Арнайы киім мен құралдарды өз ақшамызға аламыз – волонтер

877

Астана қаласында Халықаралық волонтерлер форумы өтіп жатыр. 

Арнайы киім мен құралдарды өз ақшамызға аламыз – волонтер Фото: google.com

Волонтерлер түрлі төтенше жағдай кездерінде қандай қиыншылқтарды бастан кешіретіндерін, жалпы қазақстандық еріктілердің көкейінде жатқан мәселелермен бөлісті. Еріктілер мен органдар арасындағы байланастың әлсіздігі, қаржылық қиындықтар мен қоймалардың болмауы жайында inbusiness.kz тілшісі баяндайды.
 
Қазіргі күні Қазақстанда барлығы 52 волонтерлік ұйым тіркелген, 200 мың ерікті тұрақты түрде қызмет етеді. Олардың қызмет көрсету аясы кең – эко-белсенділерден бастап, IT-технологиялар мен төтенше жағдайлардағы іздестірушілерге дейінгі араны қамтиды. Осы жерде, әсіресе, соңғы кездері жиілеп кеткен табиғи апаттарда қол ұшын созып жүрген еріктілердің еңбегі ерен.
 
Мысалы, "Lider.kz" волонтерлер қозғалысы" қала аумағында, таулы аймақтарда немесе түрлі апаттар кезінде хабар-ошарсыз кеткен адамдарды іздестірумен айналысады. Осы ұйымның басшысы Дильмира Блацтың айтуынша, ұйым Төтенше жағдай министрлігімен тығыз байланыста, соның арқасында жыл сайын волонтерлер арнайы оқу-жаттығулардан өтіп, сертификат алады. Яғни тек осы волонтерлер болашақта апат болған жерде көмек көрсетеді.
 
"Біз Алматы қаласы мен Алматы облысы Төтенше жағдай департаментімен тікелей жұмыс істейміз. Арнайы оқытудан тұрақты түрде жылына екі рет өтеміз. Одан бөлек, қосымша оқу-жаттығуларға қатысамыз. Сондықтан бізде белгілі бір биіктікке көтеріле алатын не суда жұмыс істеуге мүмкіндігі бар оқытылған мамандар бар. Сонымен қатар, біз құтқарушылармен бірге бір деңгейде "Казспас" оқу-жаттығуларына қатысып, білітілігімізді арттырамыз", - деді Дильмира Блац.
 
Алайда жергілікті құтқарушы органдамен тығыз байланыс барлық қалаларда орнады деп айтуға болмайды, себебі осы қозғалыстың Астана қаласы бойынша жетекшісі мұндай оқу-жаттығулар 3 жылда бір-ақ рет болатынын хабарлады, салдарынан олардың қатарына жаңа қосылған еріктілер арнайы сертификат алу үшін үш жыл күтуге мәжбүр. Бұл, әрине, төтенше жағдай кезінде адам тапшылығын тудырады. Бұған күні кеше Төтенше жағдай министрі лауазымына тағайындалған Сырым Шарипханов жауап беріп, мәселені алдағы уақытта қарастыратынын айтты.

"Бұл мәселені әлі зерделеу керек, нақты былай істейміз деп дөп басып айта алмаймын, бірақ шынымен ондай проблема бар. Мысалы, кеше ғана Талдыкөл маңындағы өртті сөндіру барысында біраз волонтерлер көмекке келді, алайда көк түтіннің арасында адасып қалды. Қайғылы жағдай болса, кім олардың өміріне жауап береді? Сондықтан еріктілердің қызметін жүйелейтін шара қабылдау керек", - деп түсіндірді Сырым Шарипханов.
 
Дильмира Блацтың айтуынша, волонтерлердің өміріне жауапкершілікті оларды жіберіп отырған ұйымдар өз мойындарына алу керек. Мысалы, алматылық штаб ұйымға жаңа қосылған, мүше болғанына үш ай толмаған, тиісті сертификаты жоқ, ТЖМ оқытуларынар бөлек, ішкі оқу-жаттығулардан өтпеген волонтерлер апатты жағдайлар орын алған жерлерге жібермейді. Ол барлық облыстар мен аудандарға осы тәжірибені негізге алуға кеңес берді.
 
Дегенмен волонтерлер өмірі үшін жауапкершіліктің барлығын бір ұйымға артып қоюға қарсы шыққандар да болды. "Ұлттық волонтерлер желісі" төрағасы Вера Ким төтенше жағдайларда қызмет етіп жүрген еріктілерге "өмірді сақтандыру" сынды қолдау көрсетілсе еген ойын ортаға салды. 
 
"Төтенше жағдай салдарымен күресетін, қауіпті жерлерде жоғалып кеткендерді іздестірумен айналысатын волонтерлерге үкімет тарапынан "өмірді сақтандыру" сынды қолдау көрсетілсе, яғни мемлекеттің құзырлығына берілсе деген тілегіміз бар. Алдағы уақытта мемлекет тарапынан қорғаламыз деген ойдамыз", - деп түсіндірді Вера Ким.
 
Сонымен қатар, ол алдымен волонтерлердің төтенше жағдай кезіндегі нақты міндеттерін анықтап алу керектігін айтады. Себебі халық арасында волонтерлер "төтенше жағдаймен күресетіндер" деген теріс ой қалыптасқан, ал негізінде олар – оның салдарымен күресетін жандар. Яғни құтқарушы қызметтердің жұмысына кедергі келтірмей, тек гуманитарлық көмек көрсетуге міндетті және осы бағытта негізгі проблема – волонтерлердің тұрақты жиналуына арналған офистер мен қажетті құрал-саймандарды сақтайтын қоймалардың болмауы.
 
"Біз "Волонтерлер қызметі" заңнамасына біраз өзгерістер енгізіп, әкімдіктердің иелігінде бос тұрған жылжымайтын мүлікті еріктілер ұйымына беруге мүмкіндік беретін қосымша бапты енгізген едік. Алайда оған құлшына кіріскен ешкім жоқ. Әлі күнге дейін қоймалар мен офистер жетіспейді. Ұйымдар жергілікті органдарға бірнеше рет өтініш білдіргенімен, олардың сұраныстары түрлі себептермен жауапсыз қалуда. Кейбіреулері жаңа Заңмен таныспағандай көрінді. Тек Астана қаласында арнайы орын бөлініп, алдағы уақытта түрлі форумдар мен жиындар ұйымдастыруға болатын 500 шаршы метрлік нысан берілетін болды. Басқа қалалар мен облыс әкімдіктерінің құлағына алтын сырға", - деді Вера Ким.
 
Төтенше жағдай министрі тағы бір мәселенің бетін ашты. Апатты жағдайда қызмет ететін волонтерлер штабын құру, оларды қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз ету мен оған қаржы бөлу сияқты іс-шаралар бір жүйеге қойылмаған. Салдарынан қарапайым еріктілер өз қалталарынан ақша шығаруға мәжбүр болып отыр.
 
"Біздегі басты мәселе – қаражат тапшылығы. Біз тек халықтың қайырымдылыққа деп берген ақшасына қарап отырмыз. Оны да "қайда, қалай құрттыңдар" деп шулайтын жұртшылық бар. Әр тиынға есеп береміз. Ал төтенше жағдайда қор ашып, күтіп отыруға уақыт болмайды. Жедел түрде адамдар жіберуге тура келеді. Қарапайым мысал келтірейін, ковид кезінде дәрігерлерді ары-бері тасу үшін бензинге ақша таппаған кездеріміз болды. Өз қалтамыздан жиған-тергенімзді шығарып, барынша көмектестік. Ең болмағанда осындай сәттерде қаржылай көмек беру жүйесі қолға алынса дейміз", - деді волонтер.  
 
Форум барысында Ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі Данияр Қадыров волонтерлер саны күн сайын артып, Қазақстандағы волонтерлік қозғалыс жаңа қарқын алғанын ерекше атап өткен болатын.

Дегенмен біздің еліміз, Charities Aid Foundation зерттеуіне сәйкес, 114 елдің арасында бар болғаны 93-ші орында тұр. Саны бар, сапасы жоқ. Еліміздің еріктілері әлі де болса қолдауға мұқтаж. Олардың қызметін реттейтін Заң да іс жүзінде іске асырылмай отыр.  

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу