Арық атқа құйрығы да ауыр

Бек Темір Бек Темір
4175

Павлодарда 23 кәсіпорын тұралап тұр.

Арық атқа құйрығы да ауыр

Тақырыпта тұрған қазақтың осы бір сөзі Павлодардың кәсіпорындарына арналып айтылғандай. Әр жылдары ашылған кәсіпорындардың басшылары кезінде уәдені үйіп-төгіп, барлығын қарық қылатын болып лепірсе, қазір тоқтап қалған бизнестерінің тамырына қан жүгірте алмай биліктің алдында бет басып жүр.

Павлодар облыстық индустриялық-инновациялық даму басқармасының басшысы Нұрболат Сейітмағамбетовтың сөзінше, қазір аймақта 23 кәсіпорын тұралап тұр. Негізінен бұл наубайхана, диірмен, шұжық цехтары секілді ауыл шаруашылығы өнімдерін шығаратын шағын бизнес ошақтары. Кәсіпорындардың мұндай жағдайға тап болуына бәсекеге қабілетсіздік бірден бір себеп болып отырған көрінеді

Павлодар облысында биыл тұрғын үй құрылысының қарқыны өседі деп күтіліп отыр. Билік өкілдері биыл жалпы аумағы 300 мың текше метрден асатын баспана салуға бел буып отыр. Басымдық жергілікті құрылыс материалдарын пайдалануға берілмекші. Осылайша отандық өнім өндірушілерге қолдау көрсетілмек. Алайда аймақта кірпіш шығарумен айналысатын кейбір зауыттардың жұмысы тоқтап тұр. Бұл мәселе жақында облыс әкімі Болат Бақауовтың басшылығымен өткен жиналыста сынға алынды.

Мәселен 2014 жылдан бері тоқтап тұрған "Черноярский кирпич" ЖШС-ның өндірістік қуатты жылына 9 млн керамикалық кірпіш шығаруға жетеді. Өндіріс орны өткен жылы жұмысын бастап, құрылыс өнімін шығаруы тиіс еді. Алайда келіссөздердің созылуына байланысты жоспар орындалмай отыр.

Аймақта қарызға белшесінен батқан тағы да бір кірпіш зауытының халі мүлдем мүшкіл. Облыс әкімінің бірінші орынбасары Ұлан Жазылбектің сөзіне қарағанда, зауыт басшылығымен жұмысты жандандырудың түрлі нұсқалары қарастырылған. Алайда кәсіпорын басшысы ешқандай бизнес-жоспар мен кепілдік ұсынбастан 200 млн теңге көлеміндегі көмекке қол жаюда.

Кәсіпорын келешегінің кемел болатынын дәлелдей алмаса оған қаржы берілмесі анық. Бюджет батпан құйрық емес. Оның үстіне зауыттың банкке 700 млн теңге көлемінде қарызы бар екен. Сол себепті қазір екіжаққа да тиімді шешімге келу керек. Әйтпесе  жарты жылда 5 млн дана кірпіш шығаруға қауқарлы зауыттың тамырына қан жүгірмейді. Ал "Fonet Er-Tai" ЖШС катодтық мыс өндіру бағыты бойынша жұмыс істейді деп жоспарланған. Кәсіпорын жер қойнауын заңсыз пайдаланғаны үшін 2016 жылдан бері жұмыс істемей тұр. Оны іске қосуға 10 млн доллар көлемінде қаржы құйылған. Бүгінгі таңда кәсіпорын инвестиция және даму  министрлігіне миялы кен орнын барлау және шикізат өндіру туралы келісім жасасу үшін құжат жинауда. Сол секілді "Корпорация "Қазақмыс"  ЖШС-мен шикізатты қайта өңдеуге қатысты меморандум жасасқан. Нәтижесін алдағы күн көрсетпек. 

"Ромат" ЖШС-ның еншілес кәсіпорыны Павлодар фармацевтикалық зауыты банкрот болса, екібастұздық "Eurasia Copper Operating" кәсіпорнына   жұмысын тоқтату қаупі төніп тұр.

Облыс басшысы өңірдегі өмір мен өлімнің ортасында тұрған кәсіпорындардың әрбірін тығырықтан алып шығудың тетіктерін жасау қажеттігін айтады. Ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіретін шағын цехтар экономикаға сүбелі үлесін қоспас, ал  миллиондаған қаржы тартылып, салтанатты жағдайда жібек жібі қиылып ашылған зауыттарды жолын тауып аман алып қалу қажет.

Бек Темір, Павлодар

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу