Қазақстандықтардың қарызы қанша?

Абылай Бейбарыс Абылай Бейбарыс
7074

Екінші деңгейлі банктер халыққа берген қарызын қайтара алмай жүр.  

Қазақстандықтардың қарызы қанша?

Ұлттық банктің дерегінше, 2020 жылғы 1 қыркүйектегі жағдай бойынша еліміздегі қаржы институттарының активі 29,5 трлн теңгеге жетті. Ал несие портфелі 500 млрд теңгені құрады. Бұл – ел азаматтары қарыз қамытын киіп жүр деген сөз.

Өтеу мерзімі 90 күннен асқан борыш көлемі 8,7% ұлғайып, 120 млрд теңгеден асқан. Халыққа берген қарызын қайтарып ала алмай жүрген қаржы институттарының қатарына Capital Bank, Tengri Bank, AsiaCredit Bank және Jysan Bank қосылған. Бұлардың арасында теріс көрсеткішпен Capital Bank пен Tengri Bank көш бастап тұр.

"Экономиканы несиелендіру көрсеткіші құлдырап барады. Банкирлерді әдеттегідей экономиканың нақты секторын қаржыландырмайды деп жазғырып жатыр. Мұның бірнеше себебі бар. Біріншіден, күмәнді қарыз сұраушылар көп. Коронавирус төлем қабілетін растай алатын сұранысты төмендетті. Екіншіден, жаңа жоба жоқ. Өйткені дәл қазір жаңа инвестиция ешкімді қызықтырмайды. Үшіншіден, пайыз мөлшері тым жоғары. Биыл осының барлығы банк секторын тығырыққа тірейді, олар шығынға ұшырайды", – деді "Қазақстан Халық банкі" АҚ басқарма төрағасы Үміт Шаяхметова.

Оның сөзінше, банктер құнды қағаздар нарығында белсенді емес. Олар үшін негізгі қаржыландыру көзі – капитал мен депозит.

"Үкімет пен Ұлттық банк инфляция мен базалық мөлшерлемені төмендетуі тиіс. Бұлай болмаса жағдай жақсармайды", – деді басқарма төрағасы.

Оның айтуынша, биыл заңды тұлғалардың қарыз алу көрсеткіші 19% төмендеген.

"Қарыз алу көрсеткіші бөлшек сауда есебінен ғана өсіп жатыр. Мұндағы тұрақты қарыз портфелі 12-13 трлн теңгенің шамасында болып тұр. Нақты сегментке келсек, корпоративтік несие алу көрсеткіші түсіп, тұтыну несиесі артты. Шағын және орта бизнесті несиелендіру мемлекеттік бағдарламалар аясында ғана атқарылып жатыр. Жалпы алғанда қолдау шараларына

4 трлн теңгеден астам қаржы қарастырылды. Негізгі инвестиция мұнай-газ саласына бағытталып жатыр. Ауыл шаруашылығы саласы басымдыққа ие емес", – деді Үміт Шаяхметова.

Басқарма төрағасының түсіндіруінше, мемлекеттік қолдау банкроттықтың алдын алады, бірақ экономиканы қайта құрылымдап, тиімділігін арттырмайды.

"Нарықты сапасыз компаниялардан тазарту қажет. Қаражатты қайтарымы  бар жобаларға жұмсаған жөн. Мысалы логистика, санитарлық, ветеринарлық бақылау және экспорт саласы. Менімше, әзірше төлем қабілетінің төмендеуі жалғасады. Бұрынғы қалыпқа келу баяу жүреді. Атап өтейін, экономиканы қолдан басқару көп жағдайда тиімді болмайды", – деп түйді ойын Үміт Шаяхметова.

Абылай Бейбарыс

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу