Алимент – қарыз емес, парыз

Абылай Бейбарыс Абылай Бейбарыс
2420

Жауапкершіліктен жалтарып жүргендердің 97%-ы – ер адам.

Алимент – қарыз емес, парыз

"Неке, ерлі-зайыптылық және отбасы туралы" кодекстің 138-бабында: "Ата-аналар өздерінің кәмелетке толмаған балаларын күтіп-бағуға міндетті", – деп жазылған. Адамгершілік пен ар тұрғысынан қарағанда да осылай болуы керек. Алайда тасжүрек әке мен безбүйрек ана бұлай ойламайды. Олар балаларын асырауды парыз емес, қарыз санайды. Масқарасы сол, мұндайлар ұл-қыздарын аш, жалаңаш қалдырудан тайынбайды. Яғни алимент төлеуден жалтарады.

"Баланы күтіп-бағу – ата-аналардың заңмен бекітілген міндеті. Ал ата-аналардың некеде болуы, бірге тұруы немесе ажырасуы маңызды емес. Бірақ көбінесе ата-аналардың бірі алимент төлемейді, кірісін жасырады, балаларды тәрбиелеу және күту міндетін орындамайды. Елімізде алимент бойынша берешек шамамен 6 млрд теңгені құрайды. Бұл – жақсылықтың белгісі емес", – дейді Алматы облысы заң консультанттары палатасының төрағасы Александр Ким. 

Жеке сот орындаушылары палатасының төрағасы Руслан Исаевтің пікірінше, Қазақстанда алимент өндіру механизмі жетілдірілмеген.

"Бізде алимент төлеуден жалтарып, өз бизнесін туыстарының атына рәсімдеуден бөлек, әйелдер арасында құқықтық сауатсыздық кең тараған. Мысалы, "Неке, ерлі-зайыптылық және отбасы туралы" кодекстің 151-152 баптарын білетіндер аз. Аталған баптарда ата-анасынан материалдық көмегі болмаған жағдайда кәмелетке толған аға-апаларынан алимент өндіріп алуға болатыны нақтыланған. Немерелері үшін жауапкершілікке ие ата-әжелерден де алимент өндіріп алуға болады. Бірақ көптеген мәселелер реттелмеген. Мысалы, пандемия кезінде 42 500 теңге жәрдемақы алған борышкерден ақша өндіріп алуға шектеу қойылды. Дәл осы кезеңде ұзақ жылдар бойы іздеуде жүрген көп борышкер анықталды. Олар жәрдемақы алуға өтініш берді. Егер алимент төлеуші жұмыссыз болса, онда одан берешекті өндіріп алу мүмкін емес", – деді Руслан Исаев. 

Оның айтуынша, борышкердің табысы өте төмен болса, бірақ соған қарамастан одан балаға күнкөріс минимумының мөлшері өндірілсе, онда бұл алимент төлеушінің құқығын бұзу болып саналады. Өйткені ол да өмір сүруі керек. Сондықтан мұндай дүниелер заңды түрде реттелуі және талапкердің де, жауапкердің де құқығы қорғалуы тиіс.

"Алимент төлеу туралы сот шешімін орындамау" және "Алимент төлеуден жалтару" деген ұғымдарды шатастырмау қажет. Бірінші жағдайда ата-ана төлеуге дайын, бас тартпайды, табысын жасырмайды, бірақ мүмкіндігі, ақшасы, жұмысы жоқ. Екінші жағдайда ата-ана кірісті мақсатты түрде жасырады, тұрғылықты жерін өтірік көрсетеді, баланың өміріне араласпайды.

Жеке сот орындаушыларының жұмысы дәл осындай ата-аналарға бағытталуы керек", – деді Руслан Исаев.

Айта кетейік, алимент сот тәртібімен өндірілгенде, кәмелетке толмаған балаларға өндіріп алынатын төлем мөлшері төлеушінің жалақысына үлестік қатынаста айқындалады. Кәмелетке толмаған бір балаға ата-анасының айлық жалақысының не өзге де табыстарының төрттен бір бөлігі, 2 балаға – үштен бір бөлігі, 3 және одан да көп бала үшін тең жартысы мөлшері ұсталады. Егер алимент төлеуге міндетті адам осы кезеңде жұмыс істемеген болса немесе оның табысы мен өзге де кірісін растайтын құжат тапсырылмаса, алимент бойынша берешек оны өндіріп алу кезіндегі Қазақстан Республикасындағы орташа айлық жалақының мөлшері негізінде алынуы керек. Алимент төлеуші ата-ананың жалақысы не өзге де табыстары мүлде болмаса, алимент мүлік түрінде өндіріп алынады. Ата-аналардың табыстары және мүліктері болып, оны олар жасырған жағдайда күшпен мәжбүрлеп өндіріп алу қолданылуы немесе алимент төлеуден қасақана жалтарғаны үшін қылмыстық жауапкершілікке тартылуы мүмкін.

Алиментті жалақыдан ұстау борышкер жұмыс істейтін ұйым бухгалтерінің басшылығында болады. Оны ұстау және аудару үшін нотариалды расталған келісім мен сот бұйрығы немесе атқару парағы қажет.

"Алимент төлемей, жауапкершіліктен жалтарып жүргендердің 97%-ы – ер адамдар. Олардың арасында шалқып өмір сүріп жүргендер де баршылық. Олар құжат бойынша ғана күнін көре алмай жүргендердің қатарында. Осындай азаматтарды әкімшілік, қылмыстық жауапқа тарту керек", – деді  судья Маргарита Одинцова.
Обалы не керек, үкімет алимент төлемей жүрген жандарға қарсы ымырасыз күрес жүргізіп жатыр. Мысалы, Павлодар облысында жеке сот орындаушылары "қашқын әкеге" талаптарын орындата алмаған соң, электронды аукцион арқылы 4,6 млн теңге жылжымайтын мүлкін сатып, баласына тиісті 2,2 млн теңгені өндіріп берді. Алматыда да тура осындай жағдай қайталанды. Баласына 7,5 млн теңге алимент төлемеген Нұр-Сұлтан қаласының тұрғыны 2020 жылғы жол талғамайтын көлігінен айрылды. Айыптұрағына қойылған автокөлік аукцион арқылы сатылады. Түскен ақша арызданушыға табысталады.

Айта кетейік, биыл Президент "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне атқарушылық іс жүргізуді және қылмыстық заңнаманы жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заңға қол қойды. Осы құжат бойынша жеке сот орындаушылардың алиментті, жалақыны, зейнетақыны, жәрдемақыны өндіріп алуына ерекше құзірет берілді. Жеке сот орындаушысы бір ай ішінде мәжбүрлеп орындату шарасын қабылдамаса, лицензиясынан айрылады.

Осыдан біраз бұрын әділет министрі Марат Бекетаев республикалық жеке сот орындаушылары палатасы базасында әлеуметтік қор құрылғанын мәлімдеді. 

"Қазір оған қаржы жиналуда. Ақшаны бөлмес бұрын қор қалыптастырып алу керек. Ол қаражат қалай жұмсалады? Бірден айту керек, барлық мұқтаждарға оны бөліп беру мүмкін емес, өйткені оған қаржы жетпейді. Бір реттік төлем сомасы бойынша шектеу енгізіледі. Ол 1 млн теңгеден аспауы керек", – деді министр.
Түсіндіре кетейік, әлеуметтік қор балаларына алимент төлемейтін ата-ананың қарызын арызданушыға береді. Кейін шығынды сот орындаушылары арқылы  өндіріп алады.

Абылай Бейбарыс


Atameken Business Telegram каналына жазылып, маңызды ақпараттардан бірінші болып құлағдар болыңыз !

 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу