Алиментшілердің халыққа жария тізімі жасалмақ

1285

Сарапшылар Қазақстанда "бала ақысының" төленбеуі апаттық сипатқа ие болғанын айтады.

Алиментшілердің халыққа жария тізімі жасалмақ Фото: canva.com

Еліміз көршінің тәжірибесін қабылдауы мүмкін.

Ресей Мемдумасының депутаттары алименттер бойынша қарыз болып қалған адамдардың жалпыға жария реестрін құру туралы заң жобасын бірінші оқылымда қабылдады. Бұл туралы Мемдуманың сайтында хабарланды.

"Ресейде алиментті өрескел төлемеушілердің тізілімі пайда болуы мүмкін. Аталған реестр сот приставтарының федералдық қызметінің (ФССП) ресми сайтында, ашық қолжетімділікте жарияланатын болады", – деп хабарлады Мемдума.

"Қара тізімге" алименттерін төлемегені үшін әкімшілік, қылмыстық жауапкершілікке тартылған немесе іздеу жарияланған азаматтар туралы деректер енгізіледі деп жоспарланған. Борышкерлер өз аты-жөнінің сол тізімге енгізілетіні туралы құлағдар етіледі.

Қарыз жиған тұлға соның бәрін өтеген соң ғана реестрден дербес деректерін жойғыза алады.

"Мұны "Ұят тақтасы" деуге болмас, бірақ ондай қара тізімде атының пайда болуы "ұмытшақ" әкелерді, аналарды өз баласын есіне алуға итермелеуге тиіс. Бұл тізімде балалар да болатынын еске сала кеткен жөн. Яғни өзінің жүріп-тұрудан қалған ата-анасын тағдыр тәлкегіне тастап кеткен балаларды да солардың алдындағы алименттік міндеттемелерін орындауға иліктіреді", – деді Мемдуманың Қауіпсіздік және коррупцияға қарсы іс-қимыл жөніндегі комитетінің төрағасы Василий Пискарев.

Оның айтуынша, Ресейде "көкек" әкелер, аналар, балалар көбейіп барады. Тек 2022 жыл қорытындысында соттар 1,5 миллионнан астам үкім шығарып, приставтар сонша атқару өндірісі бойынша ақша өндіртуге тырысты.

Нәтижесінде, сот приставтарының федералдық қызметінің дерегінше, былтыр балалардың пайдасына 47,6 миллиард рубльдей алимент өндірілді. Алимент өндіру тиімділігі 2022 жылы небәрі 28,5%-ды құрады.

2023 жылдың басында Ресейде алименттік міндеттемелері орындалмаған 771,2 мың атқару өндірісі қалыпты. Тұрғылықты және жұмыс орнын жасырып, міндеттемесінен жалтарып жүрген 153 мыңнан астам адамға іздеу жарияланған.

Заң күшіне енген соң, солтүстік көршіде өрескел түрде алимент төлемейтіндердің дербес деректері және олардың қарызының сомасы интернетте ашық жарияланады. Ресейлік сарапшылардың пікірінше, сонда жұп іздеген кез келген адам өзінің болашақ жарының аты-жөнін сол тізімнен тексеріп, оның жасырып жүрген баласының бар-жоқтығын біле алады.

Бұл реестрге жұмыс берушілер де жүгінетін болады. Себебі, HR-агенттіктер, білікті кадр бөлімі лауазымды қызметке кандидат таңдағанда, оның барлық адами қасиетін салмақтауға тырысады.

Бұл тәжірибені біздің аймақта алғашқылар қатарында Қырғызстан енгізді. Қырғыз ағайындар тек дербес деректермен шектелмей, тіпті жауапсыз алиментшілердің фотосуреттеріне дейін жариялайды. Бірақ бір өзгешелігі, қырғыздың қара тізіміне іздеуде жүргендері кіргізіледі.

Жоғорку Кеңеш қабылдаған тиісті заңға Қырғыз республикасының бұрынғы Президенті С.Жээнбеков 2019 жылғы 26 маусымда қол қойған. Ол тізілім ҚР жоғарғы сот жанындағы Сот департаментінің сайтында орналасады. Борышкер барлық қарызын өтеп, атқару өндірісі толық тоқтатылған соң сот орындаушысының бастамасымен алиментші туралы барлық дерек деректер базасынан өшіріледі.

Бүгінде ол тізім Борышкерлердің ортақ тізімімен біріктірілген. Фотоларын басу тәжірибесі сол бойы сақталды.

Әділет министрлігінің дерегінше, Қазақстанда 80 мыңнан астам борышкер алиментші бар. Бірақ іздеу салынғандары аз. Себебі, көбісі жеке сот орындаушыларынан өзі жасырынбайды, табысын, дүние-мүлкін жасырады. Сот орындаушылары олардан тартып алатын ештеңе таппай қайтады.

Қазақстан билігі алимент өндіру үшін небір репрессивті тетіктерді қолданады. Полицейлер борышкерлердің көлігін көшеде тоқтатып, сол жерде тәркілейді, арнайы тұраққа алып кетеді. Сонда да өтемесе, автосын аукцион арқылы сатады немесе метал сынығы ретінде өткізеді. Алимент төлемейтіндер елден сыртқа шыға алмайды, шетелдік іссапарлардан, саяхаттардан қағылады.

Бас прокуратураның хабарлауынша, Қазақстанда алимент төлемегені үшін 1 618 тұлға іздеуде жүр. Олардың ішінде ерлері – 1 476, әйелдері – 142. Іздеу салынғандардың жасы негізінен 31-40 жас аралығында.

Іздеудегі алиментшілері ең көп өңірлер келесідей:

  • Астанада – 361,
  • Алматыда – 191,
  • Ақтөбе облысында – 143, 
  • Қостанай облысында – 140,
  • Жамбыл облысында – 140,
  • Павлодар облысында – 108,       
  • Алматы облысында – 102,
  • Маңғыстау облысында – 59.

Бас прокуратураның мәліметіне сәйкес, Қылмыстық кодекстің 139-шы бабы бойынша, яғни балаларын күтіп-бағуға арналған қаражатты төлеу жөніндегі міндеттерді орындамаған, еңбекке қабілетсіз ата-аналарын, еңбекке қабілетсіз жұбайын күтіп-бағуға арналған қаражатты төлеуден жалтарған адамдардың үстінен 2023 жылғы тоғыз ай қорытындысында 427 қылмыстық іс қозғалды.

Бұл бапта 600 сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тарту, не 2 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеу, немесе сол мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.

Биылғы жыл басынан бері аталған 139-шы бап негізінде 207 адам сотталды. 4-еуі – түрмеге қамалды. 2-еуі – шартты түрде сотталды. 196-сының – бостандығы шектелді. 5-еуі ғана қоғамдық жұмыспен құтылған.

Тұтастай алғанда, биыл сот орындаушыларының өндірісінде алиментті өндіріп алу туралы 309 670 іс жатқан. Оның ішінде:

  • 291 886 өндіріс – балаларды күтіп-бағу алименті;
  • 773-і – жұмысқа қабілетсіз ата-аналар үшін алимент;
  • 4 506-сы – еңбекке қабілетсіз жұбайы үшін алимент.

Сарапшылардың айтуынша, Қазақстанда алиментшілердің реестрі қазірден бар. Бас прокуратурасының Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің qamqor.gov.kz порталында "Алимент бойынша борышкерлерді іздестіру" деген бөлім қарастырылған.

Бірақ оны көрші қырғыздардағыдай, толыққанды ашық, жария тізім деп атау қиын. Азаматтар борышкердің дербес деректерін білсе ғана тексере алады. Себебі, қазақстандық портал алиментшіні табу үшін оның толық атын, әкесінің атын, тегін және ЖСН-ін енгізуді сұрайды.

Жыл басында алиментшілердің жалпы қарызы 14 миллиард теңгеге жеткен. Сол үшін 16 мың қазақстандық шетелге шыға алмай қалды.

Қоғам белсендісі, Алматы қаласының Бала құқықтары жөніндегі уәкілі Халида Әжіғұлованың байламынша, алимент төлемеу проблемасы ұлттық апатқа айнала бастады. Оған алимент төлемеуге қатысты шағымдар көп түседі екен. Әсіресе, әйелдер жағдайын айтып жылағанда, етегі жасқа толады. Көкек ата-аналар саны азаю орнына көбеюде. Мұндайда жеке сот орындаушылары алиментті өндіруге салғырт қарайды немесе белгілі бір ақыға алиментшіні бүркемелейді, жалтаруына мүмкіндік береді. Құқық қорғау органдары ауыр қылмыстармен күрестен бас көтере алмай жатады.

Содан баламен жалғыз қалған адамдар ЖСО және полиция арасында зыр жүгіріп, зар илеп жүреді. Сондықтан Қазақстан да болашақта қатаң шараларға баруы мүмкін.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу