Алматының құтқару қызметі 2,2 млн теңгені ақтамай отыр

Қажет Андас Қажет Андас
4331

Кәсіпкерлер ай сайын құтқару қызметіне 2 млн 200 мың теңге төлеп, тиісті қызмет ала алмай отыр.

Алматының құтқару қызметі 2,2 млн теңгені ақтамай отыр

Жетісулық кәсіпкерлер апаттан құтқару қызметімен келісімшартқа отыруға қарсы шықты. Текелі қаласындағы "Суффле Қазақстан уыт зауыты" АҚ басқарма төрайымы Анар Сүлейменованың айтуынша, былтыр индустриялық даму және өнеркәсіп қауіпсіздігі комитетінің мамандары осы кәсіпорынның "Азаматтық қорғау туралы" заң талабына қатысты заң бұзғанын анықтаған.

Олар зауыттың апаттан құтқару қызметі мен апатты жою жоспары жоқ деп көрсеткен. Алайда, заңнаманың бұл талаптарын орындау және құтқару қызметімен келісімшартқа отыру көптеген мәселе тудырады. Бұл туралы Алматыдағы кәсіпкерлер палатасында өткен отырыста облыстық кәсіпкерлер палатасының сарапшысы Рақым Жанысов мәлімдеді.

"Талдықорған қаласында және өңірде әскери апаттан құтқару қызметі жоқ. Алматы қаласында орналасқан мекемемен келісімшарт жасау тиімсіз. Төтенше жағдай бола қалса, құтқару қызметі шұғыл қимылдап, өз міндетін толық атқара алмайды. Оның үстіне олар шалғай елді мекендегі қауіп-қатерді жоюға дәрменсіз. Сондықтан, келісімшартқа отыру тек қағаз жүзінде ғана қалып, қосымша шығын әкеледі", – дейді сарапшы.

Алматыдан 300 шақырым шалғайдағы "Суффле Қазақстан" зауыты үшін бас қаладағы апаттан құтқару мекемесімен келісімшартқа отыру және әрі қарайғы қызмет құны жылына 2 млн 200 мың теңгеге түседі. Сондықтан, облыстағы кәсіпорындар Алматыдағы құтқару қызметімен жұмыс істеуге құлықсыз. Елімізде бүгінде құтқару қызметін көрсететін 35 ұйым болса, оның екеуі Алматы облысында.

Қазір облыста апаттық-құтқару қызметімен келісімшартқа отырмаған 358 ұйым бар. Жыл басынан бері өнеркәсіп қауіпсіздігі талаптарын орындамағаны және келісімшарт жасамағаны үшін 26 компания әкімшілік жауапкершілікке тартылыпты. Құтқару қызметі кәсіпорындарға қалай қызмет көрсетпек? "Жылына бір рет қана тексеріп, қағаз толтырғаны үшін 2 млн теңге алса, оны қай мекеменің қалтасы көтереді?" деген сұрақ туындайды.

Бұдан өзге де өңір кәсіпкерлерін толғандырар мәселе жетерлік. Талдықорған қаласының орталық базарындағы кәсіпкерлер жергілікті атқару органына үш жылдан бері орталық тазалау жүйесіне қосылу жайлы көмек сұрап, қол жеткізе алмай келеді. Бұл олар үшін әжептеуір дәрежеде қиындық тудырады. Қазір жоғарыда айтылған әрбір сауда нысанында жасанды жабдықталған тұнба құдықтары бар. Бұл құдықтар жиі толып, айналадағылардың денсаулығына зиян келтіретін күлімсі иіс шығарады.

Ал сауда нысандарының маңында жекеменшік қазандықтар қоршаған ортаны бүлдіріп бітті. 2014 жылы әкімшілік тексеру нәтижесі бойынша, орталық тазалау жүйесіне құрылыс-монтаж жұмыстарын өткізу және жобалық-сметалық құжат жасауды жұмыс жоспарына енгізу туралы ұсыныс тасталған. Бірақ, кейінге шегеріліп келеді. Құдық толған сайын оны тазалау қажет. Бұл кәсіпкерлерді қосымша шығынға ұшыратып отыр.

Сонымен қатар, қазіргі бекітілген қосымша құн салығы барлық кәсіпкерге ыңғайлы әрі тиімді емес. Сондықтан, жетісулық кәіпкерлер бизнес саласының мүмкіндіктерін есептей отырып, салықтың мөлшерлемесін қайта қарайтын уақыт келгенін алға тартты. Осы тұрғыда Талдықорған қалалық кәсіпкерлер кеңесінің төрағасы Баниямин Файзуллиннен: "Кеңес жергілікті атқарушы және мемлекеттік органдармен байланыс орнатуы керек. Сол арқылы оларға кәсіпкерлердің ұстанымын жеткізіп, әкімшілік кедергілерді тауып, оларды жоюға, азайтуға көмек қолын созуға тиіспіз", – деген жауап алдық.

Кәсіпкерлердің қиыншылығын шешу үшін қалалық кәсіпкерлер кеңесінің жанынан құрылған комитеттер белсенді көмек көрсетеді. Бұдан сәл ілгеріректе агроөнеркәсіп кешенін дамыту комитеті, сауда, қызмет көрсету және өндіріс пен құрылыс жөніндегі комитеттер құрылған еді. Алдағы уақытта Талдықорған әкімдігінің ресми интернет-ресурсында қалалық кәсіпкерлік кеңесінің қызметіне арналған арнайы айдар ашылады деп күтіледі.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу