Әр қала бөлшектеліп, тұрғындар секторларда оқшауландырылады ма?

1981

"Астыртын ымыраласу теориясын" жақтаушылар күтпеген жерден қала салушылар мен сәулетшілерге тосын қиындық тудырды. 

Әр қала бөлшектеліп, тұрғындар секторларда оқшауландырылады ма? Фото: inbusiness.kz

Қала әр тұрғынға қолайлы болуы үшін адамдарға не қажеттінің бәрі жақын жерде орналасқаны жөн. Ата-аналар перзенттерін балабақшаға, мектепке апару үшін таңазанда қаланың басқа ауданына шабылмауы қажет. Басы ауырып, балтыры сыздай қалса, емхана қашықта емес, қол созым жерде болғаны маңызды. Банктер, дәмхана-мейрамхана, сауда орталықтары да іргеде тұрса, оңтайлы. Әр шағын ауданның төл саябағы, сквері, қоғамдық кеңістігі болса, бір ғанибет. 

Осындай қолайлы қала құру идеясы жаңа емес, оны бұрыннан әлемнің түрлі еліндегі урбанистер пысықтап, дамытып жатыр. Солардың әзірлемелерін басшылыққа алған Әсет Исекешев Астана әкімі болған тұста, 2017 жылдың басында "қадамдық қолжетімділік" бастамасын жариялады. Жоба қарапайым: тұрғындарға қажеттінің бәрі еш көліксіз, аяқпен жүріп тез жетуге болатын жақын маңда орналасуға тиіс. Сонда азаматтар қоғамдық көлікті не жеке автомобильді қолдануға зәру болмайды, осының арқасында жолға түсетін жүктеме азайып, кептелістер проблемасы шешіледі.    

"Астана 129 секторға бөліп тасталатын болады. Әр секторда 10 мыңға дейін адам тұрады. Әрбір секторда кем дегенде 32 әлеуметтік стандарт сақталады: төл мектептері, балабақшалары, парктері, спорт алаңдары, емханалары, полиция бөлімі, тамақтандыру орындары, автобус бағдарлары және басқасы болады", – деп тұжырымдады әкім.

Астананың кейінгі әкімдері де елорданы қадамдық қолжетімділік қағидаты негізінде дамытып келеді. 

Қала салу саласының бір топ зерттеуші ғалымдары бұл бағыттағы теорияларды тұжыра келе, 2020 жылы "15 минуттық қала" қағидатын жариялады.  
Бұл теориясымақ еш сын көтермейді және сарапшылар оны оң-оңай жоққа шығарып отыр. Біріншіден, адамдар жұмысы үшін бәрібір қаланың өзге бөліктеріне барады. Екіншіден, әр сектордың өз ауруханасы болмайды, ол үшін де қаланың екінші шетіне қатынауға тура келеді. Үшіншіден, ойын-сауық орталықтары әдетте қаланың бір бөлігінде шоғырланады. Астанада мысалы, бұл MEGA Silk Way ауданы. Оның үстіне әр секторда алып концерт залдары болмайды, болғанның өзінде гастрольмен қалаға келген әншілер әр ауданды аралап жүрмейді. Бұған демалыс күндері тұрғындарды магниттей тартатын базарларды қосыңыз. Жамағат жұма сайын жиналатын алып мешіттеріміздің орны бір төбе. Ендеше Қазақстандағы қалалықтардың аралас-құраластығы сақталады, толық оқшаулану қаупі шамалы. 

Ал қала өркендеген не арттап қалған бөліктерге ажырамас үшін қала билігі барлық ауданды бірдей дамытуға назар аударғаны жөн. 

Айта кетер жайт, Астананың қадамдық қолжетімділік үлгісі мен тәжірибесін барлық қалаларға таратып жатқан Қазақстан халықтың өз аумағында қамалып қалуына соқтыруы мүмкін кедергілерді алып тастауда. Мысалы, бұрын әр тұрғын тек өз ауданындағы ХҚКО-ға ғана жүгіне алса, енді ол шектеу жойылды. Алда емханалар мен мектептер бойынша тіркеуге (прописка) қатысты шектеу алып тасталса, жөн.
2021 жылғы 20 желтоқсанда "ҚР кейбір заңнамалық актілеріне азаматтық процестік заңнаманы жетілдіру және дауларды соттан тыс және сотқа дейінгі реттеу институттарын дамыту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заңы қабылданып, Қазақстанда "эксаумақтық соттылық" енгізілді. Оған сәйкес,  дауласушы тараптар өзара келісім бойынша іс үшін экстерриториалды соттылықты таңдай алады. Онда олардың ісі тұрғылықты жеріне байланусыз, республиканың жүктемесі ең аз кез келген басқа сотына автоматты түрде беріледі. 

"Соттың тараптардың орналасқан жерінен қашықтығы ешқандай қиындық туғызбайды, өйткені олар бейнеконференц байланыс арқылы онлайн режимде процеске қатыса алады. Мәселен, әскери бөлім Астананың мамандандырылған экономикалық сотына Шымкентте орналасқан жеке кәсіпкерге қатысты талап арызбен жүгінді. "Төрелік" ақпараттық жүйесі бұл іс үшін Ақмола облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотын таңдады. 2022 жылғы 9 қыркүйекте электрондық іс сол сотқа жіберілді және қысқа мерзімде шешілді", – деп түсіндірді Астана мамандандырылған ауданаралық экономикалық соты. 

Сарапшылар он бес минуттық қала әсіресе, мүгедектігі бар жандарға аса қажет екенін қаперге салады. Аяқ қолы балғадай адамдар еріккеннен көрінген конспирологияны қызу қолдап, билікке наразы болуы мүмкін. Бірақ олар мүгедек арбасымен қияға сапарлаудың азабын ең құрыса бір рет тартып көрсе, естері кірер ме еді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу