Алматыда сауда нысандары, қоғамдық тамақтану орындары, базарлар мен жанармай-жағармай құю бекеттері, өнеркәсіп орындары 4-8 қаңтардағы жаппай тәртіпсіздіктен кейін қайта жұмысын жандандырды. Алайда толықтай емес, себебі олардың біразы зақымданып, кейбірі жанып кеткен, деп жазды Inbusiness.kz.
12 қаңтардағы жағдай бойынша Алматы қаласында 149 ірі және орта супермаркеттердің 120-сы жұмыс істейді. Ол барлық сауда желілерінің 80,5%-ы. Тәртіпсіздік барысында ірі сауда желілерінің 31 нысаны зардап шеккен. Атап айтқанда "Магнум" – 19, "Тоймарт" – 11, "Интерфуд" – 1 дүкені.
"Бүгінде барлық 52 сауда базары жұмыс істей бастады. Базарлар арасында зардап шеккен нысандар анықталған жоқ", – деп нақтылады Алматы қаласы комендатурасының ақпараттық орталығында.
Сонымен қатар қаладағы барлық 220 жанар-жағармай құю бекетінің 127-сі ашылды (58%). 13 қаңтардан бастап қосымша 33 желілік емес жеке бекетті (15%) ашу жоспарлануда. Жаппай тәртіпсіздік кезінде жанар-жағармай құю бекеттерінің 74 нысаны зардап шекті, оның 14-і қалпына келтіріліп, жұмыс істеуде. Шерушілер екі стансаны толығымен өртеп жіберген.
Қалада 93 ірі сауда объектісі бар (СОСО, СО, СҮ). 11 қаңтардан бастап 6 сауда ойын-сауық орталығы ашылды ("Глобус", "Спутник", "Ритц палас", "Алма-Ата", "Гранд парк", "Алматы молл").
Сондай-ақ 60 сауда орталығы және т.б. бизнес нысандары іске қосылды. 12 қаңтардан бастап 8 сауда орталығын ашу жоспарлануда ("Достық плаза", " Мега парк", " Мега Алма-Ата", " Атакент молл", " Март", " Силкуэй сити", " Алатау", "АДК").
17 нысан ("Мәскеу", "МБО", "Азия парк", "Алмалы", "Максима", "Асыл" СО, "Нұр" СҮ, "Алма-Ата" СҮ, "Арена" СҮ, "Домиллион" СҮ, "12 ай" СҮ, "Променад" СҮ, "Пассаж" СҮ, "Мегатау" СҮ, "Мерей" СҮ, "Мобил" СҮ, "Сити центр"СҮ) қайта жаңартылады. Себебі аталған нысандар қатты зақымданған, шерушілер кейбірін бірнеше мәрте тонап, соңында өртеп жіберген.
"Есентай молл", "Форум" СОСО қаладағы жағдайдың тұрақтануын күтуде, тек содан кейін ашылады.
Бүгінгі күні 3,2 мың қоғамдық тамақтану орнының 1,5 мыңы қысқартылған жұмыс кестесі бойынша сағат 09.00-ден 18.00-ге дейін қызмет етеді. Алайда ТЖ-нің соңына дейін спирттік ішімдіктер сатуға тыйым салынады. 39 қоғамдық тамақтану нысаны шерушілердің әрекеттерінен зардап шекті.
Бұған қоса шаһарда 120 кәсіпорынның 82-і жұмыс істейді. 19 қаңтарға дейін 38 кәсіпорынды іске қосу жоспарлануда.
Құралай Құдайберген
Фото: Антон Гордеев