Арал теңізінің суы азайғанымен, балық аулау төмендемей тұр

1022

Тағы бір мәселе, Қызылорда облысына бекітілген балық аулау квотасының көлемі балық өңдеу зауыттарының мүмкіндігінен едәуір төмен көрсеткішке ие.

Арал теңізінің суы азайғанымен, балық аулау төмендемей тұр Фото: Арал ауданы әкімдігі

Арал теңізіндегі балықтың қорын анықтап, нақты өсу динамикасын терең зерттеу қажет. Себебі, Арал теңізінің суы 27 миллиардтан 19 миллиардқа азайған. Бір өкініштісі, балық аулау лимиті әлі төмендемей отыр.

Бүгін Қызылорда облысында Арал өңірі балықшыларының VII слеті өтті. Іс-шара аясында "Арал өңіріндегі балық шаруашылығын дамыту" жөніндегі дөңгелек үстел ұйымдастырылып, саланың мәселелері талқыланды, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.

Бүгінгі күні акваөсіру саласын қоспағанда балықты табиғи су айдындарынан аулаумен ғана шектеліп отырмыз. Облысқа бекітілген балық аулау квотасының көлемі балық өңдеу зауыттарының мүмкіндігінен едәуір төмен. Дүниежүзілік тәжірибе көрсетіп отырғандай, балық өнімдерінің көлемін арттырудың бірден-бір жолы – қолдағы су айдындарда балық қорын табиғи молайту мен балық өсіру. Бүгінгі іс-шараның мақсаты – облысымыздың балық шаруашылығының дамуының негізгі жолдарын нақтылай отырып, Кіші Арал теңізінің және көлдер жүйесінің болашағын қолға алу. Сондай-ақ, балық өсіруді тоған шаруашылығын дамыту арқылы да жүзеге асыруымыз қажет, - деді Қызылорда облысы әкімінің бірінші орынбасары Серік Қожаниязов.

Балық шаруашылығы комитеті төрағасының орынбасары Алмас Асылбеков еліміздегі "Балық шаруашылығын дамыту бойынша қабылданып жатқан шаралар" туралы айтты. Сонымен қатар, мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың су ресурстарының тапшылығын азайтуға септігін тигізетін, климаттың өзгеруі мен шекаралас мемлекеттердің саясатын ескеруге мүмкіндік жасай алатын жаңа нұсқадағы "Су кодексі" дайындалып жатқандығын жеткізді.

Сондай-ақ, балық шаруашылығы саласының ардагері, қоғам қайраткері, бұрынғы балық шаруашылығы министрі Құдайберген Саржанов "Арал-Сырдария бассейнінде Арал қаяз балығы мен барлық балық популяциясын сақтаудың қажеттілігі" туралы ой қозғаса,

түрлі сала басшылары мен ғалымдар, табиғат пайдаланушылары "Кіші Арал теңізінің қазіргі жағдайы", "Арал теңізінің қазіргі жай күйі және болашағы", "Браконьерлікпен күрес шаралары" туралы пікірін білдірді.

"Арал теңізінің балық қорын сақтау" бойынша Арал ауданының әкімі Серік Сермағамбетов сөз сөйледі.

Балық зерттеу институтының жұмысын жүйелендіру керек. Осыған байланысты Арал теңізіндегі балықтың қорын анықтап, нақты өсу динамикасын терең зерттеуді қажет етеді. Себебі, теңіздің суы 27 млрдтан 19 млрдқа азайғанымен, балық аулау лимиті төмендемей отыр. Бүгінде заңсыз балық аулаудың дерегі көп. Осыған тосқауыл қою бағытында аудан аумағында белгіленген орындарында арнайы салмақ өлшейтін таразымен және бейне бақылау қондырғыларымен жарақталған бекет қою жұмыстарын қолға ала отырып, заңсыз балық аулаушылардың алдын алу керек. Табиғат пайдаланушылар өз учаскелерінде балық аулаумен айналысатын барлық жеке тұлғалардың заң шеңберінде тіркелуін жүзеге асыру да маңызды. "Судың да сұрауы бар" демекші ауданда суды реттеу мәселесі қордаланған. Аталған мәселеге байланысты Арал ауданында 2005 жылға дейін жұмыс істеген "АралСуШаруашылығы" мекемесін қайта құруды ұсынамыз, - деді ол.

Басқосуға қатысушы балықшылар мен сала ардагерлері "Балық шаруашылығы ғылыми зерттеу институтын" өңірде қайта құруды, Халықаралық Аралды құтқару қорының бас дирекциясын Арал ауданына орналастыруды, Арал теңізінің суландыру бойынша ауданға бөлек судың лимитін бекітуді ұсынды.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу