Әлемдегі геосаяси тұрақсыздық жағдайында ақшамызды қалай көбейтеміз?

Сарапшылар тиімді инвестициялық құралдарды атады.

Әлемдегі геосаяси тұрақсыздық жағдайында ақшамызды қалай көбейтеміз? Фото: canva.com

Ресей мен Украина арасындағы соғыстың басталғанына ақпанда 2 жыл болады. Қос тарап ортақ шешімге келетін күн туралы болжам да, ешбір нақты байлам да жоқ, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Енді, міне, қазанда Таяу Шығыстағы жылдар бойы жалғасып келе жатқан шиеленіс ушыға түсті. Аталған факторлардың барлығы әлемдік экономиканы құбылтуда. Бұған статистика дәлел. Мәселен, Газадағы қан төгіс басталған тұста "қара алтын" бағасы шарықтап, эталондық Brent бағасы барреліне 90 долларға жетті.

Сарапшылар мұны Иранның жалпы дүниежүзілік мұнайдың шамамен 25%-ы тасымалданатын стратегиялық нысан – Ормуз бұғазын жабуы мүмкін деген трейдерлердің үрейімен байланыстырды. Алайда бір айдың ішінде баға қайта төмендеп, барреліне 80-85 доллардың ішінде "ойнап" тұр. Мұндай құбылмалы кезеңде ақшаны қалай сақтап, көбейтеміз?

Таяу Шығыстағы қақтығыстың өршуі қорғаныс активтеріне сұранысты арттырды. 7 қазанда Хамас пен Израиль арасындағы қақтығыс басталғаннан бері алтын бағасы 8%-дан астам қымбаттады. DAMU Capital Management компаниясының бас директоры, экономист Мұрат Қастаев дағдарыс кезіндегі ең тұрақты инвестициялық құрал – алтын деп есептейді.

"Дүниежүзінде қандай дағдарыстар, саяси тұрақсыздық болса да алтын бағасы өседі. Оның артықшылығы – бұл құнды металды әлемнің кез келген жерінде қолма-қол ақшаға ауыстырып алуға болады. Сонымен қатар қазіргідей геосаяси тұрақсыздық кезінде инвесторларда "қайда инвестиция салуға болады?" деген сұрақ туындамайды. Олар қаржыларын сақтап қалудың жолын ойлайды. Ал алтын ең тұрақты инвестициялық құрал", – дейді сарапшы.

Сарапшы АҚШ долларының да әлеуеті жоғары деп есептейді.

"Алтынды айтып кеттік, ал АҚШ долларының артында әлемдегі ең ірі экономика мен ең қуатты қарулы күштер тұр. Күллі әлемде дағдарыс болса да, АҚШ экономикасы ұзаққа шыдайды. Себебі Құрама шататтар экономикасы көбінесе ішкі нарыққа негізделген, бұл ел екі жағынан да ірі мұхиттармен шектеседі, алып мемлекет, оның экономикасын күйрететін күштер аз", – деп атап өтті экономист.

Сонымен қатар ол әлем геосаяси өзгерістердің қарсаңында тұрғандықтан, қару-жарақ шығаратын компаниялардың тасы өрге домалайды деп есептейді.

"Ракета, әскери техника, ұшақтар шығаратын компаниялардың акциялары өседі. Таяу Шығыс – әлемнің басты мұнай қоры, бұл аймақта ірі соғыс болса, мұнайдың бағасы шарықтап кетеді және кез келген ірі әскери операция көп жанармайды қажет етеді, яғни мұнай шығаратын және өңдейтін кәсіпорындар ұтымды жағдайда болады. Әскери техника мен қару-жарақ шығаруға көп металл, микросхемалар, микрочиптер, электронды құралдар керек – оларды өндіретін бизнестердің де табысы артады. Яғни, қайтсек те, қандай соғыс болмасын, одан ұтылатындар көп, бірақ ұтатындар да әрқашан табылады", – дейді Мұрат Қастаев.

Ал экономист Бауыржан Шурманов алтыннан қарапайым адам көп пайда таппайтынын айтады.

"Алтынға қаржы салу ірі капиталы бар байлар үшін тиімді. Нарық құлдыраған кезде олар мұндай активтерге қаржы салып қойып, күтеді. Бірақ бұл жерде қарапайым адам көп нәрсе ұта қоймас", – деген сарапшы қазақстандықтар үшін ең тиімді қаржы құралы – депозит екенін айтады.

"Ең тиімдісі қаржыны кепілдік беру қорының лимиті шегінде депозитке салу. Біздің еліміздегідей жоғары пайыздық мөлшерлеме әлемнің ешбір елінде жоқ. Егер отандық банктердің қауіпсіздігіне күмәнданатын, неғұрлым күрделі, батыл және инвестициялауға дайын адамдар брокерлер арқылы тауарлық индекстерге немесе бағалы металдарға қатысты қорларға инвестиция жасауына болады. Сонымен қатар басқа елдердің мемлекеттік облигацияларын қарастырған да жөн. Бірақ мұндай кезде стартаптардың акцияларын сатып алу ұсынылмайды", – деп түсіндірді маман.

Экономист ел нарығындағы алпауыттарының акцияларына қаржы салуды жоспарлағандарға да кеңес берді.

"Ақшаңызды толық салмай, аз-аздан акция сатып алып, сынап көріңіз. Бірақ бастапқыда нарықты мұқият талдап, ұсыныстарды зерттеу керек. Экономиканың әртүрлі салаларына басымдық берген жөн, мысалы, ірі банктің, содан кейін құрал-жабдық өндірушінің немесе шикізат алыбының акцияларын сатып алу. Бұны әртараптандыру деп атайды. Қаржыны да бөліп ұстаған дұрыс. Бір бөлігін қолма қол ақша түрінде ұстаңыз. Қаңтар, Ковид және қазіргі уақытта әлемде жүріп жатқан соғыс дағдарыс жағдайында қарапайым адам үшін де, инвестор үшін де қолма-қол ақшаның маңызын айқындап, дәлелдеді. Инвесторлар бұндайда "Cash is King" деп, оның маңызды екенін ескерткен", – деп қорытындылады сарапшы.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу