Алматы мен Шымкентке ағылған жастарға қатысты Үкімет шұғыл шешім қабылдады

14329

Алдағы айдан бастап, Қазақстанда "Жолыңды тап" республикалық жобасы қолға алынбақ.

Алматы мен Шымкентке ағылған жастарға қатысты Үкімет шұғыл шешім қабылдады Фото: inbusiness.kz

Еңбек ресурстарын дамыту орталығының (ЕРДО) баянжазбасына сәйкес, Қазақстанда 21 жасқа дейінгі жастардың 57 %-ының техникалық және кәсіптік білімі бола тұра жұмыссыз қалды.

NEET жастардың (Not in Education, Employment or Training) немесе ni-ni ұрпақтың (испанша, ni estudia, ni trabaja), яғни түрлі себеппен не оқу оқымайтын, не жұмыс істемейтін жастардың жағдайы да мәз емес.

Ведомстволық мәліметтерге сәйкес, республикада тіркелген жұмыссыздардың басым бөлігі – 43 %-ы немесе 137,4 мың адам тек мектеп қана бітіріп, әрі қарай мамандық игермегендер. Тағы 30 %-ы (94,2 мың адам) – колледжбен, училищемен, техникалық және кәсіптік біліммен шектелгендер. Сонда 27 %-ы (86,2 мың адам) ғана – жоғары білім алған. Осыған қарап, ЕРДО сарапшылары жұмысқа орналасудағы табыстылыққа ықпал ететін негізгі факторлардың бірі – сол бұрынғыдай жоғарғы білім болып қала бергенін айтады.

Өңірлерде орын таппаған азаматтар, әсіресе жастар ірі қалаларға аттанады. Сондықтан биліктің басымдықты бір міндеті – шаһарларға лек-лекпен ағылып келіп жатқан ауыл жастарын жұмыспен қамту жəне олардың табыс табу мүмкіндіктерін қарастыру болуға тиіс.

Республика бойынша "NEET" санатындағы жастардың үлесі 7,1%-ды құрайды екен. Бұл 379 мыңнан астам азамат: тұтас армия!

"Осы санатта ауыл жастарының үлесі айтарлықтай. Жастар табыс іздеп, үш ірі магнит-қалаға – Астана, Алматы, Шымкентке ұмтылады. Мысалы, жыл сайын Астанаға 30 мыңнан астам адам көшіп келіп жатыр. Көші-қон ағынының негізгі үлесін еңбек тəжірбиесі мен практикалық дағдылары жоқ ауыл жастары құрайды. Əдетте, қалаларда олар уақытша, жалақысы төмен, қара жұмыстармен айналысып, құрылыс алаңдары мен базарларда нəпақа іздеп жүр. Біліктілігінің жоқтығынан табысының да төмен болуы ауыл жастарын қарызға итермелейді. Жастардың жаппай борышқа батуы қалалардағы əлеуметтік тұрақтылыққа кері əсерін тигізуі мүмкін", – деді Мәжіліс депутаты Жигули Дайрабаев.

Осы орайда депутаттардың сауалына жауап жолдаған Үкімет басшысы Олжас Бектенов биылғы 1 мамырдан бастап, еліміз бойынша "Joltap" жобасы енгізілетінін хабарлады.

Дұрысын айтқанда, бұл – елорда әкімі Жеңіс Қасымбектің жүзеге асырып жатқан жобасы. Оның табысқа жеткенін байқаған билік бұдан былай сол тәжірибені кеңейтіп, бүкіл Қазақстанға жаятын болды.

"Астана қаласының әкімдігі "Joltap" жобасын пилоттық режимде іске асыруда. Негізгі мақсаты – Астананың өзіндегі және көшіп келіп, жұмыссыз жүрген барлық жастарды анықтау, олардың жұмыс табуына нақты жәрдемдесетін практикалық дағдыларға оқыту, соңынан жұмысқа орналасуына және шағын бизнес ашуына көмек көрсету. Жоба демеушілік қаржылар есебінен іске асырылуда", – деді Премьер-министр.

Жасыратыны жоқ, мемлекеттен қайыр күтпейтін жастар проблемасымен билік органдарына бара бермейді. Сондықтан жергілікті билік өкілдерінің өзі соларға барады.

Осы мақсатта бас қаладағы бұқара көп жиналатын жерлерде, сағат 10.00-19.00 аралығында демалыссыз жұмыс істейтін 11 "Баршаға мүмкіндік модульді пункттері" орнатылды. 4 оқыту сыныбы ашылған.

Атап айтқанда, олар Астанадағы "Азия Парк" сауда-ойын сауық орталығы, "Айланд" отбасылық демалыс орталығы, "Тұлпар", "Встреча", "Мечта", "Euromall", "Рахмет 1", "Рахмет 2" сауда үйлері, "Жанұя" отбасыларды қолдау орталығы, "Жастар" сарайы, Еңбек мобильділігі орталығы ішінде орын тепкен.

Үкімет басшысының мәліметінше, қазіргі уақытта модульді пунктерде 20 консультант кестеге сәйкес жұмыс істейді. Өтініш білдірген азаматтарға қызмет негізгі үш бағыт бойынша көрсетіледі.

"Біріншісі – тікелей жұмысқа орналастыру. 30-дан астам сауда, қоғамдық тамақтану, қызмет көрсету сияқты салалардағы серіктес компанияларға ұсыныс жолданады. Жастарды қызықтыру үшін жұмысқа алатын серіктестермен жалақыны арттыру бойынша жұмыстар жүргізілуде. Мәселен, Magnum желісі еңбекақыны 115 мың теңгеден 215 мыңға дейін арттырды", – деді Премьер.

Екінші бағыт аясында бірыңғай "Jumys tap" тelegram-боты іске қосылыпты. Сол арқылы жұмысшы мамандықтар бойынша бос орындарға жұмысқа орналастыру жүзеге асырылады. Қаланың жұмыс берушілерінің сауда, қоғамдық тамақтану, құрылыс, сервистік қызметтер және тағы басқасы бойынша барлық өзекті бос орын-вакансиялары сонда жинақталады екен. Бұл жұмыс берушінің жұмыс іздеушімен делдалсыз тікелей байланысын қамтамасыз етеді.

Бүгінде ол сервисте астаналық 7 629 жұмыс іздеуші, 601 жұмыс беруші тіркелген. 1 040 бос жұмыс орны ұсынылған.

Үшінші бағыт – қысқа мерзімді оқуға жіберу арқылы тездетіп маман даярлауды қарастырады.

Қолданыстағы қаптаған мемлекеттік бағдарлама мен курстардан айырмашылығы сол, шәкірттер бюджетті теспей сорған түрлі тренер-мотиваторсымақтардың сапырма бос сөзіне көп уақыт жоғалтпайды екен: дағдыларды нақты игеру және практика – оқу бағдарламасының 80%-ын құрайды.

Оқыту екі бағдарлама бойынша ұйымдастырылуда: біріншісі – жұмысшы мамандықтар, соның ішінде бариста, сатушы-кассир, қоғамдық тамақтанудың әмбебап қызметкері, тігінші, модельер-құрастырушы, дәнекерлеуші.

Екіншісі – цифрлық дағдылар: таргетолог, мобилограф, сайттар жасаушы, SMM, цифрлық негізгі дағдылар, графикалық дизайн, маркетплейстер, бейнемонтаж.

"Бүгінде астаналық "Joltap" жобасы аясында 1 769 адам оқытылды. Жоба іске асырылған уақыттан бері 8,5 мыңнан астам азаматқа қызмет көрсетілді. Соның ішінде 56%-ы – жұмыссыздар, 33%-ы – жалдамалы жұмыскерлер және 11%-ы – өзін-өзі жұмыспен қамтығандар. Жүгінгендердің басым бөлігі – тұрақты емес кіріске ғана ие және шамадан тыс несиелері бар адамдар. Жалпы, жоба аясында 1,2 мың қала тұрғыны жұмысқа орналастырылды. Оның 52%-ы – 35 жасқа дейінгі жастар. Жоба басқа өңірлерде, ірі қалаларда ағымдағы жылдың 1 мамырынан бастап іске асырылатын болады. Тиісті алгоритм әзірленуде", – деді Үкімет басшысы Олжас Бектенов.

Өз кезегінде, Астана әкімдігінің өзектілендірілген мәліметінше, "Joltap" жобасы аясында қазіргі кезде астаналық 2 мыңнан астам жұмыссыз тұрғын тегін қысқа мерзімді курстардан өтті.

Аталған жоба бойынша қала тұрғындары цифрлық және жұмысшы мамандықтарын оқып, сертификат алады. Бүгінге дейін жобаға қатысушылардың біразы техникалық мамандықтарды игерсе, енді бірі цифрлық технологиялардың тілін меңгерді. Солардың бірі – астаналық Санат Мамешова. Ол біраз жыл білім беру саласында қызмет еткен. Алайда бала күнінен дизайнер болуды армандаған келіншек жеке тігін ательесін ашуға іңкәрланып жүріпті.

"2021 жылы бала күтіміне байланысты декреттік демалысқа шықтым. Содан бері үйде отырдым, бала күнгі арманымды жүзеге асыруды ойластырдым. Былтырғы күзде жаңа жоба жайында естідім. Кейін қаладағы "Бaршaғa мүмкіндік" модульдік пунктерінің біріне барып, тігін саласы бойынша тегін оқыту курсына жазылдым", – дейді Санат.

Іскер әйел бір айдың ішінде тігіншіліктің қыр-сырын меңгеріп шығыпты. Себебі, сабақ күн сайын, қарқынды өткен.

"Тігін саласының оқыту курсы бір ай жүрді. Курс барысында көптеген сұраққа нақты жауап алдық. Бұрын интернеттен өзімше ізденіп жүретінмін. Практика барысында көп жаңа нәрсеге қанығып, үйрендім. Оқытушылар – өте қарапайым. Мәселен, жекеменшік оқыту орталықтарына барсаңыз, онда сізді аптасына бір рет ғана оқытып, созып жүреді. Мұнда бізді күн сайын, тіпті сенбі күні оқытты", – дейді кәсіпкер.

Осылайша, ол тегін тігіншілік курсын аяқтаған соң көптен күткен жеке ательесін ашып, кәсібін бастап кеткен. Санат соңғы кезде ұлттық нақыштағы киімдерге сұраныс артып келе жатқанын айтады.

"Қазақи нақыштағы, бірақ заманауи үлгідегі киім-кешектер, кимешектер тігеміз. Сондай-ақ, арнайы тапсырыстар қабылдаймыз. Арасында киімдердің стилін өзгертіп тұрамын. Қазіргі кезде ұлттық нақыштағы киімдерге сұраныс өсуде. Елордалықтар күнделікті өмірге лайықталған, ұлттық ою-өрнектермен безендірілген киімдерді киіп жүруді сәнге айналдырған", – дейді Санат Мамешова.

Сондай-ақ ол әртүрлі көрмелерге де қатысып үлгерген екен. "Joltap" жобасының қатысушысы тігін ісіне ебі бар бірнеше қыз-келіншекті жұмыспен қамтып отыр.

Жоба менеджері Ерасыл Ділдәйімның түсіндіруінше, Астана қаласы әкімдігінің бастамасымен жүзеге асырылып жатқан жобаға 18 бен 50 жас аралығындағы кез-келген елордалық қатыса алады. Жоба қала тұрғындарының табысын арттыруды мақсат етеді.

Сондықтан да оған қатысушыларды жұмысқа алатын серіктестерден жалақысын жоғарылатып қою сұралады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу