Әлем таныған "Бүркітші қыз" Қазақстанға көшіп келді

14648

Айшолпан туралы түсірілген кино Қазақстанда әлі көрсетілген жоқ.

Әлем таныған "Бүркітші қыз" Қазақстанға көшіп келді Фото: Айшолпан Нұрғайыпқызы

Жуықта әлемге әйгілі бүркітші қыз Айшолпан атажұрты Қазақстанға қоныс аударды. Алты жасынан бастап асау үйретіп, сегіз жасынан түз тағысын баптаған бойжеткенге осыған дейін әлемнің бірнеше мемлекетінен шақырту түскен болатын. Десе де, бүркітші ару өз таңдауын жасап, Шығыс Қазақстан облысы, Ұлан ауданы, Бозанбай ауылына табан тіреді. 

Моңғолия жерінде дүниеге келген бүркітші қыз әлемнің 31 елін аралаған. Тіпті ол туралы режиссер Отто Белл "The Eagle Huntress" атты фильм түсірген. Фильм әлемнің 30 мемлекетінде, оның ішінде Лондон, Нью-Иорк, Дубай, Токио, Сидней қалаларында көрсетілді. Көпшілік көңілінен шыққан "The Eagle Huntress" фильмі 2015 жылы "Оскар" сыйлығына да ұсынылған. Ал, 2018 жылы Айшолпан Нью-Йорк қаласында "Asia Game Changer" сыйлығын иеленді. Біле білсек, бұл сыйлық Азияның ең таңдаулы тұлғаларына табысталады.

"Бүркітші қызды" әлемге танытқан фотосуретші кім?

Бүркітшілер отбасында дүниеге келген Айшолпанның "Бүркітші қыз" атануына шетелдік суретшінің жалғыз-ақ суреті себепкер болған. Сол туындыдан кейін қаршадай қыз әлемге танылды.

– 2013 жылы Израильдік Ашер Свиденский есімді суретші Моңғолиядағы бүркітшілер сайысына келіпті. Суретші құсбегілерден көшпенділерде неге ер адамдар ғана бүркіт салады, әйелдер неге салмайды деп сұраған. Бүркітшілер "Нұрғайыптың қызы бар" деп бізге жіберіпті. Сол кезде ол кісі мені арнайы іздеп келді. Жөн сұрасқаннан кейін тасқа шығып, бүркітімді ұстап суретке түстім. Бұған дейін өзге туристермен талай түскенмін. Мән бермедім. Арада бір ай өткеннен кейін "Бүркітші қыз Айшолпан" болып шыға келдім. Шынымды айтсам, мүлдем күтпедім. Содан бастап туристер ауылымызға келе бастады, – дейді бүркітші Айшолпан Нұрғайыпқызы.

Қиядағы қыранның балапанын алған

Бүркішті қыз туралы кино 2014 жылы түсіріле бастады. Өкініштісі кино өзге елдерде көрсетілгенімен, Қазақстанда әлі көрсеткен жоқ.

– Ол кино негізі әкенің тәлім-тәрбиесі, қазақтың салт-дәстүрі, көшпенділердің өмірі жайлы түсірілді. Қарапайым күнделікті өмірімізді көрсетті. Бізге қыранның балапанын алу керек болды. Сол кезде әкем белімнен екі арқанды байлап, 18 метр қиядағы бүркіттің ұясына түсірді. Бүркітті білесіздер, ұясын қиын құзға салады. Өте қиынға соқты. Енесі келіп қала ма деп қатты қорқтым. Әкем айқайлап, дауыстап тұрды. Қиядан құласам, тірі қалмайтыным белгілі. Бірақ балапанды алып шықтым. Өкініштісі, мен туралы түсірген кино бүкіл шетелде көрсетілгенімен, Қазақстанда әлі көрсетілген жоқ. Өзім жеке оқу орындарында, театрда көрсетіп жүрмін. Үлкен кино театрларында көрсетсек жақсы болар еді, – дейді Айшолпан.

Айшолпан көзін ашқалы көргені қыран құс. Жеті атасынан бері құсбегілікпен айналысқан.

– Бұл біздің ата кәсібіміз. Қолымыздан бүркіт үзілмепті. Әкем де құсбегі. Бала күнімнен әкеммен, ағаммен тау-тасқа шығып жүрдім. Кейін ағам әскерге кеткеннен кейін қыраны маған қалды. Бүркітші қыз болып танылғаннан кейін қиындықтар көп болды. Әкемнің өзге саятшы достары, жақындары да қарсы болды. Себебі қыранды ұстау, баптау өте жауапты жұмыс. Әсіресе қыс айларында қиын. Ата-анамның қолдауының арқасында барлығына шыдадым, – дейді бүркітші қыз.

Бүркітші қыз 13 жасында Моңғолияда өткен құсбегілер сайысында 79 ер бүркітшілердің арасында рекорд жаңартып, жеңімпаз атанады.

– Шақыру сайысында қыраным 6 секундта түсіп, рекорд жаңарттым. 40 градус аязда қолың қатып, біраз қиналғаным рас. Бірақ "Бүркітші қыз" екенімді дәлелдеу үшін барлығына шыдадым. Сол кезде бүркітім алғаш рет бау ашты. Кейін сол қыраныммен қоян, түлкі, қасқыр алдым, – дейді аңшы Айшолпан Нұрғайыпқызы.

Қыран адамды еркіндікке жетелейді

Бір қызығы, Айшолпан "Бүркітші қыз" болып әлемге танылғаннан кейін екі жыл көлемінде Моңғолияда 15 бүркітші қыз шығыпты. Оған дейін болмаған.

Айшолпанның айтуынша, қыранды екі түрлі әдіспен ұстайды екен. Біріншісі балапанды ұясынан алу, екіншісі тормен ұстау.

– Балапан қолға тез үйренеді. Мен құсымды бірінші даусыма үйреттім. Ал тормен ұстаған қыран қолға оңайлықпен үйренбейді. Қыран адамды шыдамдылыққа, төзімділікке, еркінділікке жетелейжі. Бүркіт төрт айда бір жас жасайды. Жылына 3 жас жасайды. Адамның жасымен 60-70 жас жасайды. Қыран құсты ана жасына келгенде яғыни, 4-5 жасқа толғанда табиғатқа жіберу керек. Ол кезде аспанға қарап, неше түрлі дыбыстар шығара бастайды, – дейді бүркітші қыз.

Қыранның "жар" таңдауы

Әңгіме барысында қарапайым бүркітші қыздың түз тағысының мінез-құлқын, болмысын, жаратылысын жетік білгеніне таң қалдық.

– Бүркітті қыркүйек айынан, наурыз айына дейін ғана құсқа салады. Одан кейін түлекке отырады. Бір қызығы бүркіттердің де жар таңдау кезіндегі сынақтары болады. Олар аталық құсты таңдағанда тас лақтырады. Сол кезде аталық қыран жылдам қағып алуы керек, – деп тәжірибесімен бөлісті Айшолпан.

Айшолпан бала күнінде асау үйретіп, 6 жасында бәйгеге де шапқан. Қазір білімге ден қойып отыр. Алматыдағы Сулеймен Демирел университетінде білім алып жүр.

– Осыған дейін бүркітші Айшолпан болып танылсам, ендігі арманым – білімді Айшолпан болу. Қазір өзімді жан-жақты дамыту үстіндемін. Моңғол, Түрік, Ағылшын тілдерін жетік білемін. Қазақстанда туризм саласын дамытуға өз үлесімді қоссам деймін. Сонымен қатар бүркіт жайлы балаларға арналған кітап жазып бастадым, – дейді ол.

Бүркітшілер одағын құрамыз

Жоғарыда Айшолпан Нұрғайыпқызы Қазақстанға қоныс аударғаны туралы айттық. Жуықта Шығыс Қазақстан облысының әкімі бүркітші қызыды ата-анасымен бірге қабылдаған болатын.

– Ата-жұртқа қоныс аудару менің көптен күткен арман-мақсатымның бірі еді. Міне, орындалып жатыр. Осыған дейін Қазақстандағы бүкіл облыстарды аралап шықтым. Бірақ ең ұнағаны Шығыс Қазақстан болды. Себебі, табиғаты өте көркем. Бүркіт ұстауыма өте ыңғайлы. Сондықтан ата-анаммен бірге осындай шешім қабылдадым, – дейді ол.

Айшолпанның айтуынша Қазақстанда ішкі туризм айтарлықтай дамымаған. Ішкі туризм дамыса, сыртқа туризм өздігінен дамиды.

– Біз Бозанбай ауылында ұлттық өнерді ұлықтап, Бүркітшілер одағын құруды жоспарлап отырмыз. Келген туристер де қазақтың ата кәсібін үйретеміз. Өткенде облыс әкімі Ермек Беделбайұлы да бізді қабылдады. Сол жерде әкеме нұсқаулық кітап жазуды тапсырды. Қазір кітапты жазып бастадық. Негізінен туризмды дамытуға бағыттаймыз. Мақсатымыз – әлемге қазақ деген ұлт бар екенін, көшпелі өмірдің әлі күнге дейін сақталғанын дәлелдегіміз келді, – дейді бүркітші қыз алдағы жоспарымен бөлісіп.

Айта кетейік, Америкалық жазушы Лиуза Уэлш Айшолпан туралы кітап жазған. Кітаптің тұсауы Лос-Анджелес қаласында кесілді. Кітаптың атауы "The Eagle Huntress".

Осылайша, қаршадайынан түз тағысын қолға үйретіп, әлемге қазақтың атын шығарған бүркітші қыздың қайсарлығына тәнті болдық. Ал әлемді тамсандырған Айшолпан туралы түсірілген кино еліміздің барлық кино театрларында көрсетіледі деген сенімдеміз!

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу