Арман Шораев: "Үңгірдегі ұлтшылдық" Қазақстаннан гөрі Ресейде өршіп кеткен

13226

Қоғам белсендісі Арман Шораев Президент Әкімшілігі басшысының орынбасары Дәурен Абаев "үңгірдегі ұлтшылдар" туралы айта келе ресейлік үгіт-насихаттың ығына жығылып кеткенін мәлім етті, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.

Арман Шораев: "Үңгірдегі ұлтшылдық" Қазақстаннан гөрі Ресейде өршіп кеткен Фото: zakon.kz

Айта кетсек, тілге қатысты даудың бәрі "Тіл майданы" қозғалысының дүкендерге рейд жасауынан басталған. Қостанайлық белсенді Қуат Ахметов бастаған топ дүкендерді аралап, мемлекеттік тіл туралы заңның сақталғанын немесе сақталмағанын тексерген. Бұл әрекетті Ресей билігі дұшпандық деп қабылдап, Ахметовке 50 жыл бойы Ресейге кіруге тыйым салды.

Тіл қорғаушылардың бұл әрекетіне байланысты Ақорда да ұстанымын білдірді. Президент Әкімшілігі басшысының орынбасары Дәурен Абаев дүкендерге рейд жасап жүрген азаматтарды "үңгірдегі ұлтшылдарға" теңеген болатын.
Бұл жағдай әлеуметтік желіде біршама талқыланып, халықтың көбі Ақорданың мұндай реакциясына ашуланып жатыр. 

Таяуда ғана қоғам белсендісі Арман Шораев осы оқиғаға қатысты пікірін білдірді.

"Үңгірдегі ұлтшылдық"! Елдегі дүкендерге қазақ тілін білу-білмеуі жағынан жүргізілген рейдтерге Президент Әкімшілігі басшысының орынбасары Дәурен Абаев осылай деп баға берді. Шынтуайтында біздің бәріміз де Қазақстанда, Қырғызстанда "орыс тілділердің құқығы тапталып жатыр" деген жасанды дауды Ресейдегі "Единая Россия" партиясына неғұрлым көп дауыс жинау үшін қоздырып отырғанын білеміз. Біздің елдің Президент Әкімшілігі басшысының орынбасары ерікті түрде ме, әлде еркінен тыс па, әйтеуір бұл істе оларға "ойнап бері де", кешірім сұраған дауыспен біздің жігіттерді "үңгірдегі ұлтшылдарға" теңеп, олармен полиция жұмыс істеу керектігін айтты", – деді Арман Шораев Инстаграм арқылы таратқан видеода.

Оның айтуынша, өз ұлтыңды "үңгірдегі ұлтшылдарға" теңеу – "кіші бауырмын" деп өзін қор санау сезімінен, империяның қол астында болған кезде туған қорқақ мінезден туған.

"Үңгірдегі ұлтшылдық" шындығында Ресейде өршіп тұр. Ол елде 50-ге тарта ұлттық-фашистік ұйым заңды түрде тіркеліп жұмыс істейді. Кезінде фашизмді жеңген елде қазір ахуал осындай. Ол аз десеңіз, Ресейдің республикаларында орыс тілінен басқа тілді оқытуға тыйым салынған. Ресейде 1 миллионға жуық қазақ тұрса да, осыдан 4 жыл бұрын олар сондағы ең соңғы қазақ мектебін жапқан болатын. Ондағы ұсақ ұлттардың бәрінің жағдайы сол. Неліктен татарлар, башқұрттар мен дағыстандықтар онда негізгі тіл ретінде татар тілін оқи алмайды?",  деп заңды сұрақ қояды Арман Шораев.

Қоғам белсендісі Қазақстанда қазіргі уақытта орыс тіліндегі 2 мыңға тарта мектеп барын айтады. 

"Мемлекеттік Дума депутаттары! Мынаны елестетіп көріңізші: сіздер өздеріңіздің бір министрлеріңізге есеп беріп тұрған кезде орыс тілінде сұрақ қойсаңыз, ол сізге ағылшын тілінде жауап берсе қалай болар еді? Елестетіп көріңізші. Елестете алмайтын шығарсыздар. Ал біздің елде дәл сондай қазақ министрлер бар. Мәжіліске келіп, қазақша қойылған сұрақтарға орыс тілінде жауап беріп тұрады. Яғни бізде проблеманың өзі қазақтардың қазақ тілін білмеуінен шығып отыр",– дейді ол.

Арман Шораев Дәурен Абаев айтып отырған "үңгірдегі ұлтшылдық" Ресейде өршіп тұрғанын, ол жақта әлі күнге дейін скинхедтер барын, басқа адамдардың түрі мен түсіне бола сабап, тіпті өлтіріп кететін топтар барын атап өтті.

"Сондықтан бәріңізді ресейлік насихатқа еріп кетпеуге, ресейлік насихат жағында "ойнап кеткендердің" сөзін тыңдамауға шақырамын", – дейді ол.

 

Аян Бекенұлы
 


Atameken Business Telegram каналына жазылып, маңызды ақпараттардан бірінші болып құлағдар болыңыз ! 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу