Америка ауғандағы "мәңгілік соғысын" аяқтады

4282

Байденнің әскерді тамыздың 31-не дейін шығару жоспары Кабул уақытымен кеше түнгі сағат 12-ге 1 минут қалғанда толық орындалды. 

Америка ауғандағы "мәңгілік соғысын" аяқтады

Құрама Штаттар Ауғанстаннан шығуды дүйсенбі күні кешке аяқтады. Осылайша, Американың ең ұзақ соғысы тәмамдалды. Ол АҚШ-тың әскери тарихында қыруар сәтсіздіктерімен, орындалмаған армандарымен және әуежай маңында 180 -нен астам ауғандық пен 13 америкалық жауынгердің өмірін қиған алапат жарылыстармен есте қалмақ, деп жазады inbusiness.kz тілшісі.  

Әуе күштері Кабул әуежайынан соңғы әскери контингентті әкеткеннен кейін, Президент Джо Байденнің сейсенбіде соғысты тоқтату жоспары мерзімінен бірнеше сағат бұрын орындалды деуге болады. Мыңдаған жауынгер екі апта бойы "Талибан" содырлары басқарған елден қашуға жанталасқан ондаған мың ауғандықты, америкалықты және басқа да әуе тасымалдарын қорғау үшін авиациялық терминалды бақылауда ұстауға тырысты.  

Эвакуация мен соғыстың аяқталғанын хабарлай отырып, АҚШ Орталық қолбасшылығының жетекшісі генерал Франк Маккензи соңғы ұшақтардың Кабул әуежайынан Вашингтон уақытымен  түстен кейін сағат 03.29 -да немесе Кабул уақытымен түнгі 12-ге бір минут қалғанда ұшып кеткенін жариялады және де Маккензи Ауғанстанда қалып бара жатқан "жүз шақты" америкалықтың әлі де елден кете алатынына сенім білдірді.

Мемлекеттік хатшы Энтони Блинкен артта қалған америкалықтардың саны 200-ге жетпейтінін мәлімдеп, Мемлекеттік департаменттің оларды шығару үшін эвакуациялық жұмысты әрі қарай жалғастыратынын атап өтті. Сонымен қатар, әскерилер бастаған бұл эвакуацияны батыл әрі тарихи деп бағалап,  АҚШ-тың дипломатиялық миссиясы Катар астанасы Дохаға ауысатынын жеткізді.

Кабулдың Хамид Карзай атындағы халықаралық әуежайы 15 күн бойы  АҚШ-тың бақылауындағы аралға айналып қана қоймай, 2400-ден астам америкалықтың өмірін жалмаған 20 жылдық соғыстың соңғы аялдамасы болды.

Эвакуацияның ақырғы сағаттары драмамен ерекшеленді. "Ислам мемлекеті" тобының Ауғанстандағы жасақтарынан төнген қауіпке қарамастан, америкалық әскерилердің алдында ұшақтарға елден кетуге асыққан ауғандықтар мен  өздерін және құрал-жабдықтарын тиеу міндеттері тұрды. Айта кету керек, тамыздың 26-ында сұмдық жанкештілік жарылыстан мұнда 13 америкалық әскери қызметші мен 169 ауғандық қаза тапты.

Бұл эвакуация Байденнің 2001 жылы қыркүйектің 11-інде Нью -Йоркте, Вашингтонда және Пенсильванияда 3 мыңға жуық адамды мерт қылған алапат террористік шабуылдарға жауап ретінде басталған "мәңгілік соғысты" аяқтау уәдесінің орындалғанын да білдіреді. Оның сәуір айында жариялаған шешімі ауғандағы соғыстан шаршаған талай америкалықтың көңілінен шықты. Алайда қазір президент өз елінде және шетелде осы соғысты аяқтағаны үшін емес, Ауғанстаннан сұрапыл хаос жағдайында кетіп, АҚШ-қа сенімді сетінеткен соңғы эвакуация үшін үлкен сынға ұшырап отыр.

Бұл әскери жанжалда ондаған мың америкалық жауынгер жараланып, миллиардтаған доллар қаражат жұмсалған. Ал, Браун университетінің "Соғыс шығындары" жобасына жүгінсек, онда коалициялық елдердің 1100 -ден астам жауынгері мен ауғаннның 100 мыңдай сарбазы мен бейбіт тұрғыны қаза тауыпты.

Байденнің пікірінше, бұл соғыс Ауғанстан жерінен 11 қыркүйек оқиғасын жоспарлаған "әл-Каида" экстремистік желісінің лидері Осама бин Ладен өлтірілген кезде, яғни, 10 жыл бұрын аяқталуы керек еді. Содан бері "әл-Каида" айтарлықтай кішірейіп, оның Америкаға қайтадан шабуыл жасайтын мүмкіндігі қалмаған.

Соғысқа қызығушылығы жылдар бойы кеміген Конгресс комитеттері АҚШ -тың Ауғанстаннан кетуінің соңғы айларында не болғанын қоғамдық тыңдауларда күтеді. Неліктен, мысалы, АҚШ өз азаматтарын, сондай –ақ, Американың соғыс қимылдарына көмектескен және "Талибан" қаупіне душар болған ауғандықтарды эвакуациялауды ертерек бастамады?

Бәрі осылай аяқталады деп ешкім ойлаған жоқ. Вашингтондағы әкімшіліктің әу-бастағы жоспары бойынша, АҚШ барлық әскерін шығаруға ниет білдіргеннен кейін, Құрама Штаттардың Кабулдағы елшілігінің жұмысы жалғасып, оны қорғауға 650 -ге жуық америкалық жауынгер қалуы тиіс еді. Бұған қоса, АҚШ серіктес елдермен бірігіп, әуежайды шетелдік контингенттің күшімен қадағалағысы келді. Сонымен қатар, Вашингтон бүгінде өз күшін жойған Ауғанстан үкіметінің армиясын күшейтуге тағы миллиардтаған доллар қаражат бөлуді көздеген.

Енді Байден "әл-Каиданың" Ауғанстанда қайта жаңғыруына жол бермеу және "Ислам мемлекеті" тобының Ауғанстандағы филиалы сияқты басқа да экстремистік ұйымдардың қауіп-қатерлерін еңсеру жөніндегі жоспарына күмәнмен қарап отыр. Себебі, "Талибан" қозғалысы "Ислам мемлекетінің" жауы болғанымен, "әл-Каидамен" байланысын жоғалтпаған.

15 тамызда "Талибан" Кабулды қас-қағым сәтте басып алып, Байден әкімшілігін таңқалдырды. Осы оқиғадан кейін АҚШ өз елшілігін босатып, эвакуацияны тездетуге мәжбүр болды. АҚШ әуе күштерінің тұрғындар мен әскерді көшіру операциясы кезінде бей-берекетсіздік басталып, бірнеше ауғандық қаза тапты. Олардың кем дегенде біреуі ұшу-қону жолағында С-17 ұшағына жармасып мінемін деп жерге түсіп қалғанда жан тәсілім еткен.

Осы эвакуация қорытындысы бойынша, 100 мыңнан астам адам, негізінен, ауғандықтар, қауіпсіз жерге жеткізілді. Байденнің айтуынша, Америка Құрама Штаттары енді әлемнің басқа жерлерінен төнетін қауіп-қатерге назар аударатын уақыт жетті.

Президент Джордж Буш Нью-Йорктегі Дүниежүзілік сауда орталығының жермен-жексен болған қос мұнарасы үйінділерінің үстіне алапат терактіден кейін үш күн өткенде шығып, уәде бергені бар.

"Бұл ғимараттарды құлатқандар жақын арада бәрімізді естиді!", – деді сол кезде Ақ үй басшысы.

Бір айға жетпей, 7 қазанда, Буш соғыс бастады. "Талибан" күштері талқандалып, Кабул небәрі бірнеше аптада құлады. Ал, АҚШ тағайындаған Хамид Карзай билікті өз қолына алып, бин Ладен мен оның "әл-Каидасы"  Пәкістанға бас сауғалады.

Бастапқы жоспар – Ауғанстанды Америка Құрама Штаттарына шабуыл жасайтын базаға айналдырған "әл-Каиданы" лидерімен бірге жою еді. Тағы бір үлкен амбиция - әскердің күшімен ислам экстремизмін жеңуге болады сенімді ту етіп,  "Терроризмге қарсы жаһандық соғыс" жүргізу болды. Бұл күрестің бірінші раунды Ауғанстанда басталды. Содан кейін Буш Иракты таңдады. 2003 жылы Пентагон әскері Бағдадқа басып кіріп, бұрынғыдан бетер қауіпті қақтығыстарға килікті. Осылайша, Ауғанстан мәселесі екінші орынға ығыстырылды. Дегенмен, 2009 жылы Барак Обама Ақ үйді қабылдап, Ауғанстандағы шиеленісті қайта назарға алып, ондағы америкалық контингенттің санын100 мыңға жеткізді.  Ал, 2011 жылы бин Ладен Пәкістанда өлтірілсе де, соғыс тоқтамады.

2017 жылы Дональд Трамп Ақ үйге кірісімен, Ауғанстаннан кеткісі келетінін хабарлады. Бірақ, кеңесшілері оған мұндай мүмкін бермек түгіл, ауғандағы америкалық әскердің санын тағы сан мың жауынгерге көбейтіп, "Талибанға" қарсы шабуылдарды күшейтуге көндірді оны. Дегенмен, Трамп әкімшілігі "Талибанмен" 2020 жылдың ақпанында уағдаласып, 2021 жылдың мамырына дейін АҚШ қарулы күштерін Ауғанстаннан толық әкету туралы келісімге қол қойды. Бұл пәтуаға сәйкес, "Талибан" бірнеше уәде берді, солардың ішінде, АҚШ әскерлеріне шабуыл жасамау туралы сөз де бар. Ал, Байден Трамптың жолын жалғастырып, биыл сәуірдің ортасында ауғаннан толық кету жоспарын жариялады.

Содан кейін тәліптер шабуылдарға шығып, тамыз айының басында-ақ маңызды қалаларды, соның ішінде, провинциялардың астаналарын жаулап алды. Ауған әскері күйреп, президент Ашраф Ғани шетелге қашып, көп ұзамай "Талибан" Кабулға да кіріп, оны да тамыздың 15-де өз бақылауына алды.

АҚШ соғыс жүргізген жылдары Ауғанстанның кейбір бөліктері модернизацияланып, көптеген ауғандықтардың, әсіресе, әйелдер мен қыздардың өмірі айтарлықтай жақсарды. Бірақ, Ауғанстан әлі трагедия, әлі кедей, әлі тұрақсыз. Оның халқының көбі "Талибан" 1996-2001 жылдары билік құрған кездегі қатыгездікке қайта оралудан қорқады.

АҚШ -тың сәтсіздіктері аз емес. Ол бір кездері "Талибанның" тоз-тозын шығарғанымен, оны ешқашан жеңе алмады. АҚШ жергілікті армияны жаттықтыруға және жабдықтауға 83 миллиард доллар жұмсаса да, ауғанда көтерілісшілерді тоқтата алатын әскер құра алмады.

Арыс Әділбекұлы


Atameken Business Telegram каналына жазылып, маңызды ақпараттардан бірінші болып құлағдар болыңыз ! 

 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу