Әлемде вакциналау науқаны қарқын алып келеді

8275

Бірақ алғашқы айларда екпе барлық елге толық жетпеуі мүмкін.

Әлемде вакциналау науқаны қарқын алып келеді

Қытай әлемге коронавирусқа қарсы екпе жетіспесе, сол тапшылықты өзінің кандидат-вакциналарымен толықтырмақ. Бұл елдің компаниялары шығарған дәріні Біріккен Араб Әмірліктерінде ондаған мың мемлекеттік қызметкер мен жауынгерлер қабылдады. Бразилияға "Синовак" биофармацевтикалық компаниясы жасаған вакцинаның миллион дозасы жіберілген. Осылайша, жер-жерде вакциналау науқаны қарқын ала бастады. Ал, Қытайдың өзінде миллионға жуық адамға "Синофарм" фирмасының екпесі салынды. Бірақ оның тиімділігі жөніндегі клиникалық дәлел әлі келтірілген жоқ. Дегенмен, бұл препараттың жанама әсеріне шағымданғандар да әзірге кездеспей отыр.

Қытайдың фармацевтикалық индустриясы бүгінше кемінде бес вакцина ұсынбақ. Олар қазір Ресей, Мысыр, Мексика тәрізді әлемнің ондаған мемлекетінде сыналып жатыр. Сарапшылардың ойынша, бұл тәжірибелер сәтті аяқталғанның өзінде АҚШ-та, Еуропада, Жапонияда және өзге де дамыған елдерде қытайлық вакциналарды қолдануға сертификат алу қиынға соғуы мүмкін. Алайда Бейжің өз екпелерін дамушы елдер үшін қолжетімді ететінін мәлімдеп отыр.  

Индонезия, Түркия сияқты елдер Қытай вакциналарына тапсырыс беруге кіріскенімен, олар тұрғындарға жаппай егуді бастамай отыр. Себебі бұл екпелердің тиімділігі жайлы мәлімет әлі жарияланған жоқ.

"Біз бұл вакциналардың сынақтың үш фазасынан да өтіп, ғылыми және медициналық стандарттарға сай болғанын қалаймыз", – дейді Индонезиянның СOVID-19 вирусымен күрес тобының басшысы Вику Адисасмито "Ассоушиэйтид пресс" агенттігіне берген сұхбатында. Осыған қарамастан, Түркия қытайлық вакцинаның 50 млн дозасына тапсырыс берген.

Африка мемлекеттері болса, шетелдік вакцинаның тиімділігін ғана емес, сол  екпені қалай жеткізудің  жолдарын да қарастырып жатыр. Сәрсенбі күні Ethiopian Airlines компаниясы Alibaba фирмасының логистикалық бөлімшесі – Cainiao-ға қытайлық вакциналарды Африкаға таратуға көмектесетін бөлімше құрып жатқанын мәлімдеді.

"Біз негізгі дәрі-дәрмектерді жеткізетін жүйесінің өзі жетілмеген континент жайында әңгіме қозғап отырмыз. Африка қытайлық екпелерді ақпанның соңына дейін қолдана алмауы мүмкін", – дейді Вашингтондағы Ғаламдық даму жөніндегі сараптамалық орталықтың ғылыми қызметкері Гьюд Мур.

Ресей коронавирусқа қарсы кең ауқымды вакцинацияны сенбі күні Мәскеуден бастады. Мексика, Үндістан, Мысыр тәрізді елдер осы екпенің ондаған миллион дозасын сатып алудан үмітті. Алайда Ресей өзіне қажетті 30 миллион дозаның тіпті 2 миллионын жыл соңына дейін шығара алмауы мүмкін. Өндірісті арттыруға түрлі техникалық процестер мен құрал-жабдықтар проблемасы кедергі жасаған.

Осы жайттарды ескере отырып, кейбір сарапшылар Мәскеу мен Бейжің әлемнің вакцинаға сұранысын толық қамтамасыз ете алмайды деген болжам айтып отыр. Ресей  Sputnik V вакцинасын көптеп өндіруге күш салып жатса, Қытай жыл сайын 1 миллиард доза шығаруға ниет танытқанымен, оның қаншасын экспортқа жіберетінін әзірге хабарлаған жоқ.

Қытай күмәншіл реттеуші органдарды сендіру үшін өз вакцинасының сынақта тиімділігі дәлелденгенін және оның жұмыс істейтінін растауға тиіс. Ресей болса, өз вакцинасын қолдануға тәжірибе аяқталмай тұрып рұқсат берді. Сондықтан кейбір иммунологтар оның екпесінің қауіпсіздігі мен тиімділігіне күдік келтіріп отыр.

Еуропаның және АҚШ-тың реттеуші органдары Американың Pfizer және Германияның BioNTech компаниялары бірлесіп жасаған вакцинаны қолдануға рұқсат беру мәселесін алдағы бірнеше аптада шешпек.

Еуропа одағы өзінің 450 млн тұрғынының үштен бірін вакцинациялау үшін  Pfizer-BioNTech препаратына алдын-ала тапсырыс берді. Ал, АҚШ осы екпені 50 миллиондай америкалыққа салмақ. Бірақ Pfizer жыл соңына дейін 100 миллион дананың 50 миллионын шығарудың өзі қиын екенін мойындап отыр. Себебі, шикізат пен жаңа технология тапшы. Ұлыбритания "Файзерден" әу-баста 10 миллион доза сатып алуды көздеген еді. Енді Лондон үшін соның жартысына қол жеткізу оңай болмай тұр. 

Тағы бір кандидат-вакцина – "Модерна". Осы айда оның Еуропа одағы үшін 160 миллион, АҚШ-қа арналып 20 миллион дозасы өндіріледі. Ал, келесі жылдың бірінші тоқсанында Құрама Штаттар бұл компаниядан тағы 85-100 млн доза сатып алуды жоспарлап отыр.

Өзге бір екпені Британияның Оксфорд университеті мен AstraZeneca компаниясы жасап жатыр. Еуропа одағы бұл вакцинаның 400 миллион, АҚШ 500 миллион дозасына тапсырыс берді. Дегенмен, оның тиімділігі күмән тудырып отыр. Себебі сынақ кезінде тәжірибеге қатысқан мыңдаған адамға абайсызда осы екпенің аз дозасы ғана салынған. Sanofi, Johnson & Johnson, Novavax компаниялары да өз вакциналарын жасап жатыр. Бірақ, оларды Еуропа одағы бірнеше айдан кейін ғана бекітуі мүмкін. Және де олардың тиімді болатынына кепілдік жоқ.

Еуропа мен Америкадан бөлек, әлемнің ең кедей елдері Женевада орналасқан  GAVI институтына үміт артып отыр. Бұл мекеме әлемнің 92 мемлекеті тұрғындарының 20 пайызын вакцинациялау үшін 2 миллиард доллар қаражат жинады. Бірақ, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымына арқа сүйеген мекеме AstraZeneca компаниясының 300 миллион доза вакцинасына алдын-ала тапсырыс беріп қойған.

GAVI директоры Сет Берклидің сөзінше, бұл екпе тиімділігін толық дәлелдегеннің өзінде, ол да таяу болашақта барлық елдерге жетпеуі мүмкін.

"Пандемияның ақырына көз тіккенде, вакцинаның маңызы зор. Бірақ, сол екпелер тестілеудің үздік тәсілдерімен, қолжетімді ем-доммен, жақсарған денсаулық сақтау жүйесімен астаса әрекет етуі керек. Біз пандемия кезінде вирустың мутациялануына, бақылаусыз таратуына жол бермеуге тиіспіз", - дейді Беркли.

Арыс Әділбекұлы


Atameken Business Telegram каналына жазылып, маңызды ақпараттардан бірінші болып құлағдар болыңыз!

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу