Жәнібек Айғазин: Ұлттық банкте халықтың өтемақысын тікелей төлейтін мандат жоқ

3726

Үкімет пен Ұлттық банк теңгені құнсызданудан қорғаудың түрлі тәсіліне жүгініп жатыр.

Жәнібек Айғазин: Ұлттық банкте халықтың өтемақысын тікелей төлейтін мандат жоқ

Бұған Қаржы реттеушісінің 137 млн долларға валюталық интервенция жасауы, ақша-кредит саясаты жөніндегі комитеттің базалық мөлшерлемені 13,5%-ға дейін арттыру туралы кезектен тыс шешім қабылдауы және теңгедегі депозиттерге 10% өтемақы төлеу бағдарламасын іске қосуы дәлел деп хабарлайды inbusiness.kz.

Шұғыл шешімнің қабылдануына қаржы нарығындағы геосаяси тәуекел түрткі болды. Жоғарыдағы амалдар қаржы нарығының тұрақтылығын қамтамасыз ету және теңгемен ашылған депозиттердің тартымдылығын арттыру үшін қажет.

Нақтылай кетейік, депозитті теңгемен толықтырып отырған азаматтарға шартта көрсетілген мөлшерлемеден бөлек, 10% қосымша сыйақы беріледі. "Теңгедегі салымдарды қорғау" бағдарламасына екінші деңгейлі банктер мен "Отбасы банкі" АҚ-да кешегі күнге дейін ашылған депозиттер қатысады.

Атап көрсетерлігі, сыйақы жинақ сомасы 20 млн теңгеден аспайтын салымдарға бір рет есептеледі. Ддепозиттегі ақша  2023 жылдың 24 ақпанына дейін депозитте сақталуға тиіс.

Біз мәселенің мән-жайын анықтау үшін Қолданбалы экономика зерттеу орталығының бас директоры Жәнібек Айғазиннің пікірін білдік.

"Бұл фискалдық ынталандырудың стандартты емес шарасы. Адамдар теңгеге сеніп, ұлттық валютада депозит ашқанына кінәлі емес. Қаржылық тұрақтылықты қамтамасыз ету – Ұлттық банктің міндеті. Дегенмен ол доллар бағамын емес, инфляцияны таргеттейді. Бұл жерде мәселе моральдық сипатқа ие. Неге бұл ақша бюджет есебінен, салық төлеушілердің ақшасы есебінен төленеді? Депозит жоқ адамдар да бар. Демек өтемақы жеке табыс салығы мен жұмыс беруші төлейтін әлеуметтік салық есебінен жүргізіледі. Ұлттық банкте халықтың өтемақысын тікелей төлейтін мандат жоқ. Бұл жерде ұлттық валютаға деген сенімді қолдау және бағам айырмасы есебінен түсетін табыстың орнын толтыру мәселесі тұр. Біз Ресей экономикасының толық санкциялануымен тарихта алғаш рет кездесіп отырмыз. Бұл бізге тікелей әсер етеді", – деді бас директор.

Жәнібек Айғазиннің айтуынша, осы тұрғыдан алғанда, макроэкономикалық саясат стандартты емес шараларды қабылдауға мәжбүр.

"Бұл шараны бір жағынан стандартты, екінші жағынан стандартты емес деп атауға болады. Бізде теңгедегі депозиттердің үлесі басым. Адамдар ұлттық валютаға сенеді. Ел азаматтары депозиттердегі теңгелерін алуға асығып жатқан жоқ. Бұған Ұлттық банктің базалық мөлшерлемені 13,5%-ға дейін арттыруы да ықпал етті. Бұған қоса Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қоры депозит бойынша мөлшерлемені көтереді", – деді Жәнібек Айғазин.

Айбын Асқарұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу