Армения Таулы Қарабақты Әзербайжан территориясы деп мойындады

3996

30 жылдан астам уақыт бойы сөзбұйдаға салып, "созылмалы дертке", қақтығыс ошағына айналдырып Ресей шеше алмаған түйткілді Еуропа биылғы жыл соңына дейін толық жоятын болды. Бұл ретте "Алматы декларациясы" басшылыққа алынып отыр. 

Армения Таулы Қарабақты Әзербайжан территориясы деп мойындады

Қазақстандағы ақпарат құралдары мұны елеусіз қалдырды. Бірақ шынында өткен аптаның соңындағы посткеңестік кеңістікке қатысты басты оқиғалардың бірі – Прагада еуропалық державалардың араағайындығымен Әзербайжан және Армения басшылары арасында өткен келіссөздер болатын.

Оның қорытындысы бауырлас әзербайжан елін шат-шадыман қуанышқа бөледі. Ал армян елі халықаралық блокададан құтылып, бақуатты, бейбіт өмірге бастайтын жолға қадам жасады. Әрине, "жығылған күреске тоймайды" дегендей, Армениядағы популистер бұған әрі қарай қарсыласып бағуда.

Дегенмен Таулы Қарабақ түйткілін түпкілікті жоятын бітім жолы табылып отыр. 6 қазанда, Чехия астанасында 40-тан астам еуропалық мемлекетті біріктіретін жаңа форматтағы платформа – Еуропалық саяси қоғамдастықтың (ЕСҚ) құрылтайшылық саммиті өз жұмысын бастады. Мұндай жаңа ұйым құру Франция Президенті Э.Макронның бастамасы болатын. Себебі Еуропалық Одаққа кіру күрделі, ал онымен тығыз байланыс жасағысы келетін елдермен ортақ алаң болғаны жөн. Апта соңында аяқталған еуропалық құрылтайға Еуроодаққа мүше 27 елдің көшбасшылары және оған кірмейтін, бірақ кандидат немесе серіктес статусына ие 17 мемлекеттің басшысы шақырылды. Олардың қатарында Әзербайжан, Армения, Грузия, Молдова және Украина болды.

Саммит аясында Еуропалық кеңестің басшысы Шарль Мишелдің жетекшілігімен Әзербайжан және Армения көшбасшылары келіссөз үстеліне отырды. Нәтижесінде, дүрдеараз қос көршінің қарым-қатынасында тарихи бетбұрысқа қол жеткізілген.

Атап айтқанда, Армения соңғы 30 жылдағы сыртқы саяси демагогиясынан және түк абырой әпермеген текетіресінен бас тартып, Әзербайжан елінің территориялық тұтастығын ресми мойындады. 

Әзербайжан Президенті Ильхам Әлиев пен Армения Премьер-Министрі Никол Пашинянның келіссөздеріне Түркия Президенті Реджеп Тайып Ердоған, Венгрия Премьері Виктор Орбан және Франция Президент Эмманюэль Макрон қосылды. Бұл ретте алғашқы екі лидер Әзербайжанды қолдаса, француз көшбасшысы Армения жағының шашбауын көтерді. Себебі Францияда ауқымды, аса ауқатты армян диаспорасы тұрады және олар Париждің саясатына ықпалын жүргізеді.

Мысалы, журналистерге белгілі болғанындай, Макрон бұл келіссөздерде Таулы Қарабақ тұрғындарын тағы бір тарап ретінде қатыстырып, солардың пікірін де білу идеясын ілгерілетті. Өткен ғасырдың соңында басталған қарулы жанжал салдарынан сонда тұратын аз азербайжан жұрты қашуға мәжбүр болды, босқынға айналды. ЕндешеТаулы Қарабақты ен жайлаған армяндар үшінші тарапқа айналса, олар сол 1991 жылғы жылғы референдумдағы сияқты, тағы да Армениямен бір болуды қалайтын еді. Сондықтан Әзербайжан лидері бұл айла-шарғының жолын бірден кесіп тастады.

"Бүкіл әлем жұртшылығы Қарабақ – Әзербайжанның жері екенін ұғып отыр! Біз мұны айтудан жалықпай келеміз. Оккупациялау кезінде де, соғыстан соң да солай болды. Қазір халықаралық қоғамдастық Әзербайжаннан тартып алынған жерлерді қайтару керектігін ашық айтып отыр. Одан артық не керек? Қарабақта тұрып жатқан армяндар да – біздің азаматтарымыз. Олардың тағдырын, болашағын бөгде біреулермен, соның ішінде Армениямен талқылауға ниетіміз жоқ. Өйткені бұл – біздің ішкі ісіміз", – деп шарт түйді Ильхам Әлиев.

Нәтижесінде, Макрон мырза келіссөздер үстелінде бір орындықты жайлағаннан басқа ештеңе істей алмады. Қолдауы болмады. 

"Үстелде армян Премьерінің алдында тұрған Әлиевтің темірдей тегеурінді, гүрзі жұдырығы Арменияны және жаһандық армян қоғамдастығының парадигмасын морт сындырды. Біздің Президент Ильхам Әлиев Әзербайжанды енді санаспауға болмайтын қуатты елге айналдырды", – дейді Әзербайжанның Trend халықаралық ақпарат агенттігінің бас редакторв Эмин Әлиев.

Осы саммит қарсаңында Армения Премьер-министрінің әйелі жетекшілік ететін "Айкакан жаманак" армян газеті екіжақты келіссөздердің бүге-шігесін, соның ішінде Әзербайжан қойып отырған 5 шартты жариялап жіберді. Оған сәйкес, Баку келіссөздерде мынаны талап етті:

  • Таулы Карабах армиясын тарату;
  • Таулы Карабахты "нөлдік мәртебеде", яғни ешқандай автономиясыз, Әзербайжанның құрамындағы өлке деп тану;
  • Армения территориясы бойынша дәліз ашу;
  • 1919, 1920 жылдардағы карталар бойынша делимитациялау (шекара белгілеу) және демаркациялау (шекара бағаналарын орнату) процесін жүргізу;
  • 90-шы жылдардан бері іс-түзсіз жоғалып кеткен әзербайжандардың тағдырын айқындау.

Армян басылымы Әзербайжанмен жаппай бітімге келіп, бейбіт өмір сүру үшін бұл талаптарды қанағаттандыру немесе Бакуді одан бас тартуға мәжбүр ету керек деген байлам жасады. Бірақ Әзербайжанды бітімге күштеп иліктіруге Армения қауқарсыз. Ол Украинадағы соғысынан бас көтере алмай жатқан басты қолдаушысы Мәскеуден де, ҰҚШҰ-дан да көмек ала алмады. Ал майдан даласында армяндар армиясын түрік-әзербайжан бірлескен армиясы күл-талқан етіп, ойсырата жеңді. Қарсыластың әскері тіпті Ереванға дейін жете алады. Қарабақ түгіл, Арменияның кейбір елдімекендеріне дейін кіріп кетті.

Басылым инсайдын сарапшылар Пашинянның Арменияның бірінші президенті Левон Тер-Петросян бастаған оппозицияға жауабы деп есептеді. Себебі ол қазіргі билік халқынан келіссөз туралы толық ақпаратты әдейі жасырып отыр деп айыптаған.

Саммит қарсаңында Парламенттің отырысында сөз сөйлеген Премьер Никол Пашинян Әзербайжанның аумақтық тұтастығын мойындаудан басқа амалы жоқтығын білдірді. Оның айтуынша, Арменияның екінші және үшінші президентері Роберт Кочарян мен Серж Саргсян, сондай-ақ Сыртқы істер министрлігінің бұрынғы басшылары Вардан Осканян мен Эдвард Налбандян өзіне дейін "Таулы Карабахты Әзербайжан құрамында деп танып қойған".

Бұл қақтығыста армяндарды жақтап келген француз ақпарат құралдары да ондаған жылға ұзаған қарулы шиеленіске нүкте қою үшін Таулы Қарабақты Әзербайжан құрамына қайтарып бергенді жөн санайды.

"Армения мен Әзербайжан БҰҰ жарғысына және 1991 жылғы Алматы декларациясына мойынсұнғандарын паш етті және бір-бірінің территориялық тұтастығы мен егемендігін мойындады. Тараптар осы аталған құжаттар Делимитация жөніндегі комиссия қызметінің негізін құрайтынын мәлімдеді. Бұл комиссияның келесі отырысы биылғы қазан айының соңында, Брюсселде өтуге тиіс", – деп жазады La Gazette француз басылымы.

Бұған қоса, басылым Әзербайжанмен шекарада Еуропалық Одақ миссиясының жұмыс істеуіне Арменияның келіскенін жазады. Әзірге екі ел ортасында Ресейдің бітімгершілік әскерлері тұр. Олардан қазір аз шоғыр ғана қалды: көбісін ауыр әскери техникаларымен бірге Ресей Украина майданына алып кеткен.  

Әзербайжан да "еуропалық миссиямен ынтымақтастық жасауға келісімін берді". Бұл миссия өз жұмысын осы қазан айында бастап кетеді және барлық жұмысты 2 ай ішінде аяқтайды. Яғни жыл соңында Әзербайжан мен Армения арасында жаңа шекара бекітіліп, ол делимитацияланады.

Айта кету керек, 1991 жылғы 21 желтоқсанда біздің Алматы қаласында Кеңес Одағының ыдырағаны жарияланып, құжатта рәсімделіп, оған кірген мемлекеттер ТМД ұйымын құрды. Сондағы Декларацияда Әзербайжан мен Армения арасындағы шекара ескі карталар бойынша танылды. Екі ортадаТаулы Қарабақ (Арцах республикасы) деген квазиреспублика қарастырылмады.

Олай болса, ахуал өзгеріп кетпесе, 2022 жыл – посткеңестік кеңістікте ескі қарулы жанжал ошағы жойылып, Таулы Қарабақ проблемасы шешілген жыл ретінде тарихта қалуы мүмкін. 

Саясаттанушы, Сулейман Демирел Университетінің халықаралық қатынастар факультетінің профессоры Тимучин Кодаманның пікірінше,Таулы Қарабақ мәселесі түпкілікті шешілсе, Түркия мен Армения арасындағы қатынастар да жақсарады. Негізі, Армения Әзербайжанмен және Түркиямен қоршалып, қамалып жатқаны мәлім. Бұл елдермен қырғи-қабақ болуы кесірінен армяндар блокадаға түсіп, көршілермен, олар арқылы әлеммен толыққанды экономикалық ынтымақтастық жасай алмады. Ресейге де тек тағы бір көршісі Грузия жері арқылы қатынайды.

"Әзербайжанмен түпкілікті бітімге қол жеткізу және Түркиямен ықпалдастықты дамыту – осы екі мәселе өзара тығыз байланысты. Бірінсіз бірі жоқ. Әзербайжаннан тартып алған территорияларды қайтарып бермей, Арменияға Түркиямен қарым-қатынасын қалпына келтіремін деп армандамай-ақ қоюына болады. Тек Әзербайжанның Қарабақ өңіріндегі шиеленісті доғара алса ғана, Армения Түркиямен экономикалық, сауда және басқа байланыстарды дамытуға шанс, мүмкіндік алады. Бұл ретте Прагадағы көпжақты келіссөздерден кейін қабылданған бірлескен мәлімдеме үлкен үміттің шырағданын жағып отыр", – деді Тимучин Кодаман.

Әңгіме Әзербайжан Президенті Ильхам Әлиевтің, Армения Премьер-Министрі Никол Пашинянның, Франция Президенті Эммануэль Макронның және Еуроодақ Кеңесінің төрағасы Шарль Мишелдің көпжақты келіссөздерінің қорытындысы бойынша қабылданған мәлімдеме туралы болып отыр.

Құжатта Армения мен Әзербайжан БҰҰ жарғысын және 1991 жылғы Алматы декларациясын берік ұстанатыны, бір-бірінің территориялық тұтастығы мен егемендігін мойындайтыны жазылған.

Жасыратыны жоқ, бұл уағдаластық та бұзылуы ықтимал. Арменияда Карабахты Әзербайжанға бергісі келмейтін күштер күш алып тұр. Шекарадағы жағдай шиеленісті болып қалуда. Ақпарат құралдары екі ел арасында кезекті қақтығыс тіркелгенін хабарлады.

Бірақ Еуропа шындап кіріссе, отыз жылдан астам уақытқа созылған шекара дауы ақыры шешіледі деген сенім де бар. Оның үстіне Ресей газынан бас тартқан Еуропа енді Әзербайжан газына тәуелді бола бастады. Бакудың ұстанымына құлақ түруге мәжбүр.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу