Алтын өндіретін алпауытпен тайталасқан ауылдықтар түрмеден босап шықты

3339

Бірақ текетірес пен төбелеске түрткі болған проблема қалды.

Алтын өндіретін алпауытпен тайталасқан ауылдықтар түрмеден босап шықты Фото: gazeta-bam.ru

Бұдан бұрын inbusiness.kz бірнеше ауылдың тұрғындары алтын өндіруші фабриканың жұмысшыларын сабап тастағанын жазған болатын.

Биылғы 9 мамырда Шығыс Қазақстан облысының Маралды ауылында ел наразылығының өршігені сонша, билікке полиция сыртында, ауылға арнайы мақсаттағы жасақты енгізуге тура келді.

Жергілікті әкімдіктің мәліметінше, тұрғындар алтын өндіруші фабрикаға басып кіріп, жұмысшыларын соққыға жыққан, мүлікті бұзған. Жұмысшылар да, кәсіпорынның күзетшілері де фабрика аумағын тастап, бас сауғалап қашып кетуге мәжбүр болды.

Негізі, бастапқыда, 8 мамырда алтын өндіруші фабриканың құрылысына қарсы акцияға Маралды ауылының шамамен 100 тұрғыны ғана шығыпты.

Жергілікті әкімдіктің баспасөз қызметінің хабарлауынша, сонда, 8 мамырда Күршім ауданының Маралды ауылында алтын өндіруші фабриканың салынуына қарсылық білдірген "Байтақ" партиясының өкілі мен бір топ тұлға санкцияланбаған жиын өткізген.

Жиын аяқталған соң фабриканың құрылысын доғару туралы бейнеүндеу түсіру үшін Маралдының шамамен 100 тұрғыны құрылыс орнына барған.

Артынша оларға көрші ауылдардың тұрғындары қосылып, қолдау көрсетті. Оның соңы төбелеске, төмпештеуге ұласып, ауылға арнайы жедел жасақ жауынгерлері аттанды.

Шығыс Қазақстан облысы бойынша полиция департаменті іс қозғап, тергеуге кіріскен еді.

Енді, міне, соттың алтын өндіруші фабриканың құрылысына қарсы көтерілген Маралды тұрғындарына қатысты істі тоқтатқаны мәлім болды.

Шығыс Қазақстан облысының Самар ауданының соты алтын өндіруші фабриканың мүлкін бүлдірді, оның қызметкерлеріне күш қолданды деп айыпталған Маралды ауылының 6 тұрғынына қатысты қылмыстық істі тоқтатты. Ақпарат құралдарының нақтылауынша, іс тараптардың татуласуына байланысты жабылыпты.

Тараптар бітімге келді дегенімен, маралдылықтардың төртеуі қамаудан сот залында ғана босатылды. Олар 8 мамырдан бері Өскемендегі изоляторда қамалып жатқан болатын. Тағы екі ауылдық тұрғын сот шешімін үй қамағында күтті.

Маралдыда алтын өндіретін зауыт салып жатқан компанияның өкілі 11 шілдеде өткен сот отырысында судьяға өз тараптарынан енді "айыпталушыларға шағым-претензиясы жоқтығын" мәлімдеген болатын.

"Зардап шегуші тарап", яғни, аталған компания сондай-ақ келтірілген залалдың өтемақысы ретінде ауылдықтардан 6 миллион теңге өндіріп алудан да бас тартты. Әйтпесе, маралдылықтар компанияға сол соманы тауып беру үшін жаппай жылу жинады, дегенмен, қажетті соманың бір бөлігін ғана таба алған екен.

"Біз білеміз, бұл – кәсіпорынға қарсы алдын ала жоспарланған, нысаналы түрде бағдарланған акция. Айыпталушылар қатарында осы акцияны ұйымдастырушылардың және арандатушылардың болмағаны өкінішті. Қарапайым адамдар ғана айыпталды. Біз осыны түсіне отырып, татуласуға бардық. Бірақ тергеу іс-қимылдары ары қарай жалғасады деген үміттеміз", – деген фабрика өкілінің сөзін келтірді ORDA порталы.

Содан бір апта бұрын айыпталушылар өз кінәларын мойындап, істегендеріне өкініш білдірді.

Істің жабылғаны туралы шешім шыққаннан кейін, айыпталушылардың туған-туысқаны зардап шеккен компанияға маралдылықтарды кешіргені үшін алғыс айтты.

"Үйге оралғандарына шүкіршілік етеміз де. Біздің адамдарды жаңылыстырып, арандатқан. Соған басшылық еткендер жергілікті тұрғындарды өз мақсаттарына пайдаланған, өздері қарапайым ауылдықтардың артында жасырынып қалған. Бүгінде солай жасау қиын емес: чаттарды, Тиктоктарды пайдаланады. Ауылдықтар соның бәрін естіп-біліп, желіккен. "Маралды-экология" чатын жауып тастау керек. Онда сала мамандары, эксперттер жоқ, алайда бәрі шетінен қорытынды бергіш. Өздеріне ұнамағандарын чаттан шығарып тастайды. Ауылдықтар олардың айтқанына сенеді. Салдарынан, екі жыл бойы ауылдан тыныштық кетті. Барлығы шаршады, бейбітшілік керек", – деп күрсіне сөйледі журналистерге айыпталушылардың бірінің туысқаны Майя Қойшыбаева.

Дегенмен, биылғы мамыр айында кәсіпорынның аумағына баса-көктей кірген жүз шақты адам ондағы өндірісте улы цианидтің пайдаланылуынан қауіптеніп, фабрикадағы жұмыстарды доғаруды талап еткен болатын. Экология мәселесі енді не болатыны белгісіз қалды.

Сот залынан шыққан тараптар бітісіп, құшақтаспағанымен, көшеде кездесіп, ақпарат құралдарының алдында бір-бірімен қол алысты.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу