Мәжіліс депутаты Азат Перуашев "Штрафстан" деген сөзіне қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
"Президентпен толықтай келісемін. Расында да, біз өз елімізді сыйлауымыз керек. Шетелдік инвесторларды, туристерді шақырған кезде оларды не үшін шақырып отырмыз? Елімізді мақтау үшін бе, жамандау үшін бе? Әрине, бұл жерде Президенттің сөзі өте орынды. Әрі қарай да біз сол жолдан таймауымыз керек", – деді депутат Мәжіліс кулуарында.
Тілшілер "Бұдан былай Штрафстан деп айтасыз ба?" деп нақтылады.
"Парламентте сөз сөйлеген кезде біз ресми сөзді қолдануға міндеттіміз. Енді әрі қарай сабақ болсын. Мен ол жерде кішкене басқаша айттым ғой. Мен айыппұл бойынша жауапкершілікті заңбұзушылықтың ауыртпалығына сай болу керек туралы айтқанмын. Сондықтан мына терминді пайдаланғаным дұрыс емес болды. Ол рас. Мойындап отырмын. Негізгі көзқарасым солай қалды. Меніңше, жазалау деген ауыртпашылықпен сәйкестігі болуы қажет деп санаймын", – деп түсіндірді Азат Перуашев.
Депутат Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтқанымен келісетінін жеткізді.
"Елімізді жақсы көруіміз керек. Себебі бұл біздің Отанымыз. Басқа Отанымыз жоқ. Еліміз туралы айтқан кезде оны басқалары қалай қабылдайтынын ескеруіміз қажет. Мәселені көтеріп, оны шешу жолдарын талқылау бір бөлек, бұл мәселені мемге айналдыру басқа нәрсе. Президент тек депутаттар туралы ғана емес, блогерлер мен қоғамдық қайраткерлер туралы айтқанын атап өту керек. Біз шетелдік инвесторлар мен туристердің елге келгенін қалаймыз. Олар нашар елге бармайды. Олар өзіне құрметпен қарайтын, мақтан тұтатын елге барады", – деді Мәжіліс депутаты.
Айта кету керек, осыған дейін Мемлекет басшысы "кейбір азаматтар елімізді мазақ қылуға әуестеніп баратынын" айтқан болатын.