"Апа, шыдай тұрыңыз". ШҚО-да коронавирус жұқтырған науқастың қолы кесілді

3695

COVID-19-дың уақытша стационарына жатқан 67 жастағы Қарлығаш Уәлиева "дәрігерлердің қылмыстық немқұрайлығы" кесірінен басқа бір ауру тауып, қолын білегінен кестіріп тастауға мәжбүр болды.  

"Апа, шыдай тұрыңыз". ШҚО-да коронавирус жұқтырған науқастың қолы кесілді

Бір кеште 360 шақырым жол жүргенімен ауданның да, облыстың да ауруханаларынан "пана таппаған" қарияның басына түскен жағдайды оның қызы Айгерім Шағиманова inbusiness.kz тілшісіне баяндап берді. 

"Ну, че поделаешь?".
(Катонқарағай аудандық №2 ауруханада болған жағдай)

"Анамнан вирус анықталған соң екі рет ауруханаға түсті. Екінші жолы қатты демікті. Мәселе сол кезден басталды. Оның білегіне медбике қойған вазофикс [18 тамыздан 24 тамызға дейін] бір апта бойы ауыстырылмай тұра берген. Қолының сүйегі қақсап, қатты ауыртқан соң, түнгі кезекшіліктегі қызметкерден вазовиксті алып тастауын өтінген. Қызметкер: "Апа, шыдай тұрыңыз, таңертең бір система жіберейін", – деген. Ертеңінде система қойып болған соң вазофиксті алып тастауын тағы сұраған. Қызметкер енді "кешке дейін шыдаңыз" деп созбақтапты. Қандай бассыздық! Вазофикстің екі күнде ауыстырылып тұруы керегін қарапайым халық – мен білемін тіпті! Қысқасы, осылайша оны хирургтің қарауынсыз ауруханадан шығарып жіберді", – деді Әйгерім Шағиманова.

Ауруханадан шыққанда науқастың сол қолы "ісіп", вазофикстің орыны "қарая бастаған". 30 тамызда ауруханаға қайта жүгінген. Хирург "емдейтін дәрі жоғын", "облыс орталығына жіберу" керегін айтқан. Жолдама қағазына "Инфекциядан кейін сол жақ ісіктің асқынуы. Қант диабеті. Жаңа басталып келе жатқан гангрена (жансыздану, шіру – ред.)?" деп, сұрақ белгісімен жазып берген. 

"Бас дәрігерге кірдім. Облыстық аууруханаға жедел жәрдем көлігімен жіберуге негіз жоқ, мәшинемен жіберіңдер деді. Анам мәшинемен Өскемендегі ауруханаға кешкі 19:00 шамасында барды. Ондағылар қолын "УЗИ-ге" түсіріп, жуып-шайып бергенімен қабылдамады. Тұрғылықты жерге барып емделіңіздер деді. Катонқарағай аудандық №2 аурухананың бас дәрігерінен көмек сұрап хабарласқанымызбен, "Ну, че поделаешь? Қайта келіңдер дәрі табамыз" деді. Жасы 70-ке таяған әрі қант диабеті бар кәрі адамды түнгі 22:00-де тағы 360 шақырым жүргіземіз бе? Сонымен өз бетімізбен емдетуге көштік", - деді сұхбаттасушымыз.

"Операция 25 минут болды"

Қарлығаш Уәлиеваны қыздары облыстық мамандандырылған медициналық орталыққа алып келген. Оның қолын кесу шешімі сол жерде шығарылған.

Бұл тұста осы орталықтағы емдеуші дәрігердің науқасты шығару туралы тұжырым парағына жазып бергеніне сүйенеміз (мұны науқастың қызы Айгерім Шағиманова ұсынып отыр – ред.):

"Науқастың келіп түскендегі шағымы: сол қолының басы ауыруы, саусақтарының ұйып, салқындауы, дене қызуының 37,4-ке дейін көтерілуі, әлсіздік"; 
"Қорытынды диагнозы: эмболия (қан тамырының бітеліп қалуы – ред.) және қан ұюы. 
Коронавирустан кейінгі жағдайы орта дәрежелі ауыр екі жақты пневмониямен аралас. 
Негізгі ауыруының асқынуы: сол жақ иық артериясында қан ұйыған, шынтақ пен кәріжілік артериясында қан ұйыған, білек пен білезікте гангрена. Септикалық жағдайда. Қосалқы ауыруы: қант диабеті 2-тип, созылмалы бүйрек ауыруы
Қолының басын ампутациялау (кесіп тастау – ред.) операциясы: 
2 қыркүйекте сағат 15:40-та басталып, 16:05-те аяқталды. Жалпы 25 минут болды.
Емдеу "сауығумен" аяқталды.
Науқас стационарда 1-14 қыркүйек аралығында жатқан.
Рекомендация беріледі:
1. тұрғылықты мекенжайы бойынша терапевт пен нефролог бақылауында және емдеуінде болу;
2. №9 диетасын ұстану;
3. 6 ай өткен соң гепатитке, 1-3 ай өткен соң АИТВ-ға қан тапсыру;
4. 3-4 ай өткенде кеуде қуысын компьютер томографиясына түсіру;
5. тігісті 5 тәуліктен кейін шешу, таңу;
6. күніне 2 таблетка сорбифер дурулес (дәрі атауы – ред.) және күніне 2 таблетка фолий қышқылы;
7. 10 күннен кейін қорытынды анализ тапсыру".
Науқасты шығару парағында жазылғандар осымен тәмам.

Бақылау департаментінің шағымды қарауға "уақыты жоқ"

Қарлығаш Уәлиеваның балалары 10 қыркүйекте Медициналық және фармацевтикалық қызметті бақылау комитетінің Шығыс Қазақстан бойынша департаментіне  шағым тапсырған. Шағымда "дәрігерлердің қылмыстық немқұрайлығын атап өтпей болмайды" деп жазған. 

Алайда арада бір айға жуық уақыт өтсе де шағым қаралмаған.

"Шағым келіп түскен. Әлі қаралған жоқ. Өйткені бізде бір ғана маман бар. Оның қарауға уақыты жоқ. Қашан қарайтынын айта алмаймыз. Жалғыз өзі үлгермейді", – деді бізбен тілдескен департамент басшысының орынбасары Алмагүл Сыдықбайқызы. 

"Бәрі жақсы. Құпия мәліметтерді ұсынбаймыз"

Облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Елмира Рахимбаева мен Катонқарағай аудандық №2 ауруханасы басшысының міндетін атқарушы Эльмира Нұралинаның бізге берген жауабы тым сараң.

"Қазір науқаста оң динамика байқалады, жағдайы жақсарып, тұрақтанды. Медицина протоколдары бойынша ем алып жатыр", - деп жазылған басқарма жауабында.
Ал аурухана басшысы заңды алға тартады.

"Халық денсаулығы және денсулық сақтау жүйесі туралы" кодекстің 273-бап 4-тармағында медицина қызметкерлерінің құпия мәліметтерді ұсынуына тыйым салынған. Пациенттің жеке деректері олардың жазбаша келісімімен ұсынылады. Заң бойынша, пациент өзі ғана бұқаралық ақпарат құралдарына таратады, - деп жауап жазған. 

Біздің науқастың қолын кесуге дейін жеткізген қандай жағдай және оған дәрігерлердің кінәсі бар ма, жоқ па – соны білу мақсатында жіберген сұрақтарымыз жауапсыз қалған.

P.s. Айгерім Шағиманованың сөзіне қарағанда да, анасының жағдайына қатысты тексеру жүргізілмеген. Онымен тілдескен бақылаушы департаменттің басшысы Нұрланғазы Ибраев жауап екі айда болады деп айтқан. Айгерім Шағиманова катонқарағайлық дәрігерлердің нақты диагноз қоймай жауапкершіліктен бас тартқанына, олардың алдына барған науқасқа шын ниетімен қарамағанына және тексеруге тиіс мекемелердің сылбырлығына налиды.

Тасқын Болатұлы


Atameken Business Telegram каналына жазылып, маңызды ақпараттардан бірінші болып құлағдар болыңыз ! 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу