Арсыз директор, жемқор бапкер

3282

Легионерлерді жиі ауыстырғаннан бапкерлерге қандай пайда? Сараптап көрсек.

Арсыз директор, жемқор бапкер

Жемқор бапкер

Қазақстан премьер лигасының 18-тур ойындары басталды. Біріншілік бірінші айналымды еңсеруге жақын. Көп командаларымыз трансфер терезесі ашылып, біршама легионерден құтылып, орнына өзге футболшылар алып жатыр. Оның мәнісі неде? Легионерлерді жиі ауыстырғаннан бапкерлерге қандай пайда? Сараптап көрсек.

Әлбетте ел футболында жемқорлық індеті көрініс табатынын әркез естіп, біліп жүреміз. Клуб президенттері мен спорттық директор қызметіндегі кісілердің астыртын істерге барып, бармақ басты, көз қысты әрекеттер жасағанын барлықтарыңыз білесіздер. Ал қазіргі таңда күмән тудыратын клубтарымыз да жоқ емес. Ойыны өте төмен деңгейдегі ойыншыны алып, оған жоғары жалақы қойып, соның арқасында легионермен бірлесіп қаржы жымқырып қалып жүретін бапкерлер де елімізде жетіп артылады. Бірақ, бізде дәл қазір нақты факт жоқ, дегенмен кейбір футболшылар жайында ойланып көруге болады.

Мысалы, Сербия мемлекетінен келген Михайло Йованович деген ойыншыға тоқталсақ. Легионер "Тараз" командасының сапында әзірге 6 ойын өткізді. Команданың қорғанысы нашар болып, қазір "Тараз" әр өткізген матчында міндетті түрде қақпасына гол жібереді. Ол қорғаушылардың кінәсі екені даусыз. Команданың бас бапкері Вахид Масудов бұл ойыншыны неге жиі шығармайды? Себебі, Михаило ойнаған матчында қателік жіберіп, өзінің физикалық жағдайының жергілікті футболшылардан аса мықты еместігін көрсетіп қойды. Сондықтан ол алаңға аз шығады. Алайда, бұл сырттан келген сербиялықтың жалақысы жергілікті футболшылардан кем дегенде 2 есе көп. Айтпақшы бұл футболшы трансферлік ауысым кезінде де команда сапында қалып отыр.

Енді Көкшетау қаласының "Оқжетпес" командасында болған Панама елінің легионері туралы сөйлесек. Қорғаушы Родерик Миллер Андрей Карпович баптайтын командада 4 қана матч ойнады. Жарақат та алмады, қызыл қағаз алып та жазаланған жоқ. Бірақ, ол 4 қана матч өткізді. Әрине, бұл біздің көкейімізде күмән тудыртатыны рас. Демек, бұл ойыншы да астыртын түрде клуб басшылығындағы немесе бапкерлік штабтағы бір лауазымды адаммен келісуі ықтимал. Көп жағдайда осындай легионерлер жалақысын екіге бөліп, жарты соманы келіскен адамына беріп отырады.

Ал "Атырау" командасы маусым басында шақырған 3 легионер өздерін толықтай көрсете алмады. Бұл клубта бірден бапкер ауысты да, легионерлер лек-легімен отандарына қайта бастады. Мысалы, 7-8 ойыннан өткізген Йосип Иванчич, Желько Филипович, Франтишек Кубик сияқты футболшылар "Атырау" командасын өрге сүйреді деп айта алмаймыз. Тура осындай оқиға "Ертіс" командасында да орын алды.

Ал Талдықорған қаласының намысын қорғап жүрген "Жетісу" сапында болгариялық шабуылшы Ивайло Димитров 6 ай бойы тек жалақы алумен ғана жүрді. Ол алаңға небәрі 1 рет қана шықты. Біздің жеке болжамымыз бойынша, ол 6 ай бойы облыстық бюджеттен қаржыландырылатын командадан шамамен 2 миллион теңгедей (7-8 мың АҚШ доллары) жалақы алуы ықтимал. Әрине болгариялық шабуылшы сол соманың барлығын өзі алды дегенге де сенгіміз келмейді. Енді мына қызықты қараңыз. Небәрі бір ғана ойынға шыққан (байқаусызда жарақат алып қалған деген желеуі бар) Ивайло Дитировтың орнына "Жетісу" енді жаңа шабуылшы алды. Оның есімі – Мартин Тошев. Ол да Болгария елінен келді. Маусым соңына дейін ол қанша ойын өткізерін тек бас бапкер Дмитрий Огайдан ғана сұрай аламыз.

Клуб басшылары, кейде спорттық директорлар, айналып келгенде бапкерлер айналысатын қитұрқы іс-әрекеттің бірі осы. Футбол саласынан қомақты қаржы жасап, осындай іс-әрекеттермен жыл сайын айналысып жүрген бапкерлер мен функционерлер ел футболының дамуына нұсқан келтіріп жүргені анық.

Ермұхамед Мәулен

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу