Алпауыт "Қазақтелекомның" салмағы артады

3248

"KazSat-2R" спутнигі монополистің "құрбаны" болған ба? 

Алпауыт "Қазақтелекомның" салмағы артады

Қазақстан осыдан 11 жыл бұрын желі арқылы кең жолақты интернетті енгізуге кірісті. Бұл саланың тізгіні "Қазақтелекомға" берілді. Алайда телекоммуникациялық алыптың қимылы шабан болып шықты. Кәсіпкер Дәулет Шабей бір мәселеге назар аудартады: осы уақыт ішінде ұшқыр интернет тіпті инновация ісінде алда жүруге тиісті "Алатау" инновациялық технологиялар паркі аумағына да жетпепті.

"Ең ірі мегаполисіміздің іргесіндегі "Алатау" ИТП" АЭА-ға оптикалық-талшықты байланыс желісі (ОТБЖ) тартылмаған. Бұл енді масқара! Сонда инновациялық технопарк қалай жоғары жылдамдықты интернетсіз нәтижеге жете алады? Мені осы мәселе қызықтырды. Мәліметін іздеп көрдім. Сөйтсем, осы ірі нысан үшін құрылған сайттардың бәрі баяғыда қараусыз, күтімсіз қалыпты, инновацияға мүлдем ұқсамайды. Қол жинап, ОТБЖ тартуға ықпал етуге талаптанып көрдік, ештеңе шықпады. 11 жыл өтсе де, жылдамдығы 8 Mbps интернет тек арман болып қалуда. Қолдағы интернет 2,5 мегабайттық қарапайым фотоның өзін 3 минут бойы жүктейді. Технопарк аумағында мұндай интернетпен заманауи технологияларды қалай енгізуге болатыны түсініксіз", – дейді Д.Шабей.

Жасанды қолтаңба жасалған ба?

Елорда тұрғыны Венера Байтелякова "Қазақтелеком" қызметкерлері алдады деп отыр.

"2019 жылдың мамырында "Қазақтелеком" АҚ қызметкері қоңырау шалып, алдау жолымен маған "Black 3S" тарифтік жоспарын таңды. Ол маған ыңғайлы уақытта үйіме не жұмысыма келіп, қосылу туралы өтінішке қол қойғызатынын және 2 sim-карта әкеп беретінін хабарлады. Қызмет қол қойған күннен бастап қосылатынын ескертті. Алайда сол бойы келмеді. Ал абоненттік бөлім ұсынған өтініш бланкінің көшірмесінде менің емес, бөтеннің қолы тұр. Бұған қоса, қызметті ала бастаған күн көрсетілмепті. Қос sim-картаны алу туралы қағаздағы қол да менікі емес. Сорақысы сол, қос құжаттағы қолдар бір-бірімен үйлеспейді. Қолдардың жалған екені көзге ұрып тұр. Бұлар пайда табу мақсатында қолымды қолдан жасағанға ұқсайды. Бұл нағыз қылмыс қой!" – дейді шағымданушы.

Ол "Қазақтелекомнан" тиісті қызметті алмағанын, ал төлемі толық көлемде есептеліп жатқанын жеткізді. Ол 2020 жылғы 28 қарашада сол пәтерінен көшіп кетіпті. Сондықтан "Қазақтелеком" қызметтерін ағытуды, сондай-ақ 2019 жылғы мамырдан бергі мерзімге төлемді қайта есептеп, артық төленген қаражатын қайтаруды сұрады. "Қазақтелеком" қызметкерлерінен ресми түрде кешірім сұрауды да талап етті.

"Бұлардың заңсыз кәсіпкерлік тәсілдерін қолдануын тоқтату керек. Әйтпесе, көрсетпеген қызметі үшін елден ақша жинауды жалғастыра береді", – дейді Венера Байтелякова.

Бірақ алпауыт ақшаны да қайтармайтын, кешірім де сұрамайтын сияқты. Шағым иесіне жауап қайырған Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі вице-министрі Әсет Тұрысов "Қазақтелекомның" ісін ақтап шықты. Ол "Қазақтелеком" АҚ-ы ұсынған ақпаратқа сілтеме жасай отырып, клиент жаңа тарифтік жоспарға 2019 жылғы 2 мамырда телефон әңгімесі кезінде келісім бергенін алға тартты.

"Ауызша презентация кезінде клиентке 3 жылдық тарифтің шарттары туралы ақпарат толық түсіндірілген. Мұны диалогтың жазбасы растайды. "Қазақтелеком" ақпаратына сәйкес, сим-карталарды "Optics Networks" ресми дилерінің курьері жеткізген, клиент оны алғаны жөнінде құжатқа қолын қойыпты. Демек, "Қазақтелеком" қызметтерін ағыту және ұялы нөмірлердің абоненттік төлемі бойынша қайта есептеу жүргізу мүмкін емес. Құжаттардағы қолдың жалғандығына келсек, біздің министрліктің қолтаңба фальсификациясы дерегін айқындайтын өкілеттігі жоқ. Бұл мәселемен сотқа шағымдану керек", – деді Ә.Тұрысов.

Билік спутниктен жеріп, "Қазақтелекомды" таңдады

Таяуда Қазақстанның "KazSat-2R" жаңа жерсерігі жобасынан бас тартқаны және одан үнемделген 40 миллиард теңгені әлеуметтік мәселелерді шешуге жұмсайтыны туралы ақпарат тарады. Жаңа спутник мерзімі аяқталуға таяған "KazSat-2"-ні ауыстыруға тиіс еді. Сондай-ақ "KazSat-2R" арқасында еліміздің ең шалғай ауылдарына дейін кең жолақты интернет жетеді деп мәлімделген. 

Ресми дерекке сәйкес, орбитадағы "ҚазСат" жерсеріктері бүгінде теле-радио хабарларын тарату қызметтерінің кең спектрін, DTH және IPTV, кең жолақты интернет, деректер беру, бейнеконференция байланысы қызметтерін ұсынып отыр. Олардың арқасында VSAT желілері құрылған, ведомстволық және корпоративтік байланыс желілері ұйымдастырылған.

Отандық ғарыштық байланыс жүйесі "KazSat-2" және "KazSat-3" спутниктерінен тұрады, олар бір-біріне тәуелсіз жұмыс істейді. "KazSat-2R" жерсерігі бұл жүйені күшейте түсуі керек еді.

"Алайда жердегі байланыс технологияларына деген сұраныстың артуын және оптикалық-талшықты байланыс желісі жобасының перспективаларын ескере отырып, елдің ғарыштық байланыс арналарына деген қажеттілігін қанағаттандыру үшін бір байланыс спутнигі де жеткілікті деген байламға келдік. 2025 жылдан бастап цифрлық теле-радио хабарларын тарату үшін де, мемлекеттің қорғаныс қабілетін қамтамасыз ету үшін де бір спутник жарайды. Оның үстіне спутниктік байланыс арналарын пайдалану сегментінде клиенттердің ОТБЖ-ға кетіп жатқаны және сұраныстың төмендеу үрдісі байқалуда. Сол себепті "KazSat-2" қызмет мерзімі шамамен 2024–2025 жылдары аяқталған соң, барлық желілерді, соның ішінде мемлекеттік және коммерциялық сегментті "KazSat-3" спутнигіне көшіру жоспарланып отыр", – деді Цифрлық даму вице-министрі Азамат Батырқожа.

Дегенмен, "KazSat-3"-тің қолданыс мерзімі 8 жылдан кейін түгесіледі. Билік оны ауыстыру мәселесін де қарастырып отырған жоқ.

Мемлекет тек байланыс саласына қатысты емес, жерді қашықтықтан зондтаушы "KazEOSat-МR" жерсерігін жасауды жоспарлап отыр.

"Қазіргі кезде Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі "KazSat-2R" жобасын жүзеге асыру орынсыз деген шешім қабылдады", – деп түйді вице-министр А.Батырқожа.

Нәтижесінде, мемлекеттік және коммерциялық сегмент не шетелдік спутниктер қызметін тұтынуға көшеді, не қайтадан "Қазақтелекомның" оптикалық-талшықты желісіне тәуелді болып қалмақ.

Жанат Ардақ

 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу