Әлемде Рамазан айы алшақтанып, Аллаға құлшылық етуден басталды

3306

Мұсылман елдері Оразаны екінші рет пандемия дәуірінде қарсы алып отыр. 

Әлемде Рамазан айы алшақтанып, Аллаға құлшылық етуден басталды

Мұсылман әлемі сейсенбі күні Исламның ең қасиетті айы - Рамазанды әлеуметтік алшақтық ережелерін сақтап, жамағат болып таң намазын оқудан бастады, деп жазады inbusiness.kz  тілшісі. Былтырғы жағдай мүлде бөлек еді. 2020 жылғы Рамазан коронавирустық пандемияның қызған шағымен тұспа-тұс келіп, мешіттер босап қалғаны белгілі.

Рамазан айында мұсылмандар таңертеңнен кешке дейін кез-келген ас-судан бас тартады. Сонымен қатар, бір айлық тәжірибе Алланың хақтығын көбірек еске алуға, жаман әдеттерден арылуға және ризашылықты күшейтуге бағытталады.

Ислам дінін ұстанушылар ең көп шоғырланған Индонезияда COVID-19-ды жұқтыру оқиғалары күрт өскенімен, халыққа жаппай вакцина салынып, үкімет шектеулерді жеңілдетіп жатыр. Мешіттер тарауық намазы үшін қатаң медициналық хаттамалармен ғана ашылса, сауда орталықтары мен дәмханаларда ауызашарға әзірлік қызу жүріп жатыр.

Көршілес Малайзия халқының басым бөлігі де – мұсылмандар. Мұнда да шектеулер жеңілдетіліп, тарауық намазына қайта рұқсат беріліп, тағам, сусын, киім-кешек сататын ашық базарлар кедергісіз жұмыс істей бастады.

Индонезияның Дін істері министрі Якут Чолил Кумас дүйсенбінің кешінде теледидар арқылы жасаған үндеуінде түнгі аспанда Рамазанның жаңа Айы байқалғанын мәлімдеді. Қасиетті ай бұл мемлекетте де таң атқаннан күн батқанға дейін Құран оқумен, ауыз бекітумен, ауызашармен өтеді.

"Мұсылмандар биыл да вирустың өршуінен қауіптеніп отыр. Бірақ барлық мешіттер әлеуметтік алшақтық ережелері мен басқа да сақтық шараларын жалғастырып жатқандықтан, көпшілік бір жерге топтаса қоймас. Шынында да Рамазан айын сағынып қалыппыз. Мұсылман бауырларымыздың жүрегі мешітпен байланыста... бүгін Ораза ұстаушылар сол сағыныштарын басып жатыр. Алайда пандемия әлі аяқталған жоқ",– дейді Джакартадағы үлкен "Истиқлал" мешітінің имамы Насаруддин Омар.

Джакарта губернаторы Аньес Басведанның мәлімдеуінше, Индонезия астанасында билік жексенбіде Рамазанға дайындық аясында 317 мешітті дезинфекциялап, әлеуметтік алшақтық маркерлерін орнатып, сабын мен қол тазартқыш құралдар дайындады.

Үкімет, сонымен бірге, Рамазан айында тұрғындарға мейрамханаларда, сауда орталықтарында, дәмханаларда "ифтар" өткізуге мүмкіндік беріп отыр. Ең бастысы – бұл мекемелер 50% -ға ғана толып, қатаң медициналық нұсқауларды орындаса болғаны.

Малайзияда коронавирус жұқтырғандар қаңтардан бері үш еседен астам көбейіп, 362 мыңнан асты. Ал күнделікті өсім - 1000-нан жоғары. Ал Индонезия – Оңтүстік-Шығыс Азияда пандемиядан ең көп зардап шеккен ел. Мұнда дүйсенбіде коронавирусқа шалдыққандар 1,5 миллионға, қайтыс болғандар 42 600-ге жетті.

Индонезия өз халқының үштен екісін – шамамен 270 миллион адамның 180 миллионын келесі жылдың соңына дейін вакцинациялауды жоспарлап отыр. Қазіргі уақытта мұнда медицина қызметкерлері, қарттар және басқа да топтар бірінші екпе салынатын санатқа еніп, екі дозалық вакцинаны барлық индонезиялықтарға тегін беру жоспарланып отыр.

Вирус қайта өршіген Үндістанда мұсылман діндарлары өз қауымдастықтарын антивирустық хаттамаларды қатаң сақтауға және үлкен жиналыстарды ұйымдастырудан аулақ болуға шақырады. 200  миллиондай мұсылман тұратын бұл мемлекетте Рамазан айында оқылатын тарауық намазы сейсенбі күні кешке, ал Ораза сәрсенбіде басталды.

Үндістанның көптеген қалаларында эпидемия күшейіп, түнде коменданттық сағат режимі жарияланып отыр. Ал, мінәжат етушілерге ифтардан кейін түн ортасына дейін созылатын тарауық намазын оқуға рұқсат беріле ме, берілмей ме, ол жағы әзірге белгісіз.

Үндістан бақылауындағы Кашмирдегі мұсылмандар ондаған мың адамды нәпақадан айырған локдауннан әлі зардап шегіп отыр. Сондықтан жергілікті қайырымдылық ұйымдары, өткен жылдағыдай, Рамазан айының рациондарын мұқтаж және аз қамтылған отбасыларға тарату жоспарын жариялады.

Пандемия кезінде бүкіл әлемдегідей Мысырда да былтыр Рамазан айында мешіттер жабылды. Содан бері жағдай өзгеріп, Египет қазір көптеген мешіттерге жұма намазы мен тарауықты уақытын қысқартып болса да өткізуге мүмкіндік беріп отыр. Дегенмен, жергілікті үкімет мешіттерде ауызашар асын тегін таратуға тыйым салып отыр. Өйткені көпшілік жүрген жерде коронавирустың тарау мүмкіндігі зор.

Ливан өзінің жаңа тарихындағы ең ауыр экономикалық және қаржылық дағдарысты бастан кешіп жатыр. Соңғы айларда валютасы доллардың қасында 80 пайызға әлсіреген елдің кейбір тұрғындары Рамазан айы басталмай-ақ Оразадағыдай күн кешкен.

"Бізде кейбір адамдар Рамазан айы болсын, болмасын, Ораза айындағыдай өмір сүріп жатыр.Тіпті жұмыс істейтіндердің өзі азық-түлік шығындарын әрең өтейді. Ал жұмысынан айрылғандар ше?" , – дейді сақтандыру компаниясының брокері Натали Нажм АР агенттігіне берген сұхбатында.

Сауд Арабиясына тоқталсақ, Исламның қасиетті жері – Меккеде жамағат Тарауықты бір-бірінен алшақ тұрып оқып, Рамазан айын бастады. Вирустың тарауына жол бермеу үшін, корольдік үкіметі Қағба орналасқан Ұлы мешітке вакцина салдырғандар мен коронавирустан жақында емделгендерді ғана кіргізіп жатыр.

Пәкістан мен Иранда Ораза бүгін басталуы керек. Пәкістан премьер-министрі Имран Хан коронавирус жұқтыру оқиғалары пандемияның басындағыдай деңгейге көбейсе де, мешіттерді жабудан бас тартып отыр. Дегенмен, сол мешіттерге жасы 50-ден асқандардың кіруіне тыйым салынып, алшақтық тәртібін сақтау талап етіліп отырса да, бұл ережелерге бағынып жатқандар шамалы.

Израиль Рамазанның бірінші жұмасында Иордан өзенінің батыс жағалауындағы  вакциналанған 10 мың палестиналыққа Иерусалимдегі әл-Ақса мешітінде дұға етуге рұқсат берді. Ал, халық тығыз қоныстанған Газа секторында түнгі коменданттық сағат отбасылық жиналыстарды шектеуге бағытталып отыр. Өйткені мұнда кейінгі кездері вирус кең тарала бастаған.

Иракта коменданттық сағат Рамазан айы бойы кешкі сағат 7-ден таңғы 5-ке дейін жалғасып, демалыс күндері локдаун жарияланып отырады. Ал, мейрамханалар мен кондитерлік дүкендер өз өнімдері мен тағамдарды үйге жеткізу арқылы ғана жұмыс істей алады.

Сейсенбіде Сирияның солтүстік-шығыс аймақтарында, яғни, АҚШ-қа сүйенген содырлар бақылауындағы территорияларында инфекция жұқтырғандардың көбеюіне байланысты 10 күндік карантин күшіне енді. Иракпен, Түркиямен шекаралас бұл аймақта 5 миллион адам тұрады.

Вакциналау науқаны Рамазан айында қиындауы мүмкін. Себебі Ораза кезінде мұсылмандар күннің шығуы мен батуы арасында "денеге енетін барлық нәрселерден" аулақ болуды жөн көреді.

Арыс Әділбекұлы


Atameken Business Telegram каналына жазылып, маңызды ақпараттардан бірінші болып құлағдар болыңыз !  

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу