Алматы: "Центркредит" банкі бөлімшесіне шабуыл жасаушылар іздестірілуде

1929

Шабуылдаушылар қару тартып алуды көздеуі мүмкін деген болжам бар.

Алматы: "Центркредит" банкі бөлімшесіне шабуыл жасаушылар іздестірілуде

Дәл қазіргі уақытта Алматыда күзетшісіне шабуыл жасалған "Центркредит" банк бөлімшесі орналасқан  Мәметова көшесі қоршауға алынды. Банк бөлімшесіне ешкімді жақындатпайды. Оқыс оқиға болған жерде полиция жұмыс істеп жатыр. Шабуыл жасаушылар күзетшінің қызметтік қаруын алып қойғаны белгілі болды, ал ақша ұрлау мақсаттары болды ма - ол белгісіз.

Банк ғимараты жанында Progressive baby балаларды дамыту орталығы орналасқан. Атын айтқысы келмеген орталық басшысының айтуынша, бүгін сағат 8.30-да оларды кеңсеге кіргізіп, ешқайда шықпауды өтінген.

Көрші дүкеннің сатушылары abctv.kz тілшісіне полиция машиналарының келген дауысын естігенін айтты. Шұғыл тергеу қызметкерлері бөлімшеге жақын орналасқан бақылау камераларын тексеруге алған.

Еске сала кетсек, бүгін, 25 қазан күні Алматы қаласының ІІД Басқармасының сайтында сағат сегізден он минут кеткенде Сейфуллин мен Наурызбай даңғылдары арасындағы Мәметова көшесінде орналасқан "Центркредит" банк бөлімшесінің күзетшіге қастандық шабуыл жасалғаны туралы хабар шықты. Оның салдарынан аты-жөні анықталмаған екі қаскүнем күзетшінің қаруын ғана алып кеткен. Қазіргі уақытта бүкіл қалада "Сирена"  арнайы із кесу шарасы жарияланды.

Бұл үстіміздегі жыл ішінде банк саласы қызметкерлеріне қарсы жасалған бірінші шабуыл емес екенін айта кеткіміз келеді. Қыркүйек айының басында Алматыдағы Әуезов және Төле би көшелерінің қиылысындағы Kaspi Bank бөлімшесіне шабуыл жасалып,  қаскүнемдер бас сауғалап үлгерген болатын. 

Осы қыркүйек айында Қарағандыдағы Halyk Bank бөлімшесіне шабуыл жасалғаны тіркелді.

Аbctv.kz ақпаратына сәйкес, банктер мен олардың Алматыдағы және өңірлердегі бөлімшелері  жұмысын штаттық тәртіпте жалғастырды. Күзетті күшейту шаралары қабылданыпты.

Әзірге "Центркредит" банкінің баспасөз-қызметі де, Алматы ІІД де ресми түсініктеме бермей отыр.

Әйгерім Ордабаева

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу