Арнайы комиссия отбасыларды аралап, үйінің іші-сыртын фотоға түсіретін болды

3906

Осыны заңдастыратын бұйрық жобасы қоғамдық талқылауға шығарылды.

Арнайы комиссия отбасыларды аралап, үйінің іші-сыртын фотоға түсіретін болды Фото: freepik

Еңбекмині "Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің кейбір бұйрықтарына өзгерістер мен толықтыру енгізу туралы" жаңа бұйрық жобасын жариялады. Ол "Ашық НҚА" порталында орналастырылған.

Құжат атаулы әлеуметтік көмекті (АӘК) тағайындау және төлеу процесін өзгертеді. Оны талқылау 2025 жылғы 17 қаңтарға дейін жалғасады.

Бұл бұйрық қабылданған соң, АӘК тағайындауға жауапты комиссияның қызметі цифрландырылады. Ол әрбір өңірде, әрбір елді мекенде осы көмекке өтініш білдірген отбасыларды аралап, ауласын, баспанасын, үйінің ішін және ондағы дүние-мүлікті фотосуретке түсіреді.

Соның нәтижесінде, мысалы, егер отбасының қымбат көлігі болса, коттеджде не салтанатты тұрғын үй кешенінде тұрса, үйінде үлкен тоңазытқыш, кең экранды теледидар, басқа сәнді заттар байқалса, комиссия аталған әлеуметтік көмекті беруден бас тартуы мүмкін.

Жаңа бұйрыққа сәйкес, өтініш иесінің-отбасының материалдық жағдайын фотофиксациялау нәтижелері, басқаша айтқанда интерьері мен экстерьері түсірілген фотосуреттер енді арнайы мобильді қосымшаға жүктеледі. Осы мақсатта осындай қосымша іске қосылады.      

"Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің бұл бұйрық жобасы 2024 жылғы 7 ақпанда, Үкіметтің кеңейтілген отырысында берілген Мемлекет басшысының АӘК алуға үміткер азаматтардың жиынтық табысы мен шығындарын қатар ескеруге қатысты тапсырмасын орындау мақсатында әзірленіп отыр. Бұйрық жобасы өтініш берушінің отбасының материалдық жағдайын фотофиксациялайтын мобильді қосымшаны енгізу арқылы участкелік комиссия әрекетін цифрландыруды көздейді", – деді өз түсініктемесінде Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Олжас Анафин.

Оның сендіруінше, бұйрық жобасын қабылдау жағымсыз әлеуметтік-экономикалық немесе теріс құқықтық салдарға соқтырмайды. Қосымша қаржы шығындары да қажет етілмейді екен.

Жаңа құжат бойынша сөз болып отырған комиссияның құрамына жергілікті әкімдіктің, қоғамдық бірлестіктердің, мүлік иелері бірлестігінің (немесе ПИК/КСК), көппәтерлі тұрғын үйдің жай серіктестігінің, білім беру, денсаулық сақтау, халықты әлеуметтік қорғау уәкілетті органдарының өкілдері кіреді.

Сондай-ақ оларға құқық қорғау органдарының қызметкерлері, яғни, полицейлер комиссия мүшесі ретінде ере жүреді. Өйткені бұған дейін өз үйін фотоға түсіруге белсенді қарсылық білдірген отанасы-отағасылар болыпты. Олар мұндай процедура туралы білмегендерін, сондықтан оған рұқсат етпейтіндерін мәлімдеген. Алайда өтініш түскен екен, көмек тағайындалсын-тағайындалмасын, комиссия міндетті түрде тексеру жүргізіп, ол отбасының үйін фотоға тіркеп қайтуға тиіс.

Комиссия төрағадан, оның орынбасарынан, хатшыдан құралады. Комиссияның жалпы құрамы 7 адамнан кем болмауы шарт.

Бұдан бөлек, комиссия ол отбасының барлық табыс көздерін айқындауы қажет. Атап айтқанда, отбасы мүшелеріне төленетін жалақылар, зейнетақы, жәрдемақы және басқа төлемдер, алименттер, кәсіпкерлік қызметтен, басқа да қызмет көрсетулерден түсетін табыс түрлері тіркеледі.

Сонымен қатар ол отбасыда саяжайы, бақшасы, жер учаскесі (оның ішінде үй жанындағы он сотық телімі), шартты жер үлесі, мүліктік пайы бар ма, соларды анықтайды.

Егер АӘК-тен үмітті отбасы қорада мал ұстаса, комиссия мүшелері қораға да бас сұғып, көршілерін де әңгімеге тартып, өтініш иесінің қанша құсқа, сиыр мен бұқаға, бие мен айғырға, түйеге, қой мен ешкіге, тауыққа, үйрекке, қазға, шошқаға иелік ететінін нақтылауға және тиісті форма-нысанды толтыруға тиіс.

Онда дәл осы үй жануарлары аталған. Демек, лама, қолтырауын, арыстан сияқты экзотикалық жануарларды, қымбат ит тұқымдарын өсірсе, тіркемейтін болса керек: олар үшін графа қарастырылмапты.  

Қалай болғанда, жаңа бұйрық қабылданғаннан кейін өмірге жолдама алатын биылдың басты бір жаңалығы сол, елді мекенде интернетпен қамту аймағы болмаған жағдайларды қоспағанда, басқа барлық жағдайда АӘК тағайындау үшін өтініш берушінің материалдық жағдайын тексеру мобильді қосымша арқылы жүргізіледі. Яғни, фотолар бірден ұялы қосымшаға шығарылады.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі тексеру алгоритмін түсіндірді.

"Учаскелік комиссия әкімнен немесе Мансап орталығынан АӘК тағайындауға өтінішті, құжаттардың электрондық көшірмелерін, ақпараттық жүйелерде болмаса өтініш беруші ұсынған құжаттардың көшірмелерін алғаннан кейін 7 жұмыс күні ішінде өтініш берушінің материалдық жағдайына мобильді қосымша арқылы тексеру жүргізеді. Отбасының материалдық жағдайын тексеру өтініш берушінің, ол болмаған жағдайда – отбасының кәмелетке толған, әрекетке қабілетті мүшелерінің біреуінің қатысуымен жүзеге асырылады", – деп хабарлады ведомство.

Осыдан кейін тиісті қорытындыға учаскелік комиссияның мүшелері қол қояды және оны өтініш берушіге немесе оның ересек баласына оқып, қарауы үшін ұсынады. Оның нәтижесі бойынша комиссия қорытынды дайындап, оны әкімге немесе Мансап орталығына береді.

Комиссия өтініш берушінің материалдық жағдайын фотосуретпен тіркей отырып тексеру жүргізу нәтижелері бойынша адамның отбасысының материалдық жағдайы туралы Акт жасайды.

Адамның (отбасының) әлеуметтік көмекке мұқтаждығы немесе мұқтаж еместігі туралы қорытынды дайындайды және оларды уәкілетті органға немесе кент, ауыл, ауылдық округ әкіміне жібереді. Комиссияның оң шешімін алған адамдарға АӘК төлене бастайды.

Айта кету керек, кейінгі жылдары атаулы әлеуметтік көмек тағайындау шарттары күрт қатайтылды. Салыстырсақ, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің ресми мәліметі бойынша 2020 жылы 184,7 мың отбасындағы 936 мыңнан астам адам АӘК алыпты. Бұл мақсатқа бюджеттен 75,3 миллиард теңге бөлінді.

Алайда содан кейін түрлі дау-жанжал туындады. Мемлекеттен миллиондаған теңге көмек алған отбасылардың коттеджде тұратыны, қымбат көлік айдайтыны әшкереленді.

Сондай-ақ АӘК алу үшін жалақысы мол отағасының көзбояушылық жасап, зайыбымен жалған ажырасуы, сол арқылы отбасының әлеуметтік жағдайын қолдан "нашарлатуы" тіркелген.

Сондықтан АӘК алушыларды тексеретін комиссиялар жұмысқа кірісті. Егер "ажырасып кетті" деген отағасы шаңырағының төрінде қонжиып отырса, соны растайтын жайтты да фотоға түсіреді. Сондай-ақ арнайы актіде "бірге тұратын, ортақ шаруашылық жүргізетін және бір елді мекенде тіркелген отбасы мүшелері" тегіс көрсетіледі.

Соның нәтижесінде, АӘК алушылар саны екі еседен астамға азайтылды. Мәселен, 2024 жылғы желтоқсандағы жағдай бойынша былтыр 77,6 мың отбасындағы 411,3 мың адамға атаулы әлеуметтік көмек берілді.

Жалпы, оларға 2024 жылы бюджеттен 54,7 миллиард теңге беру қарастырылған. Тиісінше, әрбір отбасыға бір жыл ішінде орта есеппен 704 мың теңгеден келеді.

АӘК-нің негізгі мақсаты – ақшалай төлем түрінде қолдауды жүзеге асыру және отбасының еңбекке қабілетті мүшелерін жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шараларына тарту арқылы отбасын қиын өмірлік жағдайдан шығару.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу