Екі мемлекет не үшін қақтығысып жатыр?
Бұрынғы Кеңес Одағының екі республикасы – Армения мен Әзірбайжан халықаралық деңгейде Әзірбайжанның бір бөлігі саналатын, бірақ 2020 жылға дейін толығымен этникалық армяндардың бақылауында болған Таулы Қарабақ үшін ондаған жылдар бойы соғысып келеді.
2020 жылы алты аптаға созылған қарулы жанжалда Әзірбайжан Таулы Қарабақ пен оның төңірегіндегі айтарлықтай аумақты қайтарып, жеңіске жетті. Бұл ұрыс Ресейдің арағайындығымен жасалған атысты тоқтату туралы келісіммен аяқталды. Бірақ аймаққа ресейлік бітімгершілік күштердің шоғырлануына қарамастан, екі ел арасында оқтын-оқтын қақтығыстар әлі болып тұрады.
Соңғы оқиға кезінде Ереван түнде бірнеше армян қаласына шабуыл жасалғанын хабарлады. Әзірбайжан болса, армян арандатушылықтарына жауап беріп жатқанын мәлімдеп отыр.
Ұрыс неге қазір басталды?
Бұл жерде қазір уақыт өте маңызды. Өйткені Ресей бұрын Армения мен Әзірбайжан арасындағы ең ықпалды делдал болды. Ал сейсенбі күні Кремль Президент Владимир Путин оңтүстік Кавказдағы қантөгісті ауыздықтау үшін бар күш-жігерін жұмсап жатқанын мәлімдегенімен, Украинадағы "арнайы операция" Мәскеудің Таулы Қарабақтағы бейбітшілік кепілі деген мәртебесіне нұқсан келтіріп отыр және де бұл жағдай Әзірбайжанды Арменияға жер мәселесінде тағы да талап қоюға итермелеп жатқандай.
"Менің ойымша, Әзірбайжанда қазір айбынын, әскери басымдығын пайдаланып, қол жеткізуге болатын кез келген нәрсені иеленуге ұмтылыс байқалады", – дейді Chatham House халықаралық істер институтының Ресей және Еуразия бағдарламасының доценті Лоренс Броэрс.
Әзірбайжан да, Армения да 2020 жылғы бітімгершілік келісімнің сипатына үзілді-кесілді қарсы. Баку Таулы Қарабақты саяси құрылым ретінде таратып, онда Ереванның қандайда бір рөл ойнауына тыйым салғысы келеді. Ал Армения сол аймақтағы армяндардың құқықтарын қамтамасыз етуге міндеттеме алған.
Қандай қауіп бар?
Армения мен Әзірбайжан арасындағы атыстар кең ауқымды қақтығысқа ұласып, оған аймақтық ірі державалар – Ресей мен Түркия килігіп, Оңтүстік Кавказды тұрақсыздандыруы мүмкін.
Айта кетсек, бұл аймақ Украинадағы ахуалға байланысты қазірдің өзінде энергетикалық ресурстарды жеткізу қиындаған шақта мұнай мен газ тасымалдайтын құбырлар үшін маңызды дәліз болып есептеледі.
Мәскеу Армениямен бір қорғаныс одағына кіреді. Сонымен қатар Арменияда ресейлік әскери база орналасқан. Анкара этникалық түркілер мекендейтін бауырлас Әзербайжанды саяси және әскери тұрғыдан қолдап келеді.
Армения мен Әзірбайжан арасындағы жаңа соғыс Мәскеуден қосымша бітімгер күшті қажет етуі ықтимал. Алайда дәл қазір Ресей Таулы Қарабақты тыныштандыруға мұндай көмек бере алмауы мүмкін.
"Меніңше, Арменияның оңтүстік бөлігіне бөлшектену қаупі төнсе де бұны сыртқы субъектілер тоқтатуға дәрменсіз тәрізді", – дейді Броэрс.