Шымкент әкімдігі банк алдында митинг өткізуге тыйым салды

7967

Азаматтар депозиттегі ақшаларын ала алмай жатыр.  

Шымкент әкімдігі банк алдында митинг өткізуге тыйым салды

Еліміздегі келесі бір қаржылық ұйым салымнан ақша алуды шектеді.

"АзияКредит банкі өткен жылдың күзінен бастап алдымен есепшоттардан қаржы шешіп алуды шектеді. Ал биылғы жылы, көктемнен бері салымшыларына ақшасын беруді тоқтатты. Банктің қызметкерлері мұны екі банктің бірігуімен түсіндіреді. Бұл үдеріс неге сонша созбалаңға түсіп кетті? Шексіз ұзата беруге бола ма екен? Салымшыларға жинағын бермеу келісімшарттық міндеттемені бұзу саналады. Банк саласындағы бірігулерден қарапайым азаматтар зардап шекпеуі керек. Банк саласына жауапты билік органдары мұны ескермейді", – дейді аталған банк клиенті Бейбіт Шерниязов.

Банк бұл мәселеде үнсіз: оның сайтында қаржылық ұйымның ағымдағы жағдайына, ең бастысы, салымдардағы қаражат қашаннан бастап еркін беріле бастайтынына қатысты ақпарат жоқ.

Салымшылар жарты жылдан астам уақытқа созылған осы сергелдеңнен әбден шаршағандарын айтады.

"Біз билік органдарынан осы мәселеге араласуын сұрадық. Алайда Ұлттық банк пен Қаржылық реттеу агенттігінің өкілдері тек қауқарсыз қол жаяды: банк – жекеменшік ұйым дейді. Ал банктің өзі осы меморгандардың шешімін күтіп отырмыз деп жалтарады. Сонда сала мүлдем реттеусіз, қадағалаусыз қалған ба?" – дейді Б.Шерниязов.

Бұл ретте Ұлттық банк пен агенттік "Банктер және банктік қызмет туралы" заңының 7-бабының 3-тармағына сәйкес, меморгандарға кез келген түрде екінші деңгейлі банктердің ішкі ісіне араласуға тыйым салынғанын алға тартады.

Банктің тағы бір клиенті Дәурен Жұмабаевтың айтуынша, оның шымкенттік салымшылары банк алдында қарсылық акциясын өткізбек болыпты. Алайда үшінші мегаполистің ары қарай карантинге жабылуына байланысты не митинг, не тіпті пикет өтпейтін болды.

"Шымкенттің бас санитарлық дәрігері биылғы 7 маусымда "Шымкент қаласы аумағында карантинді және шектеу шараларын ұзарту туралы" №20 қаулысын қабылдады. Соған сәйкес, бұқаралық іс-шаралар өткізуге және адамдардың бір жерде, бір нысанда және оның айналасындағы аумақта жаппай жиналуына қатаң тыйым салынады. Осыған байланысты Шымкент қаласының әкімдігі 2020 жылғы 9 маусымда пикет өткізуге жол бермеу туралы №345 қаулысын қабылдады", – деді Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов.

Қоғам белсендісі, Мұнай және газ ақпараттық талдау орталығының құқық департаментінің директоры Жандос Өстемір де осындай мәселеге кезігіпті. Ол 2018 жылғы ақпанда "AsiaCredit Bank"-іне екі жылға депозит ашады. Биыл алатын кезі келді.

"Бірақ 2020 жылғы 24 қаңтардан бері банк бөлімшесіне қайта-қайта барып, ақшамды қолма-қол ала алмай жүрмін. Көпбалалы әкемін, қазіргі қиын шақта өз қаражатымды отбасымның қажетіне пайдалана алмай жүргенім ауыр тиюде", – дейді ол.

Қоғам белсендісі банк қызметкерінің әрекетіне де бейразы.

"Онсыз да қаражатымды ала алмай қиналып жүргенде, АзияКредит банкінің елордадағы Мәңгілік ел көшесіндегі бөлімшесінің Меруерт деген қызметкері мемлекеттік тілде айтпайтынын, жауап бергісі келмейтінін дөрекі түрде жеткізіп, "не істесең оны істе" дегендей көзқарас білдірді. Осы мәселе бойынша банкке 29 мамырда шағым жаздым. Қызметкері клиенттің жағдайын жасау орнына оны кемсітіп, едіреңдеп, ұрыс шығаруға, алауыздықты қоздыруға дайын тұрды. Ол тіпті Ата заңға сәйкес, мемлекеттік тілі – қазақ тілі екенін ескермеді. Менің ұлттық ар-намысым мен қадір-қасиетімді қорлап отыр. Заң бойынша азаматты тiлдiк белгiсi бойынша кемсiтуге жол берiлмейтініне түкіргені бар", – дейді тіл жанашыры.

Қазіргі кезде елімізде небары 27 банк қалды. 2019 жылы бүкіл банк секторының таза табысы 811,9 миллиард теңгені құрады. Соның ішінде тек үшеуі – AsiaCredit Bank, Capital Bank Kazakhstan және Пәкістан Ұлттық банкінің еншілес банкі ғана ағымдағы табысы бойынша теріс көрсеткішке ие болды.

2019 жылы барлық комбанктер 14,7 триллион теңге несие бергені анықталды. Бұл 2018 жылғыдан 7,1% көп. Алайда АзияКредит банктің кредитінің көлемі ең көп төмендегені белгілі болды: 22 млрд теңгеге немесе 33% азайған болып шықты.

Былтыр бес банктің капиталы кеміді. 23%-дық ең көп құлдырау тағы да АзияКредит банкінде тіркелді.

Forbes дерегінше, "Asia Credit Bank" АҚ-ының шығыны (убыток) өткен жыл қорытындысында 6,06 млрд теңгені құрапты.

2019 жылдың 24 шілдесінен бастап, Орифджан Шадиев осы банктің жалғыз акционеріне айналды. Бұған дейін банктің қожайыны Нұрбол Сұлтан болыпты. Биылғы жылғы наурыз айында Asia Credit Bank пен Capital Bank Kazakhstan банктерінің бірігу процесі басталды. Бұрын олармен Tengri Bank те қосылуы тиіс еді. Дегенмен, Тенгри банктің 41,64 пайыз акциялар пакетіне ие Үндістанның Punjab National Bank банкі бұдан бас тартты. Қалған қос банк бірігу үдерісін одан әрі жалғастыра беретіндерін мәлімдеді.

"Capital Bank Kazakhstan"-ның 100%-дық акционері – Орифджан Шадиев. Оның активінің көлемі 75 млрд теңгені құрайды. Capital Bank 2019 жылды 2,37 млрд теңге шығынмен аяқтапты.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу