Армян көлігі барлар тағы бір айқасты бастады

23253

Олар Үкіметтің тағы бір талабын жойғызбақ ниетте. 

Армян көлігі барлар тағы бір айқасты бастады

Армениядан арзан көлік сатып алған қазақстандықтар өткен жылы наразылық танытып, әртүрлі шара өткізгені мәлім. Сөйтіп дегеніне жетті. Олардың айтқанына биліктің құлақ асуына бір жайт түрткі болды. Келісім бойынша Армения ЕАЭО-ға кіргенге дейін шетелден тасылған, пайдаланылған, тебілген көліктерді одақ ішінде сатпауға міндеттеме алыпты. Соған қарамастан, армяндар арзан "темір тұлпарларды" Қазақстан тұрғындарына сату кезінде осындай шектеу барын айтпай алдаған. Осының салдарынан отандастарымыз оны Қазақстанда тіркеуге қоя алмайтынын көлікті елге алып келгенде бір-ақ білді.

Армяндардың осы алаяқтығын біздің Үкіметтің делегациясы– еуразиялық экономикалық комиссияның отырысында ашық айтып, бетіне басты. Алайда іс бітті, қу кетті. Қазақстаннан барған шенеуніктер делегациясы Армениядан ештеңе өндіре алмай қайтты. Бұл мәселені Үкіметке шешуге тура келді.

Маңғыстау облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінің бас маманы Мақсат Ақмұратов Армениядан әкелінген автомобильдерді тіркеу құны және салық түрі өзгергенін хабарлады.

"Бұрыннан көкейкесті мәселеге айналған, кейінгі кездері өткір көтеріліп жүрген армениялық автокөліктерді елімізде тіркеу мәселесін Үкімет қарады. Нәтижесінде, 2020 жылдың 20 мамырында "Қазақстан азаматтарының Арменияда тіркелген жекелеген көлік құралдарын Қазақстанға әкелуі мен пайдалануының кейбір мәселелері туралы" Үкіметтің №306 қаулысына қол қойылды. Оған сәйкес, Арменияның уәкілетті органында Қазақстан азаматтары атына тіркелген және елімізге 2020 жылдың 1 ақпанына дейін әкелінген, рөлі сол жақта орналасқан көлік құралдарын тіркеуге жол ашылды", – дейді ол.

Маманның айтуынша, армян көліктерінің иелері миллиондаған теңге утилизациялық алымды (УА) төлеуден құтылды. Қазақстанда 2016 жылдан бері шетелден, соның ішінде ЕАЭО елдерінен тасылған көліктерден де міндетті түрде осындай алым жиналады. Оның көлемі "темір тұлпардың" түріне және қозғалтқышы көлеміне қарай 3,2 миллион теңгеге дейін барады. Утиль-алым мөлшері айлық есептік көрсеткішке байланысты. Оның базалық ставкасы 50 АЕК-ке тең. 2020 жылғы 1 сәуірден бастап, АЕК 2 778 теңгеге дейін өсті. Тиісінше, базалық мөлшерлеме 138 900 теңгеге теңелді (50 х 2 778). Бұл ретте көлемі 1 мың текше см.-ға дейінгі электрлі қозғалтқышы бар жеңіл көліктен ең төменгі УА алынады: ол үшін базалық ставка 3 коэффициентіне көбейтіледі, сонда 416 мың 700 теңге шығады (138 900 х 3).

1 001-ден 2 000 текше сантиметрге дейінгісі үшін базалық ставка 7 коэффициентіне көбейтіледі: сәйкесінше, 972 мың 300 теңге. 2 001-ден 3 000 т.м. үшін 10 коэффициентіне көбейтіледі: 1 млн 389 мың теңге болады. 3 001 текше метрлік хэтчбек, кроссовер, жол талғамайтын көліктер үшін 23 коэффициентіне көбейтіліп, УА сомасы 3 млн 194 мың 700 теңгеге дейін жетеді. Бұл алымнан Қырғызстан, Моңғолия, Беларусь, Ресей және басқа елдерден әкелінген арзан көліктер босатылмайды. Игілік тек армяндар алдап сатқан машиналарға ғана беріліп отыр.

Мемкірістер өкілі бұлар басқа салықтан босатылмайтынын еске салды.

"Олар көлік құралын мемлекеттік тіркеуге арналған 0,25 АЕК (695 теңге) алымды, сондай-ақ көлікті мемлекеттік тіркеу туралы куәлікті беру үшін 1,25 АЕК (3 мың 473 теңге) сомасында мемлекеттік бажды, автомобильге мемлекеттік тіркеу нөмірі белгісін беру үшін 2,8 АЕК (7 мың 779 теңге) төлеуі қажет. Бұл ретте олар басқа кедендік төлемдерден, механикалық көлік құралдарын бастапқы тіркеу үшін жиналатын алымнан және кәдеге жарату алымынан босатылады. Егер меншік иесі көлікті бастапқы тіркеуге қойғысы келсе, немесе оны Қазақстаннан тыс жерге әкету туралы шешім қабылдаса, оның иесіне осы төлемдердің барлығын, соның ішінде утилизациялық алымды да төлеуге тура келеді", – дейді Мақсат Ақмұратов.

Демек, Армениядан арзан көлік алғандар оны әбден тозып, істен шыққанша пайдалана береді. Дегенмен, егер оны сатқысы, банкке кепілге қойғысы келсе, кәдеге жарату алымын төлеуге тиіс.

Бірақ осындай меншігі бар азаматтардың наразылығы бәрібір тыйылмай тұр. Белсенділердің бірі Қанат Қажымұратов одақтастан "бұрын тебілген" көлік әкелген отандастар атынан Үкіметке шағыммен жүгінді.

Ол өзі де еліміздің көптеген азамат қатарлы Арменияда жапондар жасаған арзан автомобильдерді сатып алғанын айтады. Олардың көбінің сол жақта орналасқан рөлі оң жаққа ауыстырылып, қайта жабдықталыпты. Техпаспортында автокөліктің басқару органдары енді оң жақта орналасқаны туралы белгі соғылмаған.

"Үкіметтің 20 мамырдағы қаулысына сәйкес, көлігімізді уақытша есепке қоюға мүмкіндік алдық. Алайда жол полициясы департаменті көлік құралы конструкциясының қауіпсіздігі туралы сертификатты талап етуде. Елімізде сертификатталған зертханалар мұндай құжат бермейтінін анықтадық. Ал жол полициясы тек қол жаяды: заң талабы сондай. Шенеуніктер қаулы қабылдамас бұрын ведомстволар арасында оны өзара пысықтап алмайтыны ашу туғызады. Түйткіл тұйыққа тіреді. Біздің ойымызша, ертең біреу осыған арнап компания ашып, халық үстінен баюды ойлап отыр. Одан мемлекетке не пайда? Текке азаматтардың наразылығы мен ашуын туғызады. Біз бай болсақ, 4 мың шақырымға шауып, ескі көлік тасимыз ба?" – дейді Қ.Қажымұратов.

Сонымен бірге Ішкі істер министрлігі рөлі солдан оңға ауыстырылған көліктің қауіпсіздігі тексерілмесе, уақытша тіркеуге де қоя алмайтынын жеткізді. Себебі, халықтың амандығы, жол қозғалысының қауіпсідігі керек. Қайта жабдықталған көліктерді лайықты құжатсыз тіркеуге алар болса, кейін ол жол-көлік оқиғаларына соқтырып жатса, қарша жауған барлық сын жебелері жол полициясына қадалары сөзсіз.

Автомобилистердің бастамашыл тобының өкілі Алексей Иващенко бұл проблеманы шенеуніктердің өздері туындатқанына назар аудартады. Біріншіден, мемлекет халықты қолжетімді отандық көлікпен қамти алмады. Мысалы, "Азия Авто" зауыты KIA Sportage кроссоверін биыл 9,2–12,2 миллион теңгеге сатып жатыр. Ал қазақстандықтар дәл осындай 2018 жылы жасалған KIA Sportage жаңа көлігін Армения автосалондарынан 10,3 мың долларға (4,1 млн теңгеге) әкелген.

"Мемлекет өз халқын арзан автокөлікпен қамтамасыз ете алмайды екен, онда оны сырттан әкелуге кедергі қоймауы керек. Бізді шенеуніктер зиянды қаскүнем қылып көрсетеді. Шынында, біз алдау құрбандарымыз. 2019 жылғы шілдеде ІІМ Әкімшілік полициясы комитетінің басқарма бастығы Марат Тұяқбаев, қыркүйекте ЕАЭК министрі Серік Жұманғарин елді жаңылыстырды. Олар армяндық автокөліктерді сатып алуға және Қазақстанда пайдалануға еш кедергі жоқ деді. Бұған қалай сенбессіз. Біз миллиондап табыс таппаймыз. Қостанайда орташа жалақы 70 мың теңге ғана. Миллиондық утилизациялық алымды жылдар бойы жинаймыз. Кедей халыққа сары нөмір беріп, байлар мен биліктегілер мазақтамай-ақ қойса болмай ма?!" – дейді Алексей Иващенко.

Ендеше армян көлігі айналасындағы дау-жанжал биік лауазымды шенеуніктердің өз сөзіне жауап бермеуі, отандық автозауыттардың елге пайдасыздығы, халықтың кедейлігі мәселелерімен астасып жатса керек.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу