Бір клиент, бір апта, 1 млн

Абылай Бейбарыс Абылай Бейбарыс
4798

"Астана банкі" депозиттен ақша алуға және шотаралық аударым жасауға уақытша шектеу қойды.

Бір клиент, бір апта, 1 млн

Салымшылардың салын суға жіберген шешім 22 сәуір мен 2 мамыр аралығын қамтиды. Бұл мерзімде клиенттер интернет және мобилді банкинг арқылы жеке шоттарындағы қаражаттарының 200 мың теңгесін ғана транзакциялай алады. Үшінші тұлғалардың мүддесі үшін жасалатын қаржылық операцияларға да осындай талап қойылған.

Банк салымшылардың жеке жинақтарын өз иелігінде ұстай тұруға бел буған тәрізді. Бұл үшін депозит иелерінің, оның ішінде жеке тұлғалардың құқығын шектеуге көшкен. Мұның айқын айғағы 2 мамырға дейін банк бөлімшелері бір клиентке бір аптада 1 млн теңге ғана беретін болды.

"Астана банкі" бұл қадамға клиенттерін сабырға шақыру үшін барған сияқты. Себебі өткен аптадан бері салымшылар банктегі есепшоттарын жауып, капиталдарын қайтара бастаған. Бұған елбасының: "Қазір "Эксим банк", "Астана банкі", Qazaq Banki сияқты банктердің көрсеткіштері өте нашар, акционерлері басқара алмай отыр, қарызға батқан, өз салымшыларының қаржысын қайтара алмай отыр, олар қалай жұмыс істемек? Мұның бәрін мемлекетке аудара салмақшы!" – деген сөзі түрткі болған тәрізді.

Айта кетейік, "Астана банкі" дебеттік төлем карталарын қолдануға ешқандай шектеу қоймаған. Қаржы институтының баспасөз қызметі халықты дүрлікпеуге шақырып отыр.

"Барлық салымдарды, ағымдағы шоттарды және жеке тұлғалардың карточкаларындағы ақшаларды Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қоры сақтандырады. Сақтандыру сомасы әр адамға 10 млн теңге", – деген хабарлама таратты банктің баспасөз қызметі.

Мұндағылардың мәлімдеуінше, "Астана банкі" барлық қаржылық операцияларды тиісінше орындайды. Тек алғашқы кезекте клиенттердің республикалық бюджетке төлеуге тиіс міндетті төлемдері мен еңбекақы және шәкіртақы төлеу жобаларына басымдық береді.

"Астана банкі" заңды тұлғалардың салымдарына қатысты міндеттерді де келісімшартқа сай атқарады. Бұл ретте заңды тұлғаларға қатысты барлық аударымдар мен төлемдер қаражаттың түсуіне байланысты транзакцияланып отырады", – деп хабарлады банктің баспасөз қызметі.

Естеріңізге салайық, "Астана банкі" бұған дейін президент Нұрсұлтан Назарбаевтың өздеріне бағыттаған сынына жауап беріп, шұғыл хабарлама таратқан. Онда: "Астана банкі" АҚ қазіргі таңда ҚР Ұлттық банкінің барлық пруденциялық нормативін орындап жатыр. Банк құрылғалы бері бірде-бір рет өз міндеттемелері бойынша дефолтқа жол берген жоқ", – деп мәлімдеген.

"Астана банкі" мемлекетке алақан жайып отырмағанын да алға тартқан.    

"S&P халықаралық агенттігі банктің рейтингін "B-/B" және "kzB+" деңгейінде растады. Банк алдағы уақытта да өз клиенттері алдындағы барлық міндеттемені толық орындауға ниетті", – деп жазылды БАҚ өкілдеріне жолданған хабарламада.

Банктің басқарма төрағасы Ескендір Майлыбаевтың мәлімдеуінше, 2018 жылдың алғашқы тоқсанында "Астана банкі" клиенттері мен серіктестерінің және кредиторларының алдындағы міндетін тиісінше атқарған.

Белгілі болғандай, бүгінгі таңда банктің репо келісімдері 60 млрд теңгені құрайды. 170 миллиардтан асатын несие портфелі кепілге қойылған бизнес-орталықтармен, жылжымайтын мүлікпен сақтандырылған. Қаржы ұйымының меншігінде құны 55 млрд теңгені құрайтын жылжымайтын мүлік нысандары бар.

"2018 жылдың алғашқы тоқсанында банктің активтері 339,7 млрд теңгеден 347,8 млрд теңгеге өсті. Бұл қажеттілік туған жағдайда банк жеке және заңды тұлғалар алдындағы барлық міндеттемелерін орындай алады деген сөз", – деді банктің басқарма төрағасы.

Бір қызығы, "Астана банкі" Ұлттық банктен займ сұраған. Қазір бұл сұрақ қарастырылып жатыр. Займ беріле ме, берілмей ме белгісіз. Өйткені президент Ұлттық банк қызметінің қорытындылары жөніндегі кеңесте банктерді сауықтыру бағдарламасы тоқтатылатынын мәлімдеді.

"Мемлекет 3 триллион теңгеден астам қаражат бөліп, банк жүйесіне бұрын-соңды болмаған қолдау көрсетті. Бұл ретте банктер тарапынан берілген несиенің көлемі артпай, 2017 жылдың соңында 12,7 триллион теңгені құраған. "Жұмыс істемейтін" несиенің үлесі – 10 пайыз. Биыл көрсеткіштері өте нашар банктерді сауықтыру жөніндегі Ұлттық банк бағдарламасы тоқтатылады. Акционерлері дұрыс басқара алмағандықтан бұл банктер қарызға батып, салымшылар алдында өз міндеттемелерін орындай алмады. Сол себепті көрсеткіштері нашар болды. Бұл жағдайдан қалай шығуға болады? Бұл банктерді сақтап қалу үшін акционерлер өздерінің жеке қаражатын құйып, кезінде олардан шығарып алған қаржыны қайтаруға тиіс", – деді мемлекет басшысы. 

Бұл екінші деңгейлі банктерге тықыр таянды, олар бұрынғыдай банкроттықтан құтқарылмайды, керісінше соған сұранып тұрса, банкроттыққа  ұшыратылады деген сөз.

Абылай Бейбарыс

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу