Артық астықтан жемазық дайындалады

Ирина Севостьянова Ирина Севостьянова
7628

Ауыл шаруашылық министрлігі нарықта астық артылып қалмайды дейді.

Артық  астықтан жемазық дайындалады

Ауыл шаруашылық министрлігі үстіміздегі жылы астықтың мол болуына қарамастан, елімізде оны сату ісінде қиындық болады деп ойламайды. Ауыл шаруашылық вице-министрі Қайрат Айтуғанов осыған қатысты қойылған сұраққа таңданып: – Қиындық болмайды, – деп нақты жауап берді.

Еліміздегі астық жинау науқаны толығымен аяқталды. Жалпы бункерлік салмағы 23,6 млн тонна болатын ауыл шаруашылық дақылдары жиналды. Оның 17,8 млн тоннасы бидай, 3,3 млн тоннасы арпа, 347 мың тоннасы сұлы, 63,9 мың тоннасы тары, 502,6 мың тоннасы күріш, 736,5 мыңы дәнді-бұршақ дақылдары мен басқа да астық дақылдары.

Егер былтырғы көрсеткішпен салыстырсақ, бидай, арпа, сұлы, күріш бойынша өсу байқалады. 2015 жылы 14,6 млн тонна бидай, 2,9 млн тонна арпа, 278,6 мың тонна сұлы, 41,6 мың тонна тары, 457,4 мың тонна күріш, 830 мың тонна дәнді-бұршақ және басқа да астық дақылдары жиналған.
Вице-министр Қайрат Айтуғановтың айтуынша, бүгінгі күні астықтың негізгі көлемі ауыл шаруашылық өндірушілерінің қолында.

"Егер астық дымқыл болған болса, онда диқандар оны қоймаға апаратын еді. Астық құрғақ болғандықтан, диқандар оны өздерінің астық қабылдайтын қамбаларында ұстап отыр. Бізге биыл астық аз түсті, бүгінгі күні қамбалар бос тұр", – деп түсіндірді вице-министр.

Осыған байланысты әзірге астықтың таза салмағы туралы есеп жоқ. Бастапқы мәліметке қарағанда, барлық жиналған астықтың таза салмағы 21-21,5 млн тонна деңгейінде. Астық экспорты бойынша болжам да бұрынғыша 2016-2017 маркетингтік жылға 7-8 млн тонна шамасында қалып отыр.

Алайда, министрлікте нарықта тауар тұрып қалуы мүмкін деген қорқыныш жоқ. Вице-министр артық астық, яғни 4-5 класты бидайдан жемазық өндіріледі деп түсіндірді. "Бізде 72 құрама жем зауыты бар. Олардың сыйымдылығы 2,5 млн тонна (дайын өнім)", – деп еске салды Қайрат Айтуғанов. – Бүгінгі күні бізде ішкі нарықтағы тұтыну да өсіп келеді, сол себепті нақ осы құрама жем өнеркәсібін дамытуды көздеп отырмыз".

Ауыл шаруашылық министрлігі арпа нарығын ішкі нарықта және экспортқа шығатын тауар ретінде басым бағыт деп көрсетті. "Қазір басқа да нарықтарды қарастырып жатырмыз. Ол Орта Азия мен Иран болады",– деп нақтылады вице-министр.

"Азық-түлік келісім-шарт корпорациясы" ҰК" АҚ басқармасы төрағасының орынбасары Сәбит Қашқымбаев нарықта қандай да болмасын үрей тудыратын жағдай жоқ және ондай жағдай болмайды деп сендірді.

"Астықты экспортқа шығару қарқынды жүріп жатыр, қыркүйек-қазан айларындағы қарқын былтырғыдан жоғары. Бағаға қарайтын болсақ, нарықта бағаға қысым жасайтын артық өнім жоқ. Диқандар барлық астықты бірден сатып жатқан жоқ, сауда траншпен жасалуда. Тіпті астыққа деген үлкен сұраныс бар. Нарықта баға тауар өндірушілердің пайдасына шешілу үстінде. Сондықтан жалпы жағдай жақсы", – деді Сәбит Қашқымбаев.

Елімізде астықтықтың артылып қалуы 2011 жылы болған еді. Ол кезде жалпы салмағы 27 млн тонна астық жиналған болатын. Сол кезде тауардың ішкі нарықта тұрып қалмауы мен бағаның төмендеуін болдырмау үшін, жалпы ауыл шаруашылық өндірушілерін қолдау мақсатында астықты Қара теңіз FOB-на жөнелтуге үкіметке қосымша субсидия бөлуге тура келген болатын. Ол үшін бюджеттен шамамен 15 млрд теңге бөлінді.

Осыдан кейін Ауыл шаруашылық министрлігі артық шығынды болдырмау үшін егін даласын әртараптандыру қажеттілігі туралы мәселені қайта көтерді.

Былтырғы маркетингтік (2015-2016) жылда еліміз 8,369 млн тонна астықты экспортқа шығарған. Орта Азия және Каспий өңірімен көршілес елдер астық экспортының негізгі бағыттары болып қала береді.

Ирина Севостьянова

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу