Өткен қыс еліміздің энергетика саласындағы біраз олқылықтың бетін ашты. Сарышұнақ аязда жылусыз қалған Риддер мен Екібастұз қаласы салада мәселе жетіп артылатын айғақтады. Жылу орталықтарын иемденген кәсіпкерлердің ойы тек қаржы екенін аңғартты. Осы оқиғалар салаға сілкініс әкелгендей, елдегі жылу орталықтарында тексерістер легі басталды. Алайда алғашқы нәтижелердің өзі көңіл қуантпайды. Станцияларда жабдықтар әбден тозған.
"Самұрық-Энерго" АҚ Алматы энергетикалық кешенінің бүгін облыс аумағындағы ЖЭО-на баспасөз турын өткізіп, жинақталған проблемаларды баяндады. Жиынға Inbusiness.kz тілшісі қатысты.
Стратегиялық маңызды нысанға бірнеше сатылы тексеріс арқылы кіргізеді. Орталықтың табалдырығын аттаған бойда Кеңестік кезеңге келгендей боласыз. Лениннің ескерткіші, ұлтаралық тілдегі жазбалар бірден көзге түседі.
Ескі жабдықтар, жамалған құбырлар, гүрілдеген турбиналар, қолқаны қабатын көмірдің иісі. Жұмысшылардың бірі "мұнда еңбек күші қазақстандық, көмір екібастұздық, қалғаны шетелден жеткізіледі", деп күлді.
Ол да рас. Станция 1962 жылы іске қосылған. Сол кезде барлық жабдықтар Ресей мен Украинадан жеткізілген. Әлі де қажетті құбырлар аталған елдерден әкелінеді, ал олардың бағасы еселеп өсуде.
"Алматы энергетикалық кешенінің электр энергетикалық кәсіпорындары 2022-2023 жылдардағы күзгі-қысқы жылыту кезеңін аяқтауда.
Маусым бойы станциялар Алматы қаласы мен Алматы өңірінің тұрғындарына жылу және электр энергиясын үздіксіз жеткізуді қамтамасыз етті. Алайда, республиканың бірқатар қалаларындағы ЖЭО-лар мен жылу желілерінде қыс бойы орын алған апаттар біздің алаңдаушылығымызды туғызуда. Бүгінгі таңда "АлЭС" АҚ станцияларында негізгі жабдықтың тозу деңгейі 78,7%-ды, ал дәл осы ЖЭО-3-те жабдықтың тозу деңгейі 77%-ды құрайды", – деді "АлЭС" АҚ өндіріс жөніндегі басқарушы директор – бас инженері Ғазий Исмұхамбетов.
Спикердің сөзінше, 2026 жылы нысанды пайдалану мерзімі аяқталады. Сол жылы жылу электр орталығын жаңартып, газға көшіру туралы шешім қабылданған.
Сала сарапшыларының айтуынша, Қазақстандағы энергия өндіруші ұйымдарда күрделі жөндеу жүргізуге, күл үйінділерін салуға және негізгі активтерді реконструкциялауға, жаңғыртуға, кеңейтуге, жаңартуға қаражат жетіспейтіні байқалады.
Генерациялаушы жабдықтарды өндірушілермен қалыптасқан технологиялық байланыстар үзіліп, дүние жүзі бойынша орнаған геосаяси жағдайға байланысты мәселелер ушығып барады. Мұның бәрі, энергия өндіруші ұйымдар үшін шығындардың өсуіне әкеледі. Мысалы, бу қазандықтары мен құбырларға арналған құбырдың құны екі жылдың ішінде 236% - ға өскен.
"Күз бен қыстың оңайға соқпағанына қарамастан, компания кәсіпорындары жылу энергиясын тұтынушылардың өтінімдеріне сәйкес толық көлемде босатқан. 20-ға жуық қазандық агрегаты мен 13 бу турбинасы үздіксіз жұмыс істеді. Осы кезеңде 2,9 млрд квт*сағ электр энергиясы және шамамен 4,7 млн Гкал жылу энергиясы өндірілді", – деді Алматы электр станцияларының бас инженері.
Жиынға Алматыны жарықпен қамтамасыз етіп отырған "Алатау Жарық Компаниясы" АҚ Басқарма төрағасының орынбасары - бас инженер Жақсылық Сағымбеков қатысты. Айтуынша, компанияға қарасты электр қондырғыларының ескіру пайызы өте жоғары, соңғы 2021 жылғы есеп бойынша жабдықтардың тозу деңгейі 93,3%.
"Өткен қысқы маусым жақсы өтті деп айтуға болады. Биыл технологиялық бұзушылықтар 4% төмендеді. Мәселен былтырғы маусымша технологиялық 1800 ақау тіркелсе, биыл 1421 ақау болды. Үлкен апаттар болған жоқ. Тозу деңгейін төмендету үшін қанша қаражат керек екенін қарастырып жатырмыз. Мәселен тозу деңгейін 7%-ға төмендету үшін шамамен 10 млрд теңге керек", – деді Жақсылық Сағымбеков.
Нысанның бұлай ескіруіне не себеп?
Спикердің айтуынша, бұған 2010 жылға дейін жөндеу жұмыстарының дер кезінде жасалмауы ықпал еткен. Салдарынан ескірген нысанды жаңартуға қаржы керек, ол жарық тарифі өсіп, қатардағы қазақстандықтардың қалтасына салмақ салады.
"Тариф өсуі мүмкін. Ол қанша теңгеге өседі нақты айта алмаймын", – деп қысқа қайырды спикер.
Бұл орайда, Алматы энергетиктері қиындықтарға қарамастан, өнім берушілердің алдындағы жылу және электр энергиясымен қамтамасыз ету бойынша өз міндеттемелерін толық көлемде әрі үздіксіз орындап отырғанын жеткізді.