Осылайша, IBF және WBO нұсқалары бойынша орта салмақтағы әлем чемпионы көш бастап тұрған рейтингінен шығып қалды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
The Ring журналы Жәнібек Әлімханұлына (17-0, 12 KO) қатысты жайтты былайша түсіндіреді.
– Бұрын рейтингтің көшін бастап тұрған Жәнібек Әлімханұлы осы айдың басында алынған VADA допинг-тестінің оң нәтижесінен кейін тізімнен алынды. Сондықтан, қалған боксшылар бір сатыға жоғарылады, ал Хесус Рамос-джуниор алғаш рет рейтингке еніп, үздік ондыққа кірді, – деп жазады The Ring.
6 желтоқсанда Жәнібек Әлімханұлы жоспар бойынша WBA чемпионы Эрисланди Ларамен үш чемпиондық белбеуді біріктіру жекпе-жегіне шығуы керек-ті. Десе де, VADA жүргізген допинг-сынамада мельдоний анықталып, жекпе-жек өтпей қалды.
Қазақстандық боксшының B допинг-сынамасы 2026 жылдың 8 қаңтарында ашылмақ. Оның спорттағы болашағы да аталған сынаманың нәтижесіне тікелей байланысты.
Бұған дейін Жәнібек Әлімханұлы "Мен әрқашан таза спортты қолдаймын" деп мәлімдеді.
Бір апта бұрын "Қазақ стилі" әлемнің үздік 100 боксшысы қатарына енгенін жаздық.