Алматыда көшеде жүруге рұқсат беретін жаңа портал іске қосылды

Іnfoalmaty.kz сайтына өтінішті компания басшысы жазады. 

Алматыда көшеде жүруге рұқсат беретін жаңа портал іске қосылды

Алматыда қатаңдатылған карантин режимі кезінде арнайы сала өкілдерінен басқа адамдарға себепсіз көшеде жүруге тыйым салынған. Алайда олардың өзі рұқсат алуы керек. Бастапқыда азық-түлік тасымалдайтындар, медицина қызметкерлері және коммуналдық шаруашылық өкілдерінен арнайы анықтама талап етілген. 7 сәуірден бастап рұқсат қағазы онлайн базамен алмастырылды. Жол полициясы көліктерді немесе азаматтарды кез келген уақытта тоқтатып, ЖСН немесе авто нөмірі арқылы тізімде бар-жоғын анықтайтын.  Араға дәл бір апта салып бұл жүйе 16 сәуір сағат 00:00-ден кейін жарамсыз деп танылатын болды. Енді қалада жүріп-тұру рұқсаты жаңа портал арқылы беріледі.

Бұл туралы қала әкімдігінің баспасөз орталығында өткен онлайн-брифингте шаһар басшысының бірінші орынбасары Сапарбек Тұяқбаев мәлімдеді.

"Жедел штабтың шешімімен қаладағы бірқатар кәсіпорынға жұмыс істеуге рұқсат берілді. Бұл кәсіпкерлердің жүріп-тұруына рұқсат өткен айда берілді. Сондай-ақ қаланың қалыпты тіршілігін қамтамасыз етуге қатысы бар тұлғалардың деректер базасы құрылды. Бірақ тәжірибе көрсеткендей, кейбір кәсіпкерлер мүмкіндікті пайдаланып, өз кәсіпорындарының тізіміне кейбір автомобильдер мен осы жұмысқа мүлдем қатысы жоқ адамдарды енгізген. Сондықтан ашықтықты қамтамасыз ету мақсатында біз жаңа портал әзірледік", — деді Сапарбей Тұяқбаев.

Бұл ретте аталған сайт кәсіпорын қызметінің рұқсат етілмеген түрлерін анықтап отыруға септігін тигізбек.

"Мәселен бір кәсіпорында 50 адам жұмыс істейді делік. Ендеше портал бұл мекемеден 50-ден астам адамды қабылдамайды. Өтінім мекеменің бірінші басшысының ЭЦҚ-сы арқылы қабылданады. Бұл оған жеке жауапкершілік жүктейді. Жалған ақпарат берген жағдайда жауапқа бірінші басшы тартылады", — деді Сапарбек Тұяқбаев.

Айта кету керек, бұл портал infoalmaty.kz сілтемесі бойынша қолжетімді. Сіздің қалада жүріп-тұруға рұқсатыңыздың бар-жоғын білу үшін ЖСН-ді енгізу керек. Ал кәсіпорындар үшін БСН-ді енгізсе жеткілікті. Алматы қаласы әкімдігінің баспасөз орталығында өткен онлайн-брифингте Алматы қаласы Кәсіпкерлер палатасы өңірлік кеңесінің төрағасы Максим Барышев қалада жүріп-тұру рұқсат беретін порталға өтініш беру тәртібін түсіндірді.

Оның айтуынша, іске қосылған портал барынша оңай жұмыс істейтін болады. Яғни, кәсіпорын немесе жеке кәсіпкер қала бойынша жүріп-тұруға рұқсаты бар немесе жоқ екенін анықтау үшін өзінің ЖСН (ЖК үшін) және БСН (кәсіпорын үшін) нөмірін енгізеді.

"Бұдан әрі бағдарлама алгоритм негізінде қалада жалдамалы қызметкерге жүріп-тұруға болатынын өзі анықтайды. Егер әкімдік тізіміне сәйкес қалада жүріп-тұру мүмкін болса ұяшықтарды толтыру үшін келесі терезе ашылады. Бұдан әрі қызметкерлердің ЖСН енгізіледі. Автокөлік құралдары – мемлекеттік нөмірлерді енгізу арқылы анықтай алады. Одан кейін құжаттарға қол қою ережелерімен келісуге арналған үш белгі болады. Содан кейін электрондық-цифрлық қолтаңбаның екінші бөлігін қосып, "келісемін" дегенді басу қажет. Осыдан кейін барлық құрылған база штабқа әрі қарай қарауға жіберіледі", – деді Максим Барышев.

Ал бұған дейін әкімдіктің сайты арқылы жасалған онлайн база жаңа жүйеге көшірілмейді. Яғни, infoalmaty.kz порталында бұрынғы мәліметтер болмайды. Сондықтан мекеме басшылары қызметкерлерін қайта тіркеуі керек.

"Рұқсат етілген салалар қатарына жаңа компаниялар қосылса олар осы платформадағы мәліметтер тізіміне енгізіледі. Порталды сенімділік, қауіпсіздік жағынан сынап көрдік. Себебі онда жеке мәліметтер сақталады. Ал оның қауіпсіздігін біз қамтамасыз етуіміз керек", – деді  Алматы қаласы Кәсіпкерлер палатасының директоры Нариман Әбілшайықов.

Құралай Құдайберген

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу