Салымшыларды қандай депозит қызықтырады?

Абылай Бейбарыс Абылай Бейбарыс
6137

Былтыр ұлттық валютамен 72 мың шот ашылды.  

Салымшыларды қандай депозит қызықтырады?

"Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қоры" (ҚДКБҚ) 2020 жылдың басында ұлттық валютамен ашылған жинақтау депозиттерінің үлесі 8,2%-ды, ал жедел салымдар 1,1% -ды құрағанын жариялады.
Белгілі болғандай, қазір екінші деңгейлі 16 банк салымшыларға жинақтау, 8 банк жедел салым депозитін ұсынып отыр.

Шетел валютасымен ашылған жинақтау депозиттерінің үлесі валюталық депозит портфелінің 4%-на, жедел салымдар 5%-на пара-пар. Салымшыларға екінші деңгейлі 13 банк – жинақтау, 12 банк – жедел салым депозитін ашу мүмкіндігін берген.

"Қаржы ұйымдарындағы барлық жинақтау депозиттерін зерделеген кезде олардың 70%-дан астамы теңгемен сақталғаны анықталды. Ал жедел салымдардың құрылымында 77% -ы – шетел валютасына, 23%-ы – ұлттық валютаға тиесілі болды. Былтыр ұлттық валютамен ашылған жинақтау депозиттерінің саны 14 есе өсіп, 72 мың шот ашылды. Оның 82%-ы салым салып отыруды талап етпейтін, мерзімі бір немесе одан көп жылды қамтитын, пайыздық мөлшерлемесі жоғары жинақтаушы депозит болды", – деп хабарлады ҚДКБҚ.

Салымшыларды жинақтаушы депозит қызықтырады екен. Себебі мұндай депозиттердің табыстылығы мол. Мысалы 2019 жылдың қаңтарында 24 айға жылдық мөлшерлемесі 13,5%-бен ашылған жинақтаушы депозиттің табыстылығы инфляциялық түзетулерге қарамастан 8,1%-ды құраған.

Екінші деңгейлі банк санының қысқаруы депозит нарығына кері әсерін тигізбеген. Бұл туралы қаржылық кеңесшісі Ғибрат Баймендин өз ойын ортаға салды.

"Депозиттерде теңгемен сақталатын ұзақмерзімді салымдар теңге бағамымен тығыз байланыста болады. Ұлттық валютаның бағамы өссе, банктерде теңгемен сақталатын салымдардың көлемі көбейеді. Керісінше, құлдыраса, депозитте теңгемен ақша ұстау көрсеткіші төмендейді", – деді ол.

Оның сөзінше, екінші деңгейлі банктер клиенттердің ақшасын айналдырып, пайда тапқысы келеді. Сол үшін ұзақмерзімді депозиттердің пайыздық мөлшерлемесін жоғары қылып қояды. Дегенмен тап қазір ел азаматтарының басым бөлігі депозитті ары кеткенде 1 жылға ашады.  Себебі оларға депозиттің дәл осы түрі ыңғайлы. Өйткені мұндай депозиттен ақшаны кез келген уақытта алуға болады.

"Ел азаматтарының едәуір бөлігі теңге бағамының құбылмалығынан қорыққандықтан депозиттегі жинағын шетел валютасымен сақтайды. Олар шетел валютасымен ашылған депозиттің пайыздық мөлшерлемесінен ұтылса да, уақыт өте келе бағамнан ұтамыз деп үміттенеді", – деді Ғибрат Баймендин.

Абылай Бейбарыс

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу