Әлемде көмір бағасының шарықтауынан бізге пайда бар ма?

3221

Көмір қоры жөнінен жаһандық озық ондыққа кіретін Қазақстанда осы сала жыл өткен сайын деградациялануда. Үкімет көмір өндірісіне жаңа "қан жүгіртпек". 

Әлемде көмір бағасының шарықтауынан бізге пайда бар ма?

Bloomberg хабарлауынша, АҚШ-та көмірдің бағасы 1 тоннасы үшін 109 доллардан асты. Бұл соңғы 17 жылдағы рекорд. Қатты "қара алтынның" бағасы сұйық "қара алтынға" жақындауы ғажап емес. Өйткені әлем ресейлік осы отыннан бас тартып, оны ауыстыратын ресурстарды іздеуде. Ресей көмір бойынша бүкіл әлемдік экспорттың шамамен бестен бір бөлігін немесе 18%-ын бір өзі қамтамасыз ететін.

Бұл ретте коронавирус пандемиясынан кейін қалпына келе бастаған жаһандық экономикада отынға деген сұраныс артуда. Мысалы, АҚШ пен Еуропаның өндірушілері климаттың өзгеруін тоқтату мақсатында көмірді пайдалануды азайтуға ден қойғанымен, былтырғы жыл қорытындысында көмірді тұтыну керісінше, өсті. Бұған газ бағасының тым қымбаттауы түрткі болды. Бүгінде өндіруші компаниялар әлемдік нарықтағы қолайлы ахуалды пайдаланып, көмір экспортын дүрілдетіп арттырып жатыр.

Алайда халықаралық энергетикалық нарықта пайда болған мүмкіндік пен игілікті Қазақстан молынан пайдалана алмайды. Отандық өндірушілердің мәліметінше, Ресей жаһандық нарыққа қазақстандық көмірді тасуға РЖД-ның вагондарын жеткілікті көлемде бермей, квотаны шектеп келді. Украинада соғыс басталып, санкциялар енгізілгелі Ресей жері арқылы тасымал мүлдем дағдарды. Ұзақ жылдан бері созылған осы жағдай ақыры қазақстандық көмір экспортын тұйыққа тіреді.

Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің мәліметінше, көмір өнеркәсібі – сол бұрынғыдай республиканың маңызды ресурстық салаларының бірі болып қалуда.

"Көмір қоры жөнінен Қазақстан әлемдік көшбасшы елдердің ондығына кіреді. Елімізде 49 кен орны бойынша қорлар тіркелген. Яғни көмір қоры 33,6 миллиард тоннаны құрайды. Соның ішінде тас көмір – 21,5 млрд тонна, қоңыр көмір – 12,1 млрд тонна. Энергетикалық көмір қорларының елеулі үлесін – шамамен 56%-ын күлі көп қоңыр көмір құрайды. Ал ұзын жалынды тас көмірдің үлесі тек 14%. Қалған 30%-ы – битуминозды сападағы тас көмірге тиесілі. Битуминозды маркалы тас көмірдің қоры Екібастұз бассейнінде шоғырланған және өте жоғары күлділігімен (42%) ерекшеленеді. Сондай-ақ Қазақстанда кокстелетін көмірдің едәуір қоры бар, оның ішінде К және КЖ сапалы маркалары жетерлік", – деп түсіндірді ведомство.

Министрліктің дерегінше, тәуелсіздіктің 30 жылында Қазақстанның көмір өндіруші кәсіпорындары шамамен 2,6 миллиард тонна көмір өндірді. Бірақ соның тек 600 млн тоннадан астамын ғана жақын және алыс шетелге экспорттап үлгерді.

Экспорт адымы шектелгендіктен, республика өз отынының көбін өзі жағуға мәжбүр. Нәтижесінде, бүгінде республиканың көмір саласы Қазақстандағы электр энергиясының шамамен 70%-ын береді. Сонымен қатар сала отандық кокс-химия өндірісінің 100 пайыз жүктелуін қамтамасыз етті. Бұдан бөлек, алыпсатарлар жылда қолдан дағдарыс туғызғанымен, ЖЭО, автономды қазандықтар секілді коммуналдық-тұрмыстық сектор да, үйінде пеш жағатын халық та отандық отынмен толық қамтылады.

Көмір өндіруші кәсіпорындардың мәліметтеріне жүгінсек, 2021 жылдың қорытындысында 111,7 млн тонна көмір шығарылған. Бұл алдыңғы жылғыдан 2%-ға ғана көп. 2020 жылы – 109,5 млн тоннасы өндіріліп еді. Экспорттың өрісі тарылғандықтан сала қарқынды дами алмайды.

Өткен жылы өндірілген көмірдің 31,2%-ы немесе 34,9 млн тоннасы ғана экспортталды. Әрине, тасымал мәселелері толыққанды шешілсе, қосымша ондаған миллион тоннасын жер бетіне шығарып, дүниенің төрт бұрышына жөнелте алатын еді.

Қалған 76,8 млн тоннасын ел өзі жақты. Тарата айтсақ, біріншіден, энергия өндіруші кәсіпорындар, электр станциялары 2021 жылы 59,3 млн тонна көмірді шығындады. Бұл 2020 жылғы көрсеткіштен 0,8%-ға артық.

Екіншіден, өнеркәсіп кәсіпорындары, комбинаттар мен зауыт-кәсіпорындар 6,8 млн тоннасын тұтынды. 2020 жылғыдан 21,4%-ға көп.

Үшіншіден, жылу-электр орталықтарына, коммуналдық-тұрмыстық қажеттіліктерге және пеш жағатын тұрғындарға 10,7 млн тонна сатылды. 2020 жылмен салыстырғанда 0,9%-ға артық.

Нәтижесінде, өндірілетін энергетикалық көмірдің негізгі үлесі – 50%-дан астамы электр энергетикасы саласының мұқтаждықтарына кетеді. Қалған көлемі халықтың коммуналдық-тұрмыстық мұқтаждықтарына, сондай-ақ өнеркәсіптік кәсіпорындарға жұмсалады.

Индустрия министрлігінің мәліметінше, салада түрлі проблема қордаланып қалды. Мысалы, сектор әлі күнге көнерген техрегламентпен жұмыс істейді.

Оның экспортқа қандай қатысы бар?

Шетелдік сатып алушылар алатын өнімінің жоғары сапалы, ең биік стандарттарға сәйкес, әрі денсаулыққа қауіпсіз болуын қалайды. Сарапшылардың байламынша, әсіресе, дамыған елдер сапасыз көмірді алып, жарылыс тудырғысы немесе зауыт-кәсіпорындарға басқа да зақым келтіргісі келмейді. Бұл біздің еліміз үшін де өзекті. Техрегламенттің ескіруі кесірінен отандық кәсіпорындар қандай сападағы көмір алып жатқанынан кейде бейхабар болады.

"Көмірдің және оның өңделген өнімдерінің (КӨӨ) негізгі проблемасы олардың жанғыштығымен және үлкен жылу шығару қабілетімен байланысты. Оларды жағу кезінде халықтың денсаулығына зиян келтіретін шығарындылар пайда болады және таралады. КӨӨ-лердің жекелеген физикалық және химиялық параметрлерін бұзу технологиялық процестердегі ақауларға, жабдықтардың істен шығуына және апаттық жағдайларға, тұтанып, жарылуына, адамдардың денсаулығы мен мүлкіне зиян келуіне соқтыруы мүмкін", – деп түсініктеме берді ИИДМ.

Сондықтан алда Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаевтың бұйрығымен, "Көмірге және оларды қайта өңдеу өнімдеріне қойылатын талаптар" атты жаңа техникалық регламенті бекітілмек. Бұйрық жобасы әзір.

Ведомствоның түсіндіруінше, бұл техникалық регламентті енгізудің мақсаты КӨӨ-лерге қойылатын шекті талаптарды бекіту болып табылады. Яғни, көмір мен оны өңдеуден алынатын өнімдер:

1) күлділігі деңгейі, құрамында күкірттің, хлордың, күшән-мышьяктың болуы бойынша;

2) радиациялық қауіпсіздігі бойынша;

3) сақтау, тотығу және өздігінен жану мерзімдері бойынша;

4) жарылыс қаупі бойынша реттеледі.

Осы нормативтер сақталса, бірнеше міндет жүзеге асады. Біріншіден, Қазақстан аумағында КӨӨ-лердің қауіпсіз айналымына жағдай жасалады. Екіншіден, адамдар, жануарлар, мүлік, қоршаған орта зиянды әсерлерден қорғалады. Үшіншіден, өндірушілер, жеткізушілер мен тұтынушылар арасындағы техникалық кедергілер жойылатын көрінеді.

Төртіншіден, ішкі және халықаралық нарықтарда қазақстандық көмірдің бәсекеге қабілеттілігі артуға тиіс. Бесіншіден, көмір өндіру және қолдану кезінде ресурсты үнемдеу, энергетикалық тиімділік қамтамасыз етіледі.

"Көмірдің және оларды өндірудің, қайта өңдеудің, сақтаудың және тасымалдаудың өндірістік процестерінің қауіпсіздігіне қойылатын талаптар" атты қолданыстағы техрегламент 2004 жылғы "Техникалық реттеу туралы" заңына сәйкес қабылданды және көбіне көнерген регламентті қайталайды. Оның үстіне ол заңның күші жойылды. Орнына 2020 жылғы 30 желтоқсанда "Техникалық реттеу туралы" жаңа заң қабылданды.

Индустрия министрлігінің ұстанымынша, жаңа техрегламенттің мультипликативті тиімділігі болуға тиіс. Ол халықаралық саудаға, шетелдік инвестициялық ағындарға оң серпін береді деп күтілуде. Бұған қоса, тауарлардың, капиталдың және жұмыс күшінің еркін қозғалысына, сондай-ақ көмір құнының тұрақтылығына, энергетика мен өнеркәсіптегі өндірістік шығындардың азаюына, халықтың жұмыспен қамтылуына, жаңа жұмыс орындарының ашылуына, елдің экономикалық дамуына түрткі болуы мүмкін.

Көмірдің және одан жасалатын өнімдердің сапасы мен қауіпсіздігі мәселесі шешілгені жөн. Дегенмен Үкімет қазіргі қолайлы конъюнктураны пайдаланып, көршілермен шектеле бермей, алыс шетелге көп көлемде отын жеткізу және жаңа нарықтарды игеру амалдарын қарастырса абзал.

Өткен жылы қазақстандық көмірді басым көпшілігінде Ресей, Беларусь, Украина, Қырғызстан, Өзбекстан сатып алды. Ондаған мың тонналық шағын көлемде Қытай, Польша, Латвия, Финляндия және бірқатар Скандинавия елдері импорттады.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу