Қазақстанда парадоксты жағдай қалыптасуда. 2021 жылғы 17 желтоқсандағы мәлімет бойынша, елде коронавирусқа қарсы вакциналардың I компонентімен 8 888 767 адам, II компонентпен 8 345 536 адам егілген. Оның 85 пайыздайы – Ресей ойлап тапқан "Спутник V" екпесін салғызыпты.
"СҚ-Фармация" бірыңғай дистрибьюторының дерегінше, Қазақстан былтырдан бері ресейлік екпенің 14,3 миллион дозасын сатып алған. Оның 12,86 миллионы әкелініп, өңірлерге таратылған. "Спутник V" вакцинасымен 7,5 миллионнан астам қазақстандық егілді.
Соған қарамастан Ресей қазақстандық вакцинация паспортын (ВП) мойындамай отыр. Солтүстік көрші Қазақстанның төл "QazVac" (КазКовид-ин сауда маркасы) вакцинасын мойындамады. Сонымен бірге Ресей төл вакцинасын салғызған адамдардан да шекарада ВП-ларын қабылдамай, ПЦР-тесттен өтуді талап етеді. Сөйтіп қосымша шығын шектіреді.
Әдетте, еліміздегі кейбір белсенді қит етсе РФ Президенті Владимир Путинге шағымданып, хат жаза бастайтыны мәлім. Алайда олар Ресейдің мына қиянатына үнсіз көніп келеді. Тек журналистер осы әділетсіздікке назар аудартып, Қазақстанның билігін мазалап жүр.
Дегенмен күні кеше әділдіктің қалпына келетініне қатысты үміт пайда болған. РФ вице-премьері Татьяна Голикова "шетелде "Спутник V" екпесімен немесе басқа да шетелдік вакциналармен егілген адамдар антиденеге тест тапсырып, растаса, Ресейде жарты жылға COVID-сертификат ала алуы мүмкін" дегенді айтып қалды.
Алайда жылт етіп жанған үміт оты ізінше жалп етіп сөнді. Біріншіден, бұл тек шетелде Ресей вакцинасымен егілген Ресей азаматтарына ғана қатысты екен. Ресей вакцинасын салғызған қазақстандықтарға қатысты болмайды.
Екіншіден, Кремль шетелде егілген ресейліктерге сертификат беру "Ресейдің бөтен вакциналарды мойындайтынын білдірмейтінін" мәлімдеді.
"Кремльдің түсіндіруінше, коронавирусқа қарсы шетелдік вакциналармен егілген ресейліктерге тиісті сертификат беру туралы шешім шетелдік екпелердің Ресейде мойындалатынын білдірмейді. Мәселе тек ресейліктерде антиденелердің болуы жайында ғана. Президенттің баспасөз хатшысы Дмитрий Песковтың айтуынша, өзге мемлекеттер Ресей азаматтарының вакцинация сертификатын мойындаған жағдайда ғана Ресей олардың ұқсас құжатын танитын болады", – деп жазды ресейлік ақпарат құралдары.
Интерфакстың мәліметінше, Песков "вакцинация актілерін өзара мойындау бағытындағы жұмыстың жалғасып жатқанын және уақыт өте келе оң нәтижеге қол жеткізіледі деп үміттенетіндерін" мәлімдеген.
Қазақстан ресейлік сертификатты тануға дайын көрінеді. Алайда Ресей тарапынан ұқсас ықылас-ынта байқалмайды.
Одақтас осындай әділетсіздікке барғаннан кейін Қазақстан да иіле қоймады. Елімізде "Спутник V" вакцинасымен егілгендердің ресейлік сертификаттары жарамсыз.
Одақтастың ақылға сыймас ісі қаншаға созылады?
"Соңғы уақытта өзге елдердің қазақстандық ВП-ны мойындағаны туралы жаңалықтар жиі көзге түседі. Атап айтқанда, Қазақстан қиянда жатқан Аргентина және Тунис секілді елдермен де тиісті келісімге келіпті. Алайда әлі күнге дейін республикамыз басты одақтасы әрі серіктесі – Ресеймен осындай уағдаластыққа келе алмауда. Бұл жерде еш қисын-логика байқалмайды. Өйткені қазақстандықтардың басым көпшілігі ресейлік "Спутникпен" егілген. Ал РФ болса, өз вакцинасын салғызған қазақстандықтардың ВП-сын жарамсыз санайды. Сөйтіп оларды шекараны кесіп өткенде шығындалып, ПЦР-тест тапсыруға мәжбүрлейді. Бұл ақылға сыймас жағдай не себепті қалыптасып отыр? Неге Ресей Қазақстанның ВП-сын мойындаудан бас тартуда?", – деп әріптесіміз Ренат Ташкинбаев тікелей сұрақ қойды.
Алайда Денсаулық сақтау министрі Алексей Цойда бұған нақты жауап жоқ болса керек, ол тікелей жауаптан жалтарып кетті. Бірақ елімізде сол бойы Ресейдің вакцинация сертификаты жарамсыз екенін жасырмады. Бұл ретте Қазақстан "Спутникті" пайдаланатын Беларустің ВП-сын таныды.
Министрдің айтуынша, Бас мемлекеттік санитариялық дәрігердің 2021 жылғы 26 қазандағы "Қазақстанда COVID-19 коронавирустық инфекциясына қарсы вакцинация паспорттарын / сертификаттарын / анықтамаларын тану туралы" №48 қаулысына сәйкес, Аргентинада, Мажарстанда, Грузияда, Иранда, Иорданияда, Қырғыз Республикасында, Мальдивте, Моңғолияда, Арменияда, Беларусьте, Молдовада, Сан-Маринода, Үндістанда, Филиппинде, Таиландта, Түркияда және Эстонияда берілген вакцинация паспорттары мен сертификаттары Қазақстан аумағында жарамды деп саналады.
Сондай-ақ Бас санитар Ерлан Қиясовтың 1 желтоқсандағы қаулысына сәйкес, бұл қатарға Канада, Черногория, Чехия мен Жапония қосылды. Осылайша, Қазақстанда вакцинация құжаттары жарамды деп танылған елдердің тізімі 24-ке жетті.
"Сыртқы істер министрлігінің ақпараты бойынша қазіргі кезде басқа елдермен, соның ішінде Ресеймен де вакцинация паспорттарын және сертификаттарын өзара мойындау жұмыстары жүргізіліп жатыр", – деп түйді министр Алексей Цой.
Денсаулық сақтау бірінші вице-министрі Марат Шоранов вакцинация туралы құжаттарды өзара тану мақсатында Ресеймен арада министрлердің орынбасарлары деңгейінде де, сондай-ақ техникалық мамандар деңгейінде де кездесулер мен келіссөздер жүргізіліп жатқанын хабарлады. Оның сендіруінше, бұл мәселені көп ұзатпай, таяу уақытта шешу жоспарланып отыр.
Айта кету керек, қазақстандық ВП-ны мойындаған елдер қатары да толығуда: олардың сапына таяуда Индонезия қосылды. Бұған дейін отандық вакцинация құжатын 20 ел – Аргентина, Мажарстан, Грузия, Иран, Иордания, Қырғызстан, Мальдив аралдары, Моңғолия, Армения, Беларусь, Молдова, Перу, Сан-Марино, Сербия, Тунис, Үндістан, Филиппин, Таиланд, Түркия және Эстония таныған болатын.
Жанат Ардақ