Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында Алматының Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Жандарбек Бекшин осылай деп мәлімдеді. Маусым айында қалада коронавирус жұқтырудың 3 800 жағдайы тіркелген, деп хабарлайды іnbusiness.kz.
Алматының бас санитар дәрігерінің айтуынша, қазір санитарлық қауіпсіздік ережелерін сақтау, бетперде тағу, әлеуметтік қашықтықты сақтау, қолды жиі жуу мен вакцина алу – өте маңызды.
"Жыл басынан бері Алматыда коронавирустың 55 101 жағдайы анықталды. Ал маусым айында 3 889 жағдайы тіркелді. Өткен аптада коронавирус дерті 1,7 есе өсті. 742-ден 1237-ге дейін. Соңғы тәулікте 215 жағдай тіркелді", – деді Жандарбек Бекшин.
Оның айтуынша, Алматыдағы эпидемиологиялық жағдай контагиозды мутацияланған "дельта" штамының таралуына байланысты ушығуда.
ПТР-тестің орташа тәуліктік оң нәтижелері 114-тен 188-ге дейін өсті. Соңғы аптада індеттің симптомдары бар түрімен ауыратындардың үлесі 32%-дан 53%-ға дейін артты, бұл "дельта" штамының тез тарайтынын көрсетті.
"Вирус жұқтырғандар санының күрт өсуіне байланысты біз мутацияланған штамдарға зерттеу жүргіздік. Нәтижесінде коронавирус жұқтырған науқастардан алынған 131 үлгінің 77 "альфа" – британдық штам, 46 үлгіде "дельта" – үнді штамы анықталды. Сонымен қатар, екі "гамма", яғни, оңтүстік африка штамы мен бір "бетта" нью-йорк штамы тіркелді. Жалпы эпидемиологиялық жағдайдың күрделенуі "альфа" штамының таралуынан, ал аурудың артуы Нұр-Сұлтан қаласы мен Ресейден әкелінген "дельта" штамының салдарынан", – деді Жандарбек Бекшин.
Еске сала кетсек, 26 маусым шаһардың бас мемлекеттік дәрігері Жандарбек Бекшин жаңа қаулы қабылдаған еді. Құжатқа сәйкес Алматыда шектеу шаралары күшейтілді. Сауда орталықтары мен базарлардың жұмыс уақытына шектеу енгізіліп, демалыс күндері қызметі тоқтатылды.
Құралай Құдайберген
Atameken Business Telegram каналына жазылып, маңызды ақпараттардан бірінші болып құлағдар болыңыз !