Алматы облысында жасы жүзден асқан 60 әже бар

Жетісу топырағында жасы жүзден асқан қариялардың қатары баршылық.

Алматы облысында жасы жүзден асқан 60 әже бар

Олардың ішінде әжелердің саны басым екен. Дерек бойынша облыста ұзақ жасаған 60 әже тұрады.

Қарт тұрғындардың бір шоғыры Райымбек ауданында. Ай мақтың ең қарт тұрғыны атанған Турахан Әбдібаеваның жасы жүз он үште. Шәлкөде ауылында тұратын қария әлі тың. Үй шаруасынан қол үзген жоқ. Немере-шөберелерінің сабағына септесіп, балаларына ақыл-кеңесін беріп отырады.

112 жастағы Сұлухан Баятова да осы Райымбек ауданының байырғы тұрғыны. Кейуана сегіз құрсақ көтерген екен. Қазір ұрпағы бір қауым елге айналып, 23 немере 13 шөбере сүйіп отыр. Кенже ұлы Төлегеннің қолында. Қарт апаның келіні, ауылдағы мектептің мұғалімі Гүлнар Қасқарауова енесінің қылығын жыр ғып айтады.

"Апамыздың сүйегі асыл ғой. Биыл 112 жасқа шығады. Өзінің есептеуі Қуаты кеміген жоқ. Әлі де шаруаға қолғабыс жасап отыр. Қолынан инесі түспейді. Осы әулеттен ұзатылған қыздардың жасауына қосатын көрпегі өзі көктеп, қолымен жасап береді. Ол ол ма, біздің отағасының даладағы жұмысына кірісіп кететіні бар. Қысқа дайындықты, малдың жем-шөбінің жеткілікті болуын көзімен көріп, тексеріп келмесе тыным таппайды", – дейді Гүлнар.

Көп жасаған қариялардың қатары Талдықорған қаласында да бар. 104 жасқа келген қос әже – Күләнда Мықтыбаева мен Зылиха Қожкенова облыс орталығының ең егде тұрғындары санатында. Осы қалада екінші Дүниежүзілік соғысқа қатысып аман-сау оралған, саналы ғұмырын теміржол саласына арнаған Алтынай Есболатова да мекендейді. Алтынай әженің жасы тоқсан жетінің үстіне шықты. Өмір мектебі шынықтырған әже 19 жасында майданға өзі сұранып кетіпті. Матай стансасында туып-өскен ол белі қатпай еңбекке араласып, машинистің көмекші болып жұмыс істеген екен. Соғыс шебінде де пойыз жүргізген. Алтынай апайды өңірдің кәрі-жасы "Паровоз апа" деп атайды.

"Биылғы 8 наурыз қарсаңында аймақта тұратын әжелерге құрмет көрсетеміз. Өңірде жасы жүзден асқан 60 әже бар. Мейрам күні ардақты аналардың үйіне арнайы барып, құттықтаймыз", – дейді Алматы облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Рустам Әли.

Гүлжан Амангелдіқызы, Алматы облысы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу