Қаңтардың басында геосаяси жағдайлар мен АҚШ-тағы саяси оқиғалардан соң, доллар индексі құлдырап, алтын котировкалары өсті. АҚШ жұмыстпен қамту туралы есепті жариялағаннан кейін құнды метал унциясына 1850 долларға дейін арзандады. Конгреске шабуыл оқиғасы кезінде алтын бағасы 1957 долларға артқанымен, Байденнің жеңісінен кейін қайта арзандады.
Бұл ретте MUFG Bank сарапшылары биыл доллар құлдырайды деп болжауда. Оған себеп АҚШ-тың мемлекеттік шығындарының артуы мен инфляциялық қатердің жоғарылауы.
"Ол өз кезегінде доллар активтерінің бағасына қысым көрсетері анық. Алайда долларға қысым өтен жылдың желтоқсанында басталған болатын. Сондықтан АҚШ Федералдық резервтік жүйесі экономикада алға жылжу болғанша 120 млрд долларлық активтерді сатып алуды жоспарлады", – деп хабарлады халықаралық қаржы институты.
Соған қарамастан Goldman Sachs сарапшылары биыл АҚШ доллары қазіргі көрсеткіштен 5%-ға құнсыздануы мүмкін деген қорытындыға келген.
Сарапшылар АҚШ-тағы сайлау, Brexit аяқталған соң, нарықтарда жағдай айқындалады деп болжаған, алайда әлі де әлемдік экономикада түсініксіздік басым.
Осы орайда Алтын бойынша әлемдік кеңес (WGC) экономика қандай жағдай болса да, бағалы металға басымдық беріп отыр.
"Алтын өткен жылғы экономикалық құлдырауларға қарамастан ең табысты активтердің бірі болды. Бұл үрдіс биылғы жылы да жалғасады", – деп жазылған әлемдік кеңес таратқан хабарламада.
Credit Suisse сарапшылары алтын унциясына 2075 долларға, кейін 2300 долларға дейін қымбаттайды деген болжам жасауда. Сбербанк сарапшыларының ойынша 2021 жылы құнды метал унциясына 2000 долларға өседі. Жалпы мамандар биыл алтын бағасы түзету бағытында қазіргі 1852 доллардан 1875 долларға дейін нақты өсім көрсететінін айтады.
Ал мұнай бағасына келер болсақ, қаңтардың басында шикізат құны 8% өсіп, 2020 жылдың ақпан айындағы көрсеткішке жетті. WTI маркалы "қара алтын" барреліне 52,5 долларға бағаланды. Қаңтардың екінші аптасында ОПЕК+ отырысы өтіп, қатысушы мемлекеттер мұнай көлемін наурыз айына дейін өзгеріссіз қалдыру туралы шешім қабылдап, уағдаласты. Сарапшылар бұл ақпаратты сұраныс пен ұсыныстың арасындағы теңдікті сақтайтын оң жаңалыққа балап отыр.
Сауд Арабиясы аталған отырыстан кейін ақпан мен наурызда мұнай өндіру көлемін тәулігіне 1 млн баррелге дейін азайтатынын мәлімдеді. Goldman Sachs сарапшылары бұл ОПЕК+ қатысушыларына жасалған "сыйлық" деп бағалайды және мұны локдаунның қайталануынан шикізатқа сұраныстың азаюымен байланыстырады.
Өткен аптада Американың мұнай институты жариялаған мәліметтерден кейін шикізат бағасы қайта өскен еді. Мұның өзіндік себебі де бар. Аталған институт АҚШ-тағы шикізат көлемі 1,7 млн баррелге азайғанын мәлімдеді. Бірақ кейінірек Энергетикалық ақпарат басқармасы мұнай қоры 8 млн баррелге төмендегенін айғақтайтын деректер жариялады.
8 қаңтарда АҚШ-тың жаңа сайланған президенті Джо Байден ел экономикасын пандемиядан кейін жылдам қалпына келтіру үшін триллондаған доллар жұмсау керек, деп жаһанға жария етті. ОПЕК+ тарапынан ұстамды саясат пен жаппай вакцинациялау, Америка экономикасына мемлекеттік қолдау мұнай бағасына жағымды әсер етпек. Сондықтан сарапшылар жақын арады "қара алтын" барреліне 48-53 АҚШ доллары көлемінде болатынын айтады.
Қазақстан 2020 жылы алтын сатып алу жағынан әлемдігі бестікке кіргенін, теңге бағамының тұрақтылығына мұнайдың әсер ететінін ескерсек, құнды метал мен шикізат бағасының тұрақтылығы мен өсуі еліміздің экономикасы үшін оң фактор болатыны анық.
Құралай Құдайберген
Atameken Business Telegram каналына жазылып, маңызды ақпараттардан бірінші болып құлағдар болыңыз!