"AMANAT-тықтар көп екенін көрсетті": ЖСДП Смайыловтың кандидатурасына қарсы болды

3208

Бұл туралы Жалпыұлттық-социал демократиялық партия фракциясының мүшесі, депутат Нұрлан Әуесбаев Мәжілістің жалпы отырысында айтты. 

"AMANAT-тықтар көп екенін көрсетті": ЖСДП Смайыловтың кандидатурасына қарсы болды

Төменгі палатада Үкімет басшысының лауазымына ұсынылған Әлихан Смайыловтың кандидатурасы талқыланды, деп жазады inbusiness.kz.

Оппозициялық партия өкілінің сөзінше, халықтың әл-ауқатының төмендеуіне Үкіметтің әлсіз әлеуметтік саясаты кінәлі.

"Бүгінгі кездесуде көтеріліп отырған сұрақ өте маңызды. Біз сіздің (авт. – Мемлекет басшысының) 30 жыл бойы әбден былыққа батқан жүйені өзгертемін деген құлшынысыңызды көріп отырмыз. Бірақ оны ертең жүзеге асыратын мемлекеттік аппарат, оның ішінде Үкімет екені анық. Күні кеше өзіңіз де болашақ Үкіметтің алдында бұрын-соңды болмаған ауқымды міндеттер қойдыңыз. Біз 20 жыл билікке оппозицияда жүріп, халқымыздың әл-ауқатын төмендеуіне Үкіметтің әлсіз әлеуметтік саясаты кінәлі екендігіне көзіміз жетті. Ал, енді бүгін тағы да аманаттықтар өз көпшілігін көрсетіп, ұсыныс беріп отыр. Әрине, парламенттік оппозиция ретінде біз бұл ұсынысқа қарсымыз", – деді депутат.

Өз кезегінде AMANAT партиясы фракциясының жетекшісі, депутат Елнұр Бейсенбаев Смайыловтың Премьер-Министр лауазымына лайық екенін жеткізді.

"Соңғы бір жылда Үкіметке қоғам тарапынан айтылған сын аз болған жоқ. Бірақ министрлер кабинетінің небәрі бір-ақ жыл жұмыс істегенін ескеруіміз қажет. 1 жыл Үкіметтің жұмысын объективті бағалау үшін тым қысқа уақыт. Оған қоса Смайыловтың кабиент күрделі геосаяси жағдайда жұмыс істеді. Сыртқы саясаттағы санкциялардың күшеюі, әлемдік инфляцияның тұрақтамауы біздің де экономикамызға кері әсерін тигізуде. Оған қоса 2 жылға жуық уақыт үкімет пандемияның салдарымен күресті. Екіншіден, саяси басшылардың жиі ауыс-түйісі реформалардың қарқынының төмендеуіне әкеп соқтырады. Қазір бізге мұндай қадамға барудың қажеті жоқ деп есептеймін", – деді ол. 

Айта кетейік, осыған дейін Әлихан Смайылов Үкімет басшысы болып қайта тағайындалғанын жазған болатынбыз.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу