Арманжан Байтасов: Бізде тең құқық, нақты ойын және нақты жұмыс ережесі болуы керек

2285

Бизнестің қауіпсіздігіне кепіл болу – мемлекеттің міндеті. Мемлекет бизнес-құрылымның қызметіне араласа бермеуі керек.

Арманжан Байтасов: Бізде тең құқық, нақты ойын және нақты жұмыс ережесі болуы керек

"United Media Group" компаниясының негізін қалаушы, кәсіпкер, меценат Арманжан Байтасов inbusiness.kz тілшісіне берген сұхбатында осылай айтты.

–  Қалай ойлайсыз, Президенттің отандық ірі бизнес өкілдерімен кездесуінен кейін қоғамда, кәсіпкерлікте және медиабизнес саласында өзгеріс бола ма?

– Өзгеріс басталды, өзгеріс болып жатыр. "Самұрық-Қазына" ұлттық әл-ауқат қоры АҚ басқарма төрағасы Алмасадам Сейітқалиевтің басшылығымен өткен жиналысқа қатыстым. Жиында көптеген мәселелер, оның ішінде қорда болып жатқан реформалар, мемлекеттік сатып алудың жаңа қағидаты туралы айтылды.

Менеджмент, адамдар, бизнеске деген көзқарас өзгеріп, мемлекеттің экономикаға қатысу үлесі азайып келеді.

Президенттің кәсіпкерлермен кездесуінде бизнестің дамуына серпін берілетіні туралы көп нәрсе айтылды. Медиабизнеске келетін болсақ, бұл – қоғамда болып жатқан барлық өзгеріске жылдам жауап беретін бизнес. Қазір Қазақстан туралы ақпаратқа шет мемлекеттің де назары ауып тұр. Сапалы жұмыс істейтін медиабизнес өкілдері сұранысқа және үлкен аудиторияға ие. Аудитория неғұрлым кең әрі көп болса, қаралым мен оқылым соғұрлым көп болады. Жарнама берушілердің де қатары көбейеді.

– Бізге қандай өзгеріс қажет деп санайсыз?

– Әңгіме бизнес саласын өзгертуге қатысты болса, мемлекеттің экономикаға араласуын азайту бастамасын толық қолдаймын.  Шартты түрде, егер телеарна "Хабар" немесе "Қазақстан" сияқты мемлекеттік тапсырыс орындаса, барлық шығыс мемлекеттік бюджеттен, салық төлеушілердің есебінен өтелсе, онда телеарна нарықтық қатынасқа қатыспауы керек. Мысал ретінде жарнама тарату ісін алайық. Мұндай телеарналар жарнама орналастыру арқылы нарықта жұмыс істейтін телеарналардың жарнамадан табатын табысына ортақтасады. Бұл – әділ бәсекелестікке жатпайды.

Мемлекеттен субсидия алатын телеарнаның тапсырыстың құнына бас қатырмай, табыс табуы дұрыс емес. Нарық жағдайында жұмыс істейтіндер жалақы, салық төлеумен қатар табыс табуға тиіс. Мемлекеттік тапсырыс орындайтындарда жоғарыдағыдай мәселе жоқ. Мұндай жағдай экономиканың барлық саласында орын алып жатыр.

Бізде тең құқық, нақты ойын және нақты жұмыс ережесі болуы керек. Сонда нағыз бәсекелестік пайда болып, экономика дамиды. Жасанды монополияға мүмкіндік берілсе, біреудің қолы кранда, клапанда тұрып, жағдайды реттеуге ықпал етсе, сала құлдырайды.

– Президентпен кездесуден қандай ой түйдіңіз?

– Президенттің баяндамасын толық тыңдадым және барлық сұраққа жауап алдым. Мемлекеттің мүддесі барлығынан жоғары тұратынына көз жеткіздім. Қасым-Жомарт Тоқаев: "Платон менің досым, бірақ шындық қымбат", – деген сөзді айтты.

Президенттің мемлекеттік компаниялардың аппараты мен штатын қысқарту туралы бастамасын оң шешім деп қабылдадым. Мемлекеттік сатып алу мәселесін реттеу туралы тапсырма да көңілге сенім ұялатты. Қаңтар айындағы оқиғалардан зардап шеккен кәсіпкерлерге өтемақы төлеу мәселесі де өзекті болды. "Қазақстан халқына" қорының құрылуы да игі іс. Мұндай қор халықтың бай және кедей топтары арасындағы алшақтықты қысқартпайды, бірақ әлеуметтік әділдіктің орнауына әсер етеді. Жаңа реформалар нақты орта таптың қалыптасуына мүмкіндік береді. Нәтижесінде тұрақты қоғам қалыптасады.

– Отандық бизнес өкілдерінің әлеуметтік жауапкершілігін арттыруға қалай ықпал етуге болады?

– Қазақстанда отандық бизнестің әлеуметтік жауапкершілікті сезінбеген кезі  болған емес. Бұл сөзді толық жауапкершілікпен айтып тұрмын. Мен бірнеше клубта, чатта отырамын, түрлі қорлардың Қамқоршылық кеңесінің құрамындамын. Осы жерден еліміздегі кәсіпкерлердің әлеуметтік жауапкершілігі қаншалықты жоғары екенін көріп, біліп жүрмін. Олар науқас балаларға көмек көрсету, мәдениетті дамыту, қалалардың инфрақұрылымын дамыту ісіне көп күш жұмсайды.

Көрнекті мысал – Алматыда Ботаникалық бақ қайта жаңғыртылды. Арыс  қаласында кәсіпкерлердің есебінен қанша үй салынды?! Пандемия кезінде Қазақстанның барлық қалаларында қарапайым кәсіпкерлер азаматтарға қолдау көрсетті. Оларды ешкім ұйымдастырған жоқ, барлығын өздері атқарды. Тұрмысы төмен отбасыларға азық-түлік себеттері, ауруханаларға оттегі баллондары жеткізілді. Барлық атқарылған істі тізіп отырудың қажеті шамалы болар. Дегенмен отандық кәсіпкерлердің әлеуметтік жауапкершілігі зор деп сенімен айта аламын.

Атап өтерлігі, Қазақстанда кәсіпкерлер аз. Орта тапқа жататын азаматтардың да саны шектеулі. Кәсіпкерлерге жұмыс істеу өте қиын. Себебі олар бастапқы кезеңде әлсіз позицияда тұрады. Кез келген кәсіпкер тәуекел аймағында жұмыс істейді. Бізде салық инспекциясы шоттарды бұғаттап тастауы мүмкін. Салдарынан кәсіпкер қызметкерлерге жалақы төлей алмай қалады. Қызметкер ақшасын кімнен талап етуі керек? Олар неге бұлай болғанына бас қатырмайды. Қанша кәсіпкер рейдерлік шабуылға ұшырады немесе соттың құрбаны болды?!

Мұндай жағдай біздің де басымыздан өтті. Біздің ресурс сотта Кәкімжановтар отбасынан жеңілді. Бұл бізде журналистік тергеумен айналысу қауіпті екенін көрсетті. Мен тек медиасала туралы айтып отырмын. Жалпы, кәсіпкерлерге төнетін қауіп көп. Өкінішке қарай, Қазақстанда бизнеспен айналысу өте қиын.

– Қаңтар қасіретінің қайталануына жол бермеу үшін кәсіпкерлер не істей алады?

–  Кәсіпкерлер кәсіпорындарын дамыту, кеңейту, қызметкерлердің штатын ұлғайту, жалақы, сыйақы төлеу ісін жолға қоя алады. Елде тұрақтылық пен әлеуметтік әділдік болғанда ғана бизнес табысты болады. Мейрамхана, шаштараз, электр станциялары мен зауыттар ашылады. Бұл үшін мемлекет кәсіпкерлердің қауіпсіздігіне кепіл болуы керек.

Кәсіпкер көбейген сайын салық көбейеді. Жаңа жұмыс орындары ашылып, тұрақты жалақы алатын азаматтардың саны артады. Елде жоғары жалақы алатын білікті қызметкерлердің қалыптасуы нарықтағы ақшаны еселейді. Халықтың сатып алу қабілеті артады. Қоғамда тұрақтылықтың тамыры тереңдейді.

Сұхбаттасқан Айбын Асқарұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу