Алматының бюджетіне ашықтық жетіспейді

Асқар Момынов Асқар Момынов
3396

Алматы әкімдігінің сайтында бюджеттік құжаттардың 57%-ымен танысу мүмкін емес.

Алматының бюджетіне ашықтық жетіспейді

Алматы әкімдігі, оның құрылымдық бөлімшелері, аудан әкімдіктері мен қалалық мәслихаттың сайтындағы бюджеттік ақпараттың ашықтығын тексеру барысында көпшілікке қолжетімді болуға тиіс ақпараттың жартысынан көбі жоқ екені анықталды. Мұндай мәліметті "Құқықтық және экономикалық реформаларды қолдау орталығы" ҚБ директоры Әсел Қырықбаева дөңгелек үстел барысында жария етті.

Оның айтуынша бюджеттің ашықтығына шолу жасау барлық әлем бойынша қоғам бюджетінің ашықтығын  бақылаудың тәуелсіз, тұрақты және салыстырмалы талдау тәсілі болып табылады.

Сұрақтың басым бөлігі сегіз негізгі бюджеттік құжатта көпшілікке қолжетімді бюджеттік ақпараттан тұрады, ондағы 109 сұраққа берілген жауаптың негізінде әр ел бюджеттің ашықтық индексі (БАИ) бойынша 0-ден 100-ға дейін бағаланады. Қазақстанның көрсеткіші 100 баллдың ішінде 51 баллды құрайды, бұл әлемдік орташа деңгейден (45 балл) сәл жоғары.

Бұл жолы сарапшылар ең ірі қала – Алматының бюджетін бағалауға назар аударды және мынадай қорытындыға келді: әкімдіктің сайтында бюджеттік құжаттардың 57%-ы жарияланбаған, сондай-ақ 2017-2019 жылдарға арналған бюджеттің жобасы жарияланбаған.  2016-2017 жылдардың азаматтық бюджеті, 2017-2019 жылдарға бекітілген бюджет және 2016 жылдың бюджетінің орындалғаны туралы жартыжылдық есеп те табылмады. Аудандық әкімдіктердің сайтында да 2016 жылғы бюджеттің орындалғаны туралы есеп жоқ болып шықты. Алматы әкімдігінің құрылымдық бөлімшелері сайттарының 20%-ында мүлде бюджеттік ақпарат жоқ,  басқарма сайттарының 75%-ы бюджеттік бағдарламалардың іске асырылғандығы туралы есеп жарияламаған, ал 54%-ы бекітілген бюджеттік бағдарламаларды жарияламаған.

Жалпы Астана, Алматы қалалары және Қызылорда облысы бюджеттік орындалуы туралы ең жабық өңірлер болып табылатынын айтты Әсел Қырықбаева. Орталық мемлекеттік органдар сайттарын тексеру барысында 17 министрлік сайтының 3-еуінде бюджет туралы ақпарат жоқ екені анықталды, алайда 2015 жылы барлық әкімдіктерді өңір бюджетінің орындалуы туралы жылдық есептерді жариялауға міндетті болған.

Құқықтық және экономикалық реформалар орталығында түсіндіріп өткендей, сайттарды тексеру үш бағытта жүзеге асырылды: бюджеттік құжаттардың толықтығы және ашықтығы; өкілетті органдар ұсыныстарының тіркелуі; қоғамды тарту жөніндегі мемлекеттік органдардың қызметі.

Бюджеттік процеске қоғамды қатыстыру бойынша Алматы әкімдігінің қызметі туралы ақпараттың жоқ екені анықталды, бюджет жобасын талқылау жөнінде қоғамдық тыңдалым өткізу туралы хабарландыру да, оның орындалуы туралы есеп те жоқ болып шықты.

Әкімдік басқармаларының 54%-ы бекітілген бюджеттік бағдарламаларды жарияламаса, 75%-ы бюджеттік бағдарламалардың орындалуы туралы есеп жариялмай отыр. Жалпы алғанда энергетика және коммуналдық шаруашылық басқармасы, сәулет және қала құрылысы басқармасының сайттары көпшілікке қолжетімсіз болып отыр, ал экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының сайты мүлде жоқ.

"Zertteu Research Institute" ҚҚ директоры Шолпан Әйтенова бюджеттік процестердің ашықтығын анықтайтын құралдар жасау керек дегенді айтады. Оның айтуынша, Қазақстанның түрлі өңірлерінің индекстерін өзара салыстыру маңызды болып табылады, бұл ақпараттың ашықтығын көтеруде жергілікті басқарушы органдарды ынталандырады. Тек осылай ғана қай өңір өз азаматтарын бюджеттік процестерге қатыстыруда елеулі еңбек етіп жатқанын анықтауға болады деп есептейді ол.

"Қазіргі кездегі заңда жазылған емес, шындық жағдайды білу керек. Бюджеттік мәселелер бойынша халықты уақытылы хабардар ету және бұл процестерге қоғамды барынша қаыстыру жөніндегі қызметтерге барынша көп назар аудару керек", – деді Шолпан Әйтенова.

Сарапшылар бюджет саласындағы ЭЫДҰ ұсынысына сәйкес көрсетілген негізгі принциптер ішінде бюджеттік құжаттар мен көрсеткіштер ашық, қолжетімді болуға тиіс. Барлық бюджет есебі уақытылы және әрдайым толық жариялануы  керек, осылайша ол азаматтар үшін қолжетімді болуы керек. Сонымен бірге сарапшылар 100 нақты қадам бағдарламасында  5 институционалдық реформаны іске асыру бойынша жасалатын қадамның бірі орталық мемлекеттік органдардың статистикалық мәліметтер базасының онлайн-қолжетімді болуы қарастырылғанын атап кетті.

Шолпан Айтенова республикалық бюджет бойынша барлық мәлімет қолжетімді болғанда ғана жергілікті деңгейде барлығы ашық болады деп атап көрсетті. Оның айтуынша, ол үшін азаматтық  бюджетті жариялау қажет, яғни азаматтардың барлығы үшін қолжетімді мемлекеттік бюджет нұсқасы бар, ол халықаралық валюта қорының ұсынысына сәйкес.

2015 жылы Қазақстан бюджетінің ашықтығы жөнінде жүргізілген соңғы сауалнамаға сәйкес Қазақстан үкіметі қоғамның бюджет процесіне қатысу үшін жеткілікті мүмкіндік бермейтіні белгілі болды. Алайда құқықтық және экономикалық реформаларды қолдау орталығы 2012 жылдан бері үкімет бюджет туралы ақпаратты шамалы болса қолжетімді еткен деген қорытындыға келді. Бірақ та осыған қарамастан, Қазақстанның бюджеттің ашықтығы индексінде алған жалпы 51 балы сол баяғы 2012 жылдағыдай болып отыр. 

Сонымен бірге республикалық бюджеттің негізгі параметрлерінің шолуында  2013-2016 жылдар бойы өсім болғаны көрсетіледі. Республикалық бюджеттің кірісі 2013 жылғы 5,18 трлн теңгеден 2016 жылы 7,27 тлрн теңгеге жеткен. 2016 жылға дейін кірістің басты бөлігін салықтық түсімдер құраған. Ол республикалық бюджеттің барлық түсімінің 2013 –2,5 трлн  теңге, 67,8%, 2014 жылы – 3,66 трлн теңге – 62%, 2015 жылы – 3,32 трлн теңге – 54,3%-ын құраған. 2016 жылы салықтық түсімдердің үлестік арақатынасы төмендеп,  43,9%-ды құраған.

Бұл өзгерістер салықтықтық түсімдердің сомасы тек үлестік қана емес, сондай-ақ абсолюттік мәнде төмендеуіне және трансферттік түсімдердің өсуіне байланысты. Олардың үлестік арақатынасы 2013 жылы – 30,1%,  2014 жылы – 35,6%,  2015 жылы - 42,9%,  2016 жылы - 53,7% болған.

Сарапшылардың айтуынша, мемлекеттік қазынада не болып жатқанын түсіну үшін осындай зерттеулер мен шолулар қажет, бұл ұлттық экономикадағы фундаменталды процестерді, азаматтарға ақшаның қайда кетіп жатқанын түсінуге мүмкіндік береді.

"Бюджеттік процестің ашықтығы, қоғамға құжаттарды дер кезінде толық және түсінікті етіп ұсыну – атқарушы органдар жұмысының тиімділігін анықтауға, сондай-ақ іске асырылған бағдарламалардың сапасы мен нәтижелігін көрсетеді. Қоғамның бюджет жүйесінің есебіне қатысуы маңызды фактор болып табылады", – деп қорытындылады Әсел Қырықбаева.

Әйгерім Сүлейменова, Асқар Момынов

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу