Ұлттық Банк басшысы: Мандат беру сиқырлы таяқша ұстатқанмен тең емес

1701

"Эксклюзив" бағдарламасында Ұлттық Банк төрағасы Ғалымжан Пірматов инфляцияға қатысты болжам, базалық мөлшерлеме туралы шешім қашан қабылданатыны және қаржы институттары қаншалықты тұрақты жұмыс істейтіні туралы айтып берді, деп жазады inbusiness.kz порталы.

Ұлттық Банк басшысы: Мандат беру сиқырлы таяқша ұстатқанмен тең емес

– Базалық мөлшерлеменің өсуі – Ұлттық Банктің ең бір сынға қалатын тұсы, әсіресе депутаттық корпус шүйлігетін тармақ. Базалық мөлшерлемені көтергеннен қандай экономикалық әсер болады деп күтесіздер? Несие алу азая ма немесе теңгемен сақталған депозиттерді аз шешіп ала ма?

– Оңай сұрақ емес. Ұлттық банктің басты міндеті – қазақстандықтардың әл-ауқатын қорғау. Олардың күнделікті кірісі мен жинағын құнсызданудан сақтау. Ақша-несие саясаты сұранысқа әсер етеді. Баға деген сұраныс пен ұсынысқа байланысты қалыптасады. Біз инфляцияның үдеп бара жатқанын түсініп, базалық мөлшерлемені 14%-ға көтердік. Бұл шешім сәуір немесе мамырдағы инфляцияны төмендету емес, теңгені қолдау үшін шықты. Үй шаруашылығы мен бизнестің жинақ әрекетін ынталандыру үшін. Бұл болашақта инфляцияның өсу қарқынын төмендетуге көмектеседі.

– Бұл базалық мөлшерлеме (14%) қанша уақыт тұрады?

– Болжамды раундтың нәтижесіне қарап базалық мөлшерлемеге қатысты шешімді 6 маусымда жариялаймыз. Әзірге ставка қалай болатыны туралы болжам жасамаймын. Бізде, әлемде экономика не болып жатқаны, инфляция не болып жатқанына қарасақ, біраз уақыт жоғары базалық мөлшерлемемен жүре тұруға тура келеді деп ойлаймыз.

– Базалық мөлшерлеме өскен жағдайда экономиканың даму қарқыны төмендейді. Депутаттық корпус Ұлттық Банкке қос мандатты бекітуді ұсынды, яғни егер Ұлттық Банк базалық мөлшерлемені көтерсе, онда экономиканың дамуын да бақылап, жауап беруі тиіс. Бұған не дейсіз?

– "ҚР Ұлттық Банкі туралы" заң бойынша, біз ақша-кредит саясатын жүргізе отырып, Үкіметтің экономикалық саясатын ескереміз және оны ілгерілетуге ықпал етеміз. Бірақ біздің басты міндетіміз – қазақстандықтардың табысын құнсызданудан сақтау. Қос мандат туралы мәселе өте кең таралған. Әлемнің көптеген елдерінде бұл мәселе көтеріліп жатыр.

– Мысалы, АҚШ.

– Экономикасы өте дамыған бірнеше ел бар, оларда Орталық банктің мандаты баға тұрақтылығынан екі есе немесе одан да кеңірек. Бірақ іс жүзінде бұл елдерде бағаның тұрақтылығы негізгі мандат болып табылады. Олар, бәрі бірдей, инфляцияны ұстап тұруға тырысады. Ұлттық банк ретінде бізде экономиканың өсуіне тікелей әсер ететін ерекше құралдар жоқ.

– Меніңше, мұны ұсынушылар жауапкершілікті өзінен ысырып тастағысы келетін секілді.

– Олардың логикасы өте қарапайым. Ұлттық банк базалық мөлшерлемені төмендетуі керек, сонда экономикадағы ақша құны төмендейді, банктер төмен мөлшерлемелермен несие бере бастайды, бизнес пен үй шаруашылығы көбірек несие ала бастайды. Бизнес даму үшін қаражат сала бастайды, үй шаруашылықтары көбірек тұтынуды бастайды. Осылай дейді. Бірақ бұл тізбек бірнеше жерде бұзылады.

Біріншісі – экономикадағы ақша құны. Егер базалық мөлшерлемені жоғары инфляция кезінде төмендетсек, онда теңгеге деген сенім төмендейді. Үй шаруашылықтары өз жинақтарын теңгемен ұстамай қояды, экономиканы долларландыру басталады. Бұл банктердің теңгелік депозиттері және экономиканы несиелендіру мүмкіндігі болмайды деген сөз.

Екінші – алшақтық. Егер мөлшерлеме аз болса, банктер экономикаға көбірек кредит береді деген пікір бар жерде жүріп жатыр. Несиелік нарық соншалықты реттелген, онда баланс мөлшерлеме мен сұраныс есебінен емес, банктердің несие ұсыныстары есебінен сақталады. Банк те несие валютасына, яғни теңгеге сенуі керек.

Үшіншісі – бізде 2000 жылдардың басында несиелік бум болды. Міне, бұл елес, несиелік бумда экономика өседі деп жаңылыстырады. Барлығы несие алса, бәрі өседі. Сондықтан біз мұны Парламентпен талқылаймыз. Мандат қосып беру деген сиқырлы таяқша екен деп адамдар алданып қалғанын қаламас едім. Инфляция әлі де жоғары болады деген қатер тұрғанда, шынын айтсақ, төмен мөлшерлеме – жоғары инфляциямен жұмыс істегіміз келмейді.

– Неліктен Ұлттық банк алдағы жылға инфляцияның сандық болжамын ұсынбайды?

– Біз базалық мөлшерлеме бойынша сегіз жоспарлы шешімді алдын ала, яғни бір жыл бұрын жариялап отырамыз. Олардың төртеуі толыққанды болжамды раундтарға негізделеді, содан кейін негізгі макроэкономикалық параметрлер бойынша болжамның сандық параметрлерін жариялаймыз. Ақпан айында біз болжамымыздың сандық параметрлерін жариялау керек болатын болжамды кезеңді аяқтадық. Бірақ ақпан айының соңында жағдай күрт өзгерді, сосын күн сайын құбылды, сондықтан соғыс басталғанға дейін дайындалған болжамдарды жарияламауға шешім қабылдадық. Сәуір айында аралық болжамдар болды. Міне, 2022 жылдың 6 маусымында шешім қабылданады. Содан кейін біз ағымдағы және 2023 жылдарға арналған макроэкономикалық болжамдарымызды жариялаймыз. Шын мәнінде, бәрі жоспарлы түрде жасалады.

– Бүгінде валюта нарығында не болып жатқанын көп адам түсіне бермейді. Қаңтардан бері доллар бағамы 514 теңгеден 416 теңгеге дейін өзгерді. Сіз мұндай болады деп ойладыңыз ба?

– Біз еркін өзгермелі айырбас бағамы саясатын ұстанып келдік, және ұстана береміз. Курс көптеген факторлардың жиынтығын қалыптастырады. Негізгілері – сұраныс пен ұсыныс, нарық қатысушыларының сол кездегі күтулері. Бұл сыртқы факторлар. Валютаға сұраныс көлемі, базалық мөлшерлеме бойынша шешімдер. Осы факторлардың жиынтығында теңге биылғы жылы айтарлықтай құбылмалылық көрсетті. Соғыс басталғаннан кейін бастапқыда сыртқы нарықтардағы жағдай айтарлықтай өзгергенін көруге болады. Геосаяси қатер қалыптасып, нарық қатысушыларының күтулері өзгергені түсінікті. Сондықтан ақпан айының соңы – наурыздың басы өте шиеленісті кезең болды. Естеріңізде болса, теңге 500 теңгеге дейін және одан жоғары көтерілген. Мұндай жағдай барлық адам доллар сатып алуға тырысты, содан бастап баға да жоғары кетті.

– Иә, стандартты жағдай жоқ, болжау қиын. Бірақ бүгінгі доллар бағамы 416 теңге — бұл ең төменгі шегі ме, әлде тағы өзгере ме?

– Факторлар көп. Халық тарапынан жайлылықтың белгілі бір деңгейі бар, сұраныс азайды. Қараша-желтоқсан айларында валютаға үлкен сұраныс болды, содан кейін наурызда да болды. Біз интервенцияларымызды соңғы рет 18 наурызда, Наурыз мейрамының алдында жасадық, бұл ең қызу апта болды. Нарыққа белгілі бір тыныштық деңгейін беру керек екенін түсіндік. Содан кейін рубль қатты өзгерді, ал ресейлік ақша билігі белгілі бір шараларды енгізді. Содан бері рубль қатты нығайды. Мүмкін, кейінгі 5-6 жылда теңгенің рубльге қатысты белгілі бір деңгейі қалыптасты, біз оған үйреніп қалдық.

– Бұл жұп: біреуі беске, біреуі алтыға.

– Иә, осы көрсеткіштердің айналасында тәуелділік орын алды. Біз бастапқыда рубль бағамының өзгеруіне қарамастан, теңге рубльдің долларға қатысты бағамымен не болып жатқанын сызықтық түрде қайталаудың қажеті жоқ деп айттық.

Теңге рубльге қатысты нығайған кез болды, қазір ол керісінше әлсіреді. Рубльге не әсер етеді? Олар капитал қозғалысына жеткілікті күшті бақылау енгізді. Үлкен экспорттық кіріс. Ресей Федерациясы мұнайды айтарлықтай жеңілдікпен сатқанына қарамастан, энергия бағасы айтарлықтай жоғары, экспорттық кірістер үлкен. Импорт сәуір айында күрт төмендеді. Капитал қозғалысына шектеулер енгізілді. Осы ортада Ресей Федерациясының Орталық Банкі еркін валюта саясатын ұстанып келеді. Бұл ортада экспорттаушылар валюталық кірісті сатуға мәжбүр болған кезде валютаға сұраныс күрт төмендеді, өйткені капитал қозғалысы шектеулі, импорт азайды. Міне, осы ортада рубль айтарлықтай нығайды, бұл бізге де әсер етеді.

Қазақстанда наурыз айынан кейін валютаға сұраныс күрт төмендеді, бізде валюталық түсім бойынша жақсы көрсеткіштер бар, біз экспорттайтын энергия көздерінің бағасы жоғары, базалық мөлшерлемені көтердік. Нарық қатысушыларының бағам бойынша күтулері айтарлықтай оң және мұның барлығы қазір долларға шаққанда 416 теңге бағамына әсер етеді. Сонымен қатар, салық аптасы да әсер етті. Қазір экспорттаушылар салық төлеу үшін валюта сатады. Болып жатқанның бәрі, әрине, курсқа әсер етеді, бірақ минимум көрсеткіш осы немесе басқа деп айтпас едім, өйткені біз еркін айырбастау бағамын ұстана береміз.

– Көптеген сарапшы, егер біз рубльге байланыстырудан бас тартсақ, қазақстандық нарықтағы бұл құбылмалылықтың алдын алуға болар еді деп айтады. Техникалық жағынан мүмкін бе?

– Мен рубльмен байланыстырдық деп айтпас едім. Ақпаннан мамырға дейін рубль/теңге бағамының қалай өзгеретінін қараңыз. Басында ол рубль үшін 4 теңгеге дейін кетті, қазір рубль үшін 7 теңгеге дейін көтерілді. Құбылмалылық әлемдегі жағдайға байланысты ғой.

– Бірқатар сарапшылар пікірінше, Ұлттық банк теңге-рубль бағамын жасанды түрде көтеріп отыр.

– Біз валюта нарығына өте ашық түрде қатысып отырмыз. Алтын-валюта резервтері бойынша трансферттерді қамтамасыз ету үшін Ұлттық қордың қанша сатқанын ашып көрсетеміз. Валютаны сатып алу мен сатудың барлығы ашық.

– Ұлттық банк төрағасы ретінде сіз бүгін қаржы нарығындағы жағдайды қалай сипаттайсыз?

– Менің ойымша, Украинада болып жатқан оқиғаларға жеткілікті дайындық, күшті тұрақты қаржы жүйесімен келдік. Бұл бізге көмектеседі. Иә, сын-қатерлерді көріп отырмыз, бірақ қаржы жүйесі оған шыдайды. Болашақта бізді не күтіп тұр, әрине, ешкім айта алмайды. Бірақ жағдай айтарлықтай тыныш, қандай сын-қатерлер мен тәуекелдер барын көріп отырмыз. Біздің қаржы институттарымыз тұрақты жұмыс істеп келеді.

Жасын Қалибек

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу