жүр деген мәселеге көңіл бөлетін кез келген сияқты.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу