Андрес Веласко: Карантинде қамалған халықтың шығынын мемлекет өтеуі керек

8217

Чилилік зейнетақы реформасының авторы Қазақстанды дағдарыстан шығаратын үш қадамды атады.  

Андрес Веласко: Карантинде қамалған халықтың шығынын мемлекет өтеуі керек

Astana Finance Days қаржы конференциясына Чилидің белді экономисі Андрес Веласко да қатысып жатыр. Бұл адам бізге Қазақстанның зейнетақы реформасына үлгі болған модельдің авторы ретінде танымал.  Қазір Лондон экономикалық мектебінің мемлекеттік саясат мектебінің бірінші деканы болып жұмыс істейтін сарапшы  COVID-19 індеті әкелген дағдарысқа дамушы елдер  қалай төтеп беруге болатынын түсіндірді.

"Бұл дағдарыс Еуропадан қарағанда Чили, Қазақстан сияқты елдерге кешірек келді. Африкада да, Азияда да, Орталық Америкада да эпидемия тоқтаған жоқ. Бірақ  біздің елдер алған соққы бұл ғана емес. Әлемдік сауда бәсеңдеп қалды. Дүниежүзілік сауда ұйымы биыл әлемдік сауданың үштен бірі тоқтайды деп отыр. Шикізатқа сұраныс азайды. Бұл энергия шикізатының бағасына қатты тәуелді Қазақстан экономикасы үшін маңызды құбылыс. Туризм тоқтады. Дамушы елдерден наурыздан бері капитал үдере көшіп жатыр. Эпидемияны қоссақ, осындай бес соққы алдық. Дамыған елдер қазір экономиканы қолдау үшін ЖІӨ-нің 10-15 пайызын шығындап жатыр. Дамушы елдер олай істей алмайды. Бұл біз ұзақ рецессияға кетіп барамыз деген сөз", – деген маман Ұлттық қордың қаражатын пайдалануға қатысты да өз ойын білдірді.

"Чили үшін де, Қазақстан үшін де үш негізгі мәселе бар. Зардапты мейлінше азайту үшін төтенше шараларды ойланып қабылдау керек. Біріншіден, карантин салдарынан үйге қамалған халықтың шығынын мемлекет өтеп беруі керек. Одан кейін ел экономикасы үшін маңызды компанияларды қолдауға тура келеді. Бұл кезде сахнаға Үкімет шығады. Екіншіден Орталық банк пен Үкімет бірігіп нарықта қалуға тиіс компаниялардың төлем қабілетін кепілдік берсе, халық та оларға сенім артады. Үшіншіден, экономикалық өсімді ынталандыру шаралары күшеюі керек. Инфрақұрылымды дамытуға, экологияны жақсартуға қатысты жобаларға инвестиция салу арқылы экономиикалық өсімді сақтауға болады. Бұл бір жағынан жұмыссыздықты азайтады", – деді профессор.

Ол, сондай-ақ, кез келген елдің Үкімет мүшелеріне қиындықтарды кәсіби сарапшылардың көмегінсіз еңсеру қиын болатынын ескертті

"Британия Премьер-министрі Джонсон мырза мен АҚШ Президенті Тармп мырза әуелі сарапшыларды менсінбеген болатын. Енді солардың пікіріне жүгінуге мәжбүр. Сондықтан Үкімет шешіміне әсер ете алатын сарапшыларды тәрбиелеу керек. Олар тіпті Үкімет саясатын халыққа қарапайым тілмен түсіндіре де алады. Бүгінгідей қиын кезеңде саясатты айқындаушы да, оны халыққа  түсіндіруші де сарапшы болуы керек", – деді ол.

Сарапшы сұхбат соңында Қазақстан үлгі етіп алған зейнетақы реформасының кемшіліктеріне тоқталды.

"Чилилік модель Қазақстанға энергетикалық ресурстар мен пайдалы қазба байлықтарының бағасы аспандап тұрғанда мінсіз үлгідей болып көрінді. Бірақ макроэкономикалық көрсеткіштер  экономиканың тұтастай табысты жұмыс істеуіне кепілдік бола алмайды. Экономикалық өсім тұрақты болуы үшін экономика әртарапты болуы керек. Қазір Қазақстан пайдалы қазба экспортына тәуелді. Бүгін сол тәсілдің барлық жағымсыз жақтарын сезініп жатыр. Ал  Чилиде еңбек нарығын жеке компаниялар реттеді. Бірақ біз құрған жүйе соншалықты инклюзивті болған жоқ. Адамдардың табысы мен зейнетақы жинағы реформаның жеміс беруіне жеткіліксіз болды. Қандай реформа болса да, мемлекет азаматтардың қамсыз кәрілігіне кепіл болуы тиіс. Азаматтар қандай да бір сәтсіз оқиғаның кесірінен соңғы жинағынан көз жазып қалмауы керек.  Сондықтан біз құрған зейнетақы реформасының сәтсіз де, сәтті де тұстары бар. Оның өзге елдерде жемісті жүзеге асуы қаншалықты сәтті икемделгеніне байланысты", – деп түйіндеді Андрес Веласко.

Есжан Ботақара

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу